Жылыойдағы алып жоба

ZHyilyioyda yi alyip zhoba Қоғам

Теңіз кенішінде Үшінші буын зауытының құрылысы басталды. Жалпы құны 3 триллион теңгеден астам қаржыға бағаланған жоба Қазақстанның экономикалық қуатын еселейді деген үміт бар. «Теңізшевройлдың» мұнай өндірісі қазіргі 12-ден 39 миллион тоннаға  дейін ұлғаймақ. Жаңа технологияға негізделген өндіріс әлеуметтік салаға да оң әсер етпекші. Болашақта мұнда ауысыммен 100 мыңға дейін адам жұмыс жасайтыны, соның басым бөлігін отандасымыз құрайтыны белгілі болып отыр.

Жылыойдағы алып жоба

Прорвадағы шағын порт

Кеніште Келешек кеңею ғана емес, Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы да жүзеге асуда. Бір мезгілде қолға алынған ірі жобалар аясында жүк тасымалдау бағдары салынды. Жаңа каналдың ұзындығы 71 шақырымды, тереңдігі 5 метрді құрайды. Мұнда жеке модульдерден тұратын жалпы салмағы 53 мың тонна жүктің іркіліссіз жеткізілуі үшін жағдай жасалған. Иірімдерінде кемелер аялдайтын тұрақтар бар. «Ұшағымыз негізі бұл жақпен ұшпайды. Журналистер үшін арнайы ұшу бағыты қарастырылды» деді осы тұста баспасөз турын ұйымдастырушылар.

Бұл нысан Ресейдің ішкі су жолдары жүйесі арқылы шетелдік өндірістік алаңдардан жеткізілетін модульдерді түсіріп, Теңіз кен орнына жөнелтуге арналған. Модульдер Прорвадағы терминалдан Теңіз кен орнына қарай жаңа ауыр жүк тасымалдау жолы арқылы жеткізіледі, – деді «Теңізшевройл» компаниясының Үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Зауыт құрылысы аяқталғаннан соң бұл канал пайдаланыла береді. Сөйтіп, Қытай мен Азия елдерінен Еуропаға бағытталған металл мен астықты, өзге қажеттіліктерді жеткізуге, еліміздің жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға жағдай жасайды. Бас менеджер «порт Каспий теңізіндегі тағы бір транзиттік хабқа айналады» дейді.

Бельгияда жасалған кран

Керек-жарағын сырттан тасымалдайтын шетелдіктердің қазір қазақстандық қамтуға маңыз бергені байқалады. Өйткені, Маңғыстаудағы «Ерсай» өндірістік алаңында дайындалатын құрастырмалы модульдік эстакадалардың сапасы олардың көңілінен шығып отыр. Одан өзге, құрастырмалар Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалады екен. Жобаның ауқымдылығы соншалық, оны жүзеге асыруға 11 мемлекеттің аумағында орналасқан 19 орталық жұмылдырылған. Осы мақсатта теңіз кемелері, буксирлер, газ турбиндік генераторлары, арнайы құрылғылар жасалуда.

Қазір құрылмалардың алғашқы бөліктері кемеге тиеліп, Үшінші буын зауытының алаңына жеткізіле бастапты. Оларды орналастыруға алып кран қолданылуда. Үшінші буын зауыты алаңына жеткізу жөніндегі менеджер Джим Йерубиноның айтуынша, бұл көтерме құрылғысының әлемде теңдесі жоқ. Өйткені, бұл кран осы жоба үшін Бельгияда арнайы жасалған. Оның 3,5 мың тонна жүк көтеретін мүмкіндігі бар. Қалыпты жұмыс жасауы үшін әрбіреуі 100 тоннаны құрайтын арнайы блоктар қойылған. Алып кран алыстан қарағанның өзінде төбеден төніп тұрғандай әсер береді. Айтпақшы, үлкен көтермені құрастыру үшін жеті кранның көмегі қажет екен.

Теңіздегі болашақ кеңейту жобасының шығындар басқармасы мен жобаны қолдау қызметінің менеджері Ли Харристің әңгімесінен ұққанымыз, ауыр жүктерді тасымалдау бағдары мен автокөлік жолы пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі қолданыстағы зауыттардың өндірістік қуатын қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар қатар жүруде. Атап айтқанда, құбыр желілері мен өндірістік құрылыстар салынып жатыр.

Шикі газды айдау нысанында бетон құю жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, жерасты құбыр желісі мен іргетас құрылысы тұрғызылуда, – деді менеджер.

Қағылған қада – 34 мың

Бедері енді көріне бастаған Үшінші буын зауытының аумағы өте үлкен. Кезең кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқысы, яғни, өндіріс орнының нульдік циклі аяқталыпты. Іргетастың мықты болуы үшін жерге 34 мың бетон қадасы қағылған. Өз елімізде және шетелде дайындалған модульдер осы тұғырларға дайын күйінде орналастырылмақ. Былайша айтқанда, балалардың «лего» ойыны секілді құрастырылады. Бұл құрастырмалардың ұзындығы 70, биіктігі 20 метрді құрайды.

Жаңа өндіріс орнының бұрынғысынан басты ерекшелігі, қысымды сақтау үшін газ жер қабатына кері айдалады. Қазір кеніште бұрынғыдай тау-тау болып үйілген күкірт жоқ. Өндірістегі жаңашылдықтың нәтижесінде оның қоры жинақталмайды.

Үшінші буын зауыты пайдалануға берілген соң газ, пропан, бутан мен күкірт толықтай жер астына қайта айдалады. Өйткені, жыл өткен сайын мұнай өндіріліп жатқан кен орнындағы қысым төмендей береді. Ал, жаңа технологияның арқасында осы үрдіс баяулайды, – деді Ли Харрис.

Теңіз кенішінің «жүрегі»

Қазір Теңіз кенішінде бес бұрғылау алаңы жұмыс жасап тұр. Алдағы күндері қосымша мұнаралар орнатылатын болады. ТШО-ның Теңіз кен орнындағы өндірістік менеджері Гарри Инк жаңа зауыт пайдалануға берілген күннің өзінде бұрынғы өндірістер қалыпты қызметінде болатынын айтты. Журналистер әкімшілік орталығына барып, жұмыс процесін көрді. Бұл нысанды Теңіз кенішінің жүрегі десе болады. Өйткені, мұнай өндіру, алғаш өңдеу, жеткізу, сонымен қатар, кен орнын электрмен, жылумен қамту сынды үрдістер операторлардың көмегімен бір орталықтан басқарылады.

– Бізде шикізат алдымен құмынан, суынан, газынан тазартылады. Мұнай өңдеу сатысынан өткен соң арнайы резервуарға жинақталып, сақталады. Каспий құбыры консорциумы желісіне сорғылар арқылы осы жерден жөнелтіледі. Одан соң сұйық отынды күкірт қоспаларынан айыратын құрылғылар тұр. Барлық жұмыс автоматтандырылған, – деді екінші буынды зауытты пайдалану бастығы Мақсұт Дүйсекенов.

Болашақ өндіріс нысанында қазір 5500 адам еңбек етуде. Оның 92 пайызын қазақстандықтар құрайды. Ал, келешекте мұнда ауысыммен жұмыс жасайтындар саны 100 мыңға дейін жетеді. «Ғасыр ғажайыбы» саналған жоба бүгінде осылайша жүзеге асып жатыр.

Азамат Базарбаев

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз