
Аграрлық салада өсім бар
Биылғы он айда Атырау өңірінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 116,8 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 108,6 пайызға артық. Соның ішінде 61,7 млрд. теңгесі – мал шаруашылығының, 52,7 млрд. теңгесі – егіншіліктің еншісінде.

Облыстық ауыл шаруашылылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, есепті мерзімде облыста төрт түліктен де мал басының өсіміне қол жеткізілді. Осы кезеңде 40 мың тонна ет, 27,6 мың тонна сүт, 23 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Егіннен 144,3 мың тонна өнім жиылды. Мұның басым бөлігі көкөніс пен бақшаның үлесінде болса, қалғанын малазықтық дақылдар мен картоп дақылдары құрап отыр.
Алдағы үш жылда облыста 12 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 460 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін 6 жобаны іске қосу межеленген.
Дәулетқали АРУЕВ



