Шөп іздеген шаруалар шабындық таппай шарлап жүр

11 3 e1518161602785 Жаңалықтар

Atr.kz/6 қыркүйек, 2019 жылАграрлық саладағы маңызды маусымның бірі  – мал азығын дайындау. Бұл науқан облыста қалай өтуде?

Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Мусиннің айтуынша,  алдағы  қысқа  дайындалуы тиіс ірі сабақты мал азығының көлемі 513,3 мың тоннаны құрайды. Қазір  дайындалғаны 310,4 мың тоннаны құрап отыр. Соңғы бір аптада  әзірленгені    – 31 мың тонна. Бұл биыл облыста мал азығын дайындау қарқынының төмендігін көрсетеді. Бәрінде бірдей демесек те, жекелеген өңірлерде оның барысы нашар болып тұрғандығына көз жеткізу де қиын емес. Есепті мерзімге жоспар орындалысы белгіленген межелеріне қарай Мақат ауданында 85,7 пайызға жетсе, Қызылқоғада – 72,7, Атырау қаласында – 69,3, Құрманғазыда – 61,6, Исатайда – 58, Индерде – 56,9, Махамбетте – 54,1 және Жылыойда 42  пайызға тең болып отыр.

Осыған қарап, көрсеткіші жоғары аудандардың жағдайы жақсы деп біржақты баға беру де қисынсыз. Өйткені, олардың бәрінде қыстық пішенді өз аумағынан әзірлеп алу мүмкіндігі жоқ. Табиғи су көздері мен шабындық алқаптары тапшы. Сол себептен, бұл науқан елеулі қиындықтармен жүргізілуде. Өздерінде болмағандықтан көршілес облыстардан дайындап алуына тура келеді.

Қазір пішен бағасының  қымбаттауы  өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл төскейінде төрт түлігін өргізіп отырған Қызылқоға өңірінің тұрғындары үшін де оңайға түспеуде. Бір қарағанда, шөпті дайындап, сатушы шаруагерлерді де түсінуге болатындай. Пішенші-механизаторлар дизель отынының бір литрін 220 теңгеге сатып алады. Оның өзі де бірде бар, бірде жоқ болып қалады. Ал, тракторларға тіркелетін агрегаттар мен құрал-саймандардың, босалқы бөлшектердің бағасы да аспандап кеткен.


Қайырғали БАЗАРБАЕВ,

Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 


– Жылдағыша Ойыл өзенінің тасымауы,  өр суының көтерілмеуі салдарынан шабындықтар да сусыз қалып, жағдайды қиындатып жібергені рас. Осыған байланысты, мал азығын дайындауға қатысатын мамандарды жұмысқа тарту жеңіл болмай тұр. Былтыр бір орама шөптің (рулон) құны 3000-3500-ден болса, биыл 4500-5000 теңгеге бағаланып отыр. Мұның басты себебі – пішеннің өзге жерден шабылып, алыстан тасымалданып әкелінуінде.



Нұрлыбек НҰРҒОЖИН,

«Жасқайрат» ЖШС-нің механизаторы:


 – Бұрын біз шағырды тек күзде шабатын едік. Биыл ерте шауып жатырмыз. Себебі, шөп тапшы. Сондықтан, шапқан шөбімізді саттыққа да шығара алмай отырмыз. Бірінші кезекте
серіктестіктің малына қажетті пішенді жинап алуымыз керек. Осы орайда, айтар ұсынысым – келесі жылы көршілес Ақтөбе облысындағы әріптестермен келісім-шарт жасасып, Ойыл өзенінің арнасын суға толтырып, ой мен қырға шөп шығарудың  амалын жасау.



Жаңбырбай  АҚТАЕВ,  

Миялы  ауылының тұрғыны:

– Әрине, мал ұстаған жақсыау. Алайда, басты мәселе сол малдың азығын табуда болып тұр. Биыл бір орама шөптің бағасы бес мың теңгеге дейін көтерілді. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтары қолында бар техникаларымен шөбін шауып, малына қажетті азығын табар. Ал, ондай мүмкіндігі жоқ қарапайым ауыл тұрғыны қайтеді? Амалы таусылғандықтан жиғантерген ақшасына дайын шөпті сатып алады. Өткен жылы отыз мың теңгеге он орама шөп алсақ, енді міне, осы сомаға алтауын ғана алып отырмыз. Оның үстіне, пішенші-механизаторлар арасында «бағаны тағы да көтеру керек» деген әңгіме барын естіп, одан бетер қиналдық.
Табиғи су көздері мен шабындықтың тапшылығынан мал азығынан таршылық көріп отырған өңірлердің бірі – қос өзен аралығын қоныстанған Исатай ауданы. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, алдағы қыста мұнда 39 602 қой-ешкі, 20 864 мүйізді ірі қара, 18 714 жылқы және 8 554 түйе қыстаққа түседі деп күтілуде. Өткен жылғыдан  қалғанын қоса алғанда, қыс кезеңіне дайындалуы тиісті жем-шөп қоры 71 543 тонна көлемінде жоспарланыпты. Бұл жақта да табиғи шабындық алқаптардың аздығынан қажетті пішеннің үштен бір бөлігінен астамы немесе  28 617 тоннасы ғана ауданның өз аумағынан дайындалса, қалған 43 мың тоннаға жуығын көршілес Батыс Қазақстан облысы мен аудандардан қамтуға қам жасалуда.
Сөйтіп, пішен дайындау жолын ойластырған исатайлықтардың бұл қадамын құптасақ та, саудаға түсетін шөптің бағасын көтеруде алдына жан салмай тұрғанын қош көрмедік. Ең бір сорақысы, іргелес орналасқан Құрманғазы ауданынан жеткізіліп жатқан бір рулон шөп 6 000-ға бұлданса, жергілікті шаруагерлер бағаны 7 000 теңгеден бір-ақ шығарыпты. Ал, Жайық бойын жайлаған Индер мен Махамбет аудандарында да жағдай «бәрекелді» емес көрінеді. Аталған өңірлерде көршілердің жеріне көз салу, алыстан арбалап әкелген «олжаларын» аспандаған бағамен сату үрдісі орын алған. Әрине, мұндай тәсілмен өзекті проблеманың  түйінін тарқату мүмкін емес

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз