
Биыл Исатай ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 98% құрады
Он айдың қорытындысы бойынша Исатай ауданында өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 117,3 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,5 млрд теңгені құрады. Бұл туралы аудан әкімінің аппараты басшысы Арманбек Махмутов мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауданда 1 600-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың 1 547-сі белсенді жұмыс істеп, екі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Биыл 5,7 мың тонна ет және 2,7 мың тонна сүт өндірілді. Мал басы да тұрақты. 32 мың бас ірі қара, 44 мың бас қой-ешкі, 26 мың бас жылқы және 10,2 мың бас түйе бар.
Арманбек Махмутовтың айтуынша, ауданда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Үш мектепте модернизация жүргізіліп, жаңа кабинеттер жабдықталды. Мектептерге 60 сенсорлы тақта және 50 компьютер берілді. Исатай, Гагарин және Абай мектептері «943 мақсатты мектеп» жобасына енгізілді. Білім беру мекемелері Bilimland, DarynOnline, Zerdeli сынды цифрлық платформалармен жұмыс істеп жатыр.
Жыл басынан бері аудан бойынша 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға артты.



