Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Қысқа қамданыстың қарқыны жақсы

Ауыл шаруашылығындағы маңызды да жауапты маусымның бірі – төрт түлікті қыстан аман алып шығу. Облыстағы малды өңірлердің бірі – Индер ауданында науқанға дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов алдағы қыста ауданда 29 977 сиыр, 97 950 бас қой-ешкі, 20 787 жылқы, 5318 түйе барлығы 154 мыңнан астам мал қыстаққа түскелі отыр. Осынша түлік 285 орында қыстатылады.

– Қыстаққа қатынайтын дала жолын қар басып, боран соқса оларды аршып, тазалайтын қуатты техникалар әзір. Олар – ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде. Қосымша шаруашылық құрылымдарының меншігіндегі техникалар да дайын. Каналдарға желтоқсан айына дейін су айдалып, арнасы толтырылады. Қыстақ орындарында малға қажетті пішен жеткілікті, мал суаратын құдық та бар. Тіпті, малшы үйлері мен қора-қопсыға да жөндеу жасалған. Шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтар қыстық азықпен түгелге жуық қамтылды, — дейді бөлім басшысы.

Пішеннің бір бөлігі көршілес аудандардан дайындалыпты. Индерлік шаруалар соңғы жылдары қырлықта өскен ірі сабақты шөптен бөлек, екпелі мал азығын өсіру дәстүрін қайта жаңғыртты. Бүгінде өңірде канал бойына жақын орналасқан бірнеше шаруашылық құнарлы мал азығы ретінде ерекшеленетін көпжылдық жоңышқа өсіріп келе жатыр.

Ауданда құрама жем дайындайтын кәсіп иелері де бар. Мәселен, Индербор кентіндегі жеке кәсіпкерлер Арман Қалқаманұлы, Әлия Дүйнебаева мен «Карат» ЖШС (Атырау қаласы) сұранысқа сай жергілікті шаруа қожалықтары мен тұрғындарды кебек жеммен қамтамасыз етіп отыр. Мұндай іскерлік байланыс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button