
Күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталады
Биыл Махамбет ауданында 70-тен астам шаруа қожалығы мен тұрғындар бекітілген алқаптары мен аулаларында егін егіп, бау-бақша өсірді. Енді жаз бойғы еңбектің есесі, маңдай тердің өтеуі қайтар, егінжай ырыздығын ысырапсыз, шашаусыз жиып алар шақ туды. Ал егіні көптің еншісі де мол боларын мезгілдің өзі меңзеп отыр.
Биыл ауданда 219 гектар жерге картоп, 1036 гектар алқапқа көкөніс, 516 гектарға бақша және 3311 гектар алқапқа малазықтық дақылдар егілді. Барлығы 5082 гектар егіс көлемі – былтырғы көрсеткіштен екі есеге жуық артық. Былтыр су тасқыны салдарынан аудан бойынша егіс көлемі барлығы 2388 гектар болған еді. Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын егіндіктің көлемі 1771 гектарға жеткен. Жаңбырлатып суару тәсілімен күтілетін егіс алқабының да аумағы айтарлықтай ұлғайған.
Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевтың айтуынша, бұл күнде өңірде шілде айынан басталған жиын-терім науқаны мәресіне таяған. Қазан айының ортасына дейін егін егілген 4 600 гектарға жуық жердің ырыздығы ысырапсыз жиналып, одан жалпы көлемі 72 мың тоннадан астам өнім алынған. Тарата айтқанда, картоптан – 3114, көкөністен – 32958, бақшадан – 20940 және мал азықтық дақылдардан – 15120 тонна өнім жиналды. Күзгі жиын-терім жұмыстары қараша айының басында толық аяқталуы тиіс. Тілге тиек етерлік жай – «Дастан» мен «ҚызанақАгро» шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындар есебінен 60 шақты адамды маусымдық жұмысқа жұмылдырған.
Д.АРУЕВ
Махамбет ауданы
Сурет: gov.kz



