
Техника тапшы, бірақ қыстақта пішен жетеді
Жыл сайын қыс маусымына айрықша дайындықпен кірісетін шаруалар бүгінде алдағы қысты ойдағыдай өткізіп, қапы қалмаудың қамында. Шынында, дәл қазіргі мезгіл – атакәсіппен шұғылданатын малды ауылдағы мазасыз шақ.
Мәселен, аймақтағы малды өңірлердің санатындағы Исатай ауданында ірі сабақты мал азығының көлемі – 81 200 тонна. Қажетті жем-шөптің 65-70 пайызы Құрманғазы, Қызылқоға аудандары мен көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тасымалданса, қалғаны аудан аумағындағы Каспий теңізі жағалауы мен Нарын құмынан әзірленген. Мал азығын дайындауға негізінен шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар атсалысып, техникамен, қол күшімен үлес қосқан.
– Нарық талабына сай, алыс-жақыннан шабылған шөптің халыққа белгілі бір бәспен сатылатыны мәлім. Айталық, бір байлам шөптің бағасы салмағына, сапасына, сақталуы мен тасымалданған жердің ара қашықтығына қарай 8-12 мың теңгенің аралығында белгіленді. Халықты қолжетімді бағада мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында осы шаруаға маманданған, қолында күш-мүмкіндігі бар кәсіп иелерін тарту да тәжірибеге енген. Сол үшін де әкімшілікпен арада ынтымақтастық орнап, екіжақты меморандумға қол қойылды. Сол мәмілеге сәйкес, кәсіпкер тұтынушыға белгіленген бағадан асырмай, сұраған көлемі мен уақытында жеткізіп беруі тиіс. Бұл – мал шаруашылығын өркендетуге өзіндік үлес қосуға ниетті шаруашылықтарды қолдауға бағытталған нақты қадам. Және бұл үрдісті алға қарай дамытып, жалғастыра бермекпіз. Бұған қоса, атакәсіпті түлетіп, төрт түлікті өз төлі есебінен көбейтіп, өнімін молайтуға бет бұрған ауыл кәсіпкерлерін субсидия, жеңілдетілген несие, мемлекеттік грант түрінде қаржылай қолдау шаралары жыл санап қайтарымын беріп келеді, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов.
Қағазда көне техника көп
Жинақталған мал азығы қоры мен жасалған қарекетке қарағанда, аудан тұрғындарының сын кезеңге тыңғылықты дайындықпен келіп отырғанын аңғару қиын емес. Әйтсе де, оларды толғандыратын өзекті мәселе де жоқ емес. Соның бірі – қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткені. Қазір аудан бойынша 442 көлік-техника тіркелген. Алайда, жарамсыздық деңгейі 65 пайызға жеткен. Яғни, осынша техника есепте болғанымен, пайдаланусыз тұр деген сөз. Ал жаңасын сатып алу қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді.
Мамандардың түсіндіруінше, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – кезең-кезеңімен тозған техниканы жаңарту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілеріне субсидия, төмендетілген қайтарым пайызымен несие беру, өзге де ынталандыру жолдарын ойластыру. Тек сонда ғана қордаланған проблема оң шешімін тауып, ауылдағы шаруаның алға басары анық.
Дәулетқали АРУЕВ,
Исатай ауданы



