ЖАС ДАРЫНДАР ЖАДЫРАҒАН КҮН

Атырау қаласында I халық-аралық «Жадыра, жас дарын!» фестиваль-конкурсы үлкен ұйымшылдықпен өтті.

 

Өткен жылы құрылған «Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қоры жыл ішінде төрт өнер сайысын ұйымдастырды. Қоғамдық қор-дың директоры және осы фестиваль-конкурстың авторы – қобыз аспабының жоғары санатты оқытушысы Сара Қабиеваның айтуынша, бұл сайыстың басқа сайыстардан ерекшелігі сол, мұнда бірде-бір қатысушы назардан тыс қалмайды. Жүлделі орындарға ілікпеген қатысушылар Алғыс хатпен марапатталса, жүлдегерлер дайындаған жетекшілердің де еңбегі бағаланып, олар арнайы дипломдарды иеленеді.

Сайыскерлердің өнерін саралаған қазылар алқасына ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының Құрметті профессоры, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қайырғали Қожамбаев төрағалық етті.

Конкурс-фестиваль қорытындысымен ұлт аспаптар оркестрі номинациясы бойынша әр топта Василий Кабиев жетекшілік ететін Құрманғазы балалар саз мектебінің қазақ ұлт аспаптар оркестрі бас жүлдені еншілесе, ұлт аспаптар ансамбльдері арасынан әр топта Маңғыстау облысынан келген А.Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебінің «Алтын ұя» фольклорлық ансамблі, Ақтөбеден келген А.Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің «Қаракөз» қобызшылар ансамблі және «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің баян дуэті жеңіс тұғырынан көрінді.

Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің хор ұжымы мен «Рауан» вокалдық ансамблі хор және вокалдық ансамбль номинациялары бойынша үздік деп танылса, индерлік «Қызғалдақ» бөбекжайының «Ай, керім-ай» және Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының «Інжу» би ансамбльдерінің бишілеріне тең келер ешкім болмады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы оқушылар орталығының «Асыл сөз» театры ұжымы жүлделі І орынды жеңіп алды.

Әр аталым бойынша Асылай Амангелдиева, Әйгерім Демеуова, Бақытжан Шишанов, Дидар Пердебекова, Бекзада Самиғоллаева, Арсен Жәнібеков, Мақпал Меңдібай, Нұрсәт Тұрғали, Рашид Рахымов, Ольга Войтова, Дарья Петрова, Ләззат Кенжеғарина және тағы басқа бірқатар өнерпаздар қазылар алқасының жоғары бағалауына лайық болып, үздіктер қатарынан көрінді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз