Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Сын сағатта сыр бермейік!

Қаңтар айы да өрмек жүзінен ауып, қытымыр қыс жылдағыдан гөрі қаһарына мінді. Осынау маңызды маусым, мазасыз шақты малшылар қауымы қалай өткеруде, олардың сын кезеңдегі қарекеті қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп, облыстағы малды өңірлердің бірі – Қызылқоға ауданындағы ахуалға назар аударып көргенбіз.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мұратбек Боранғалиевтің сөзінше, бүгінде ауданның агроөнеркәсіп кешенінде 1 өндірістік кооператив, 2 агрофирма, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 ауыл шаруашылығы өндірістік коооперативі және 537 шаруа қожалығы бар екен. Олардың көпшілігі төрт түлік өсірумен шұғылданады. 

Жемшөп тапшы емес

– Қыстық жемшөптің бағасын тұрақтандырып, мал азығының берік қорын жасақтау үшін осы шаруамен айналысуға ниетті 60-қа тарта шаруа қожалығы мен әкімдік арасында меморандум жасалды. Салмағы мен сапасына, көлемі мен тасымалданатын учаскенің қашықтығына байланысты бір байлам шөптің бәсі 4 500-7 000 теңге аралығында белгіленді. Ал, кебек жемнің бір келісі – 110 теңге, арпадан дайындалғанының құны – 132 теңге. Тасымалданып әкелінетін жердің алыс-жақындығына қарамастан жергілікті әкімдік пен кәсіпкердің арасындағы келісім-шарт негізінде аудандағы 13 сауда нүктесінің бәрінде жем қолжетімді бағада сатылып жатыр, — дейді сектор меңгерушісі.

Асыл тұқымды түліктен табыс мол

Тұқымы асыл түліктің табысы да мол болатыны тәжірибеден белгілі. Сол себепті ауданда үлгі етуге тұрарлық істер бар. Осы мақсатта шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдау да аз емес. Айталық, асыл тұқымды түлік сатып алу, тұқымдық түрлендіру мен селекциялық жұмыстармен шұғылдануға ниетті 86 шаруашылық субъектісіне 282 миллион теңге сомасында субсидия берілген.

Инвестициялық салымдарды игеру кезінде тосын жағдайлардан зиян шеккен шаруашылықиапдың шығынын өтеп, құдық қазуға және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қазынадан қайтарымсыз қаржы бағытталған.

Бақташы мен тракторшы тапшы

Науқанды жұмыстарға, соның ішінде мал қыстату барысында пайдаланылатын 35 трактор мен 37 ауыл шаруашылығы техникасын алуға лизингтік жүйемен, сондай-ақ жеңілдетілген несиелеу жолымен қолдау көрсетілген. Бұл мақсатқа 693 миллион теңге жұмсалған.

Тоқтала кетер жайт, ветеринар мамандар жеткілікті десек те, облыста мал бағатын шопан, бақташы, механизатор тәрізді жұмысшы мамандар тапшы екен. Сөйте тұра бағымдағы мал басы дін аман, қора-қопсысы бүтін, су ішетін құдығы да сайлы. «Қамданған қапы қалмас» демекші, тыңғылықты дайындалғандықтан қызылқоғалық малшылар соңғы кездері күннің күрт суытқанын, ара-тұра соққан қарлы боранды да елең қылмай, сын шақта сыр бермей келеді.

Қыстан қысылмайтын, қоры мол өңір.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button