Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Мал қыстату – маңызды маусым

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Атырау облысында 2025-2026 жылдарға арналған мал қыстату науқанына 605 мың тонна ірі сабақты мал азығы мен 44,5 мың тонна құрама жем қажет. Былтырдан қалған шөп қоры – 81,9 мың тонна. Соны есепке алғанда, биыл дайындалуы тиісті шөптің нақты көлемі – 523,1 мың тонна. Бұған қоса 3 мың тонна сүрлем әзірлеу жоспарланған. Облыс аумағында 90-ға жуық ірі шаруашылық пен жеке кәсіпкер мал азығын дайындаумен айналысып отыр.

Мал азығын уақытылы әрі жеткілікті дайындау мақсатында аудан әкімдіктері жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Техникамен қамтамасыз етіп, қоймалар дайындау, шөп пен сүрлемнің белгіленген мерзімде қамтамасыз етілуі – басты назарда. Ірі сабақты мал азығының құны өнімділікке қарай әр ауданда әртүрлі. Мәселен, жергілікті шабындық алқабынан дайындалған бір байлам шөптің бағасы 5500-7000 теңге аралығында болса, тасымал шығындары қосылған жағдайда бұл сома 8000-10000 теңгеге дейін қымбаттады. Науқанға облыста барлығы 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы мен 53 мыңға жуық жеке үй шаруашылығы қамтылған.

Қызылқоға. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпееваның айтуынша, аудан бойынша қыстаққа түсетін малға қажетті азық көлемі – 138450 тонна. Оның 27367 тоннасы былтырдан қалыпты. Соны есепке алғанда биыл нақты дайындалуға тиісті пішен көлемі 111 мың тоннадан асып отыр. Күні бүгінге дейін дайындалғаны 104256 тонна немесе 94 пайыз. Мал азығын дайындауға аудан бойынша 150 трактор, 35 автокөлік, 133 тіркеме, 129 шөп шабу агрегаты, 266 орақ, 231 адам күші жұмылған. Елді мекендер бойынша ең жоғары көрсеткіш Көздіғара ауылдық округінде – 98,5 пайыз. Одан кейінгі орындарда Жангелдин (97%), Тайсойған (95,7%) келеді.

– Аудандық жер комиссиясының шешімімен 34100 гектар жер шабындық мақсатында 6 ауылдық округке бөлінген. Осы учаскелерден шаруа қожалықтары мен жекелеген шаруагерлер қыстық мал азығын дайындап, сатады. Мал азығының бағасы тасымал қашықтығына және салмағына байланысты 4500-7000 теңге аралығында бекіді. Округтердегі аз қамтылған отбасыларға шаруашылық иелері көмек қолын созып мал азығын түсіріп беруде. Округ әкімдіктері пішеннің мол әрі сенімді қорын жасактау мақсатында ірі шаруашылықтармен меморандумға отырды, — дейді бөлім басшысы.

Құрманғазы. Қиғаш бойын қоныстанған ауданда барлық меншік нысандары бойынша 86500 сиыр, 175450 қой-ешкі, 42100 жылқы және 5200 түйе қыстаққа түседі деп жоспарлануда. Осынша малға қажетті азық көлемі – 164500 тонна. Былтырдан қалған 33449 тонна мал азығын есепке алғанда, биылға қажетті нақты көлем 131 мың тоннадан астам. Осының тең жартысына жуығы тұрғындардың күшімен әзірленгенін атап айтқан жөн.

Салалық бөлім мамандарының мәліметінше, дайындалуға тиісті пішеннің 55 мың тоннадан астамы Азғыр өңірінде орналасқан ауылдық округтердің аумағынан қамтылған. Бұл жоспарланған мал азығының 42 пайызына тең. Нақтыласақ, осы өңірдегі Сүйіндік ауылдық округі бойынша 12720 тонна, Азғыр ауылдық округінің өзінен 11384 тонна, Асан ауылдық округінің шабындық алқабынан 17307 тонна шөп әзірленіпті. Қазірге дейін ауданда 120566 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалып, жоспар 92 пайыз орындалған.

Аудан бойынша 13413 гектар шабындық жердің 2803 гектары босалқы учаскелердің санатына кіреді. Науқанға 25 автокөлік, түрлі маркадағы 126 трактор, 225 тіркеме және 205 ауыл шаруашылығы агрегаты мен 21 бригадаға топтастырылған 110 адам қатысты. Ауылдық округтердегі шөп дайындаушылар мен жергілікті әкімдіктер арасында мал азығының бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде меморандум бар. Соған сәйкес бір орама 7500, ал бір тонна пішен 30 мың теңгеден сатылуда.

Облыс бойынша сын кезеңге қамданыс өз деңгейінде өткізілуде. Дайындық шаралары шөп шабумен ғана шектелмей, қыстақ орындары мен малшы үйлерінің жай-күйіне де тиісінше көңіл бөлінуде. Пішеннің қора басына толық тасымалданып, жеткілікті көлемде қамтылуына, су ішетін құдықтың дайындығына да ден қойылған.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button