ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН ӨҢІР

Жайықтың бойын жайлаған бұл өңірдің де  экономикасы көш ілгерілеп, әлеуметтік ахуалы жақсарып, әлеуеті артты. Ауыл шаруашылығы алға басып, кәсіпкерліктің өрісі кеңіді. Барлық салада дерлік даму үрдісі үйлесім тапты. Әсіресе, ауылдың рухани мәйегі саналатын мәдениет ошақтарының қызметін уақыт талабына сай ұйымдастыруда соны серпін орын алып, ұлттық өнерімізді ұлықтап, салт-дәстүрімізді насихаттау бағытындағы жұмыстар жандана түсті.

Ауылдағы шаруа алға басты

Өткен жылы ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 7,6 млрд. теңгені немесе 103,3 пайызды құрады. Егістік жердің аумағы 2112 гектарға жеткізіліп, алдыңғы жылғыдан 689 гектарға немесе 47 пайызға ұлғайтылды. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, «Атырау» ӘӘК арқылы фьючерстік келісім негізінде жеті шаруашылыққа 119,6 млн.теңге несие берілді. Тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтілетін егістіктің көлемі өсті. Есепті мерзімде ауданда 41 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 22,1 млн. теңгенің тауары сатылды.

Мал шаруашылығында «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 30 млн. теңгеге мүйізді ірі қара, аналық қой және жылқы малдары (барлығы 384 бас) сатып алынды. Бірдейлендіру жұмыстары нәтижелі жүргізіліп, мәліметтер толықтай дерекқорға енгізілді. Селекциялық және түлік тұқымын асылдандыру шаралары да жалғастырылды. Былтыр 140-тан астам шаруашылыққа 316 млн. теңге субсидия төленді. Қоғамдық малға қажетті мал азығын дайындау жоспары да артығымен орындалып, науқанды жұмыстар барысында шаруашылықтар арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, шабындыққа пайдаланылатын көлтабанды алқаптарды, ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдерін игеру, суландыру каналдарын қайта жаңғырту жөнінде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.                                                              

Индустрияландыру – игілік көзі

Бұл жылы индустрияландыру картасы шеңберінде елдің игілігіне жараған жобалар да аз болмады. Олардың қатарында «Бірінші мамыр», «Сарайшық» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің базасында ашылған асыл тұқымды сиыр мен ешкі, «Алмалы құс» ЖШС-не қарасты құс фермаларын айтуға болар еді. Бұлардан басқа, «Жайық» шаруа қожалығы 415 басқа арналған, жылына 70 тоннаға дейін ет өндіру мүмкіндігі бар мал бордақылау алаңы мен типтік үлгідегі қасапхана (жобалық құны 140 млн. теңге), «Версаль» ЖШС  ауданы бір гектар жылыжай (200 млн. теңге) салу жобаларын ұсынды. Аталған жобаларды қаржыландыру жолдарын қарастыру үшін қаржы институттарына ұсыныстар жолданды. Тек бір ғана «Жайық» ШҚ-ның өзі 120 сиыр мен 600 бас қой малына селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін мемлекеттен 2,2 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізді. 

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Жылдан-жылға өңірде кәсіпкерліктің де өрісі кеңіп келеді. Аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 1350-ден асып, сегіз пайызға көбейді. Соған сай экономикалық белсенді халықтың үлес салмағы да, салықтың көлемі де көбейді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясындағы жобаларға қатысушы 11 бизнес нысанына электр желілері жеңілдікпен жүргізілсе, кәсібін жаңадан бастаған 52 адам 146 млн.теңге көлемінде несиемен қамтылды.

Мұның сыртында, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша да Береке ауылында газоблок кірпішін шығару цехы (тәуліктік қуаттылығы 25 текше метр) пайдалануға берілсе, осында шағын наубайхана (ауысымына 400 дана нан пісіріледі) іске қосылды. Сол сияқты, «Марат» жеке кәсіпкерлігі 3,0 млн. теңгенің грантын иеленіп, аудан орталығынан өрмелі тас шығаратын шағын өндіріс орнының құрылысын бастаса, «Жұмалиев» ЖК өз қаражаты есебінен газоблок кірпішін дайындау цехының тұсауын кескен. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында ауданда 2015-2017 жылдарға арналған карта жасақталып, бекітілді. Осы құжат бойынша үш жылда түрлі салада жалпы саны 120 жоба жүзеге асырылады, жаңадан жүздеген жұмыс орны ашылады. 2014 жылы бір ғана Махамбет ауданында жеті қызмет көрсету, төрт қоғамдық тамақтандыру және бір өндіріс орны ашылып, игілікке берілді.

Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді құрылыс нысандарымен және инженерлік инфрақұрылымдармен, таза ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен  қамту салаларында да біраз шаруалар оңғарылды. Бюджеттік міндеттемелердің орындалуы, мемлекет қазынасынан қаралған қаражаттардың игерілуі, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын, қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру тұрғысында да ауқымды жұмыстардың атқарылғандығы байқалады. 

Мәдени ошақтардың жаңа тынысы

Соңғы екі жылда ауданда алты бірдей мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Бұған республикалық трансферттен және облыстық бюджеттен 106 млн.теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Одан бөлек, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне 1 млн. 855 мың теңгеге сахналық ұлттық киімдер, 9 млн. 832 мың теңгеге музыкалық аспаптар мен дыбыс күшейткіш құрылғылар және 1 млн.899 мың теңгеге төтенше жағдайларда электр энергиясын беретін дербес дизель генераторы орнатылған. Ал, Ақжайық ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйі салынып пайдалануға берілді. Жоғарыда айтылып кеткендей, өткен жылы басталған ауылдық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылы жалғасын табуда. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай барлық елді мекендердегі Боздақтар ескерткіштері де қайта жаңғыртылуда. 

Өнерлі өрге жүзер

Бір өзеннің бойында көршілес, іргелес орналасқан  Индер ауданымен әріптестік байланыс арнасын тауып, екі өңірдің өнерпаздары мәдени күндерін өткізді. Одан өзге махамбеттіктер «Қазақстан-Ресей» өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Этноауыл» жобасына қатысып, жоғары баға алса, «Сайран» вокалды-аспапты ансамблі облыстық байқауда үшінші орынды иеленіп, концерттік бағдарламасымен Исатай, Индер аудандарында өнер көрсетіп қайтты. Сондай-ақ, Айдана Табылдиева, Манарбек Сарғожин сынды өнерлі өрендер жетінші «Ақ көгершін» халықаралық фестивалінде жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Сол секілді, «Мұнайлы Мақатым–мақтанышым» атты облыстық ақындар айтысында махамбеттік Серік Қойшығұлов, Құрманғазы ауданында өткен облыстық «Абай оқулары» байқауында кәріс қызы Вероника Ли бас жүлдені еншілесе, ұлы ақынның туған жерінде жалғасқан республикалық сайыстан да жүлделі үшінші орынға тұрақтап, олжалы оралды. Махамбет ауданында ұйымдастырылған Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқушылардың облыстық байқауында Ақерке Нағымова үшінші орынды қанағат тұтты.

Өнерімен өрге жүзіп, жерлестерінің мақтанышына айналған осындай өнерлі жастар ауданда көптеп саналады. Олардың бәрі де түрлі деңгейдегі өнер додаларына қатысып, жеңімпаз атанып жүргенін айтқанымыз ләзім. Осылайша, қос ішекті домбыраның құлағында ойнайтын Рамиль Елемесов Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы үшінші республикалық «Алтын домбыра» домбырада орындаушылар байқауының, Роза Сүгірова Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениет қайраткері Илья Жақанов әндерін орындаушылардың «Еділ мен Жайық» бірінші Халықаралық фестивалінің дипломаттары атанды. Бұлардан бөлек, Халық әртісі, дәулескер әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өнерін жұртшылық арасында дәріптеу мақсатында өткізілген «Ақжайықтан ән оздырған» аймақтық фестивалінде, мұнайшылар күніне арналған «Теңіз мұнайы–елдің шырайы» атты облыстық ақындар айтысында, «Жырым жетсін жалпыға» жыраулар байқауында, Ассамблея жылына және Тілдер мерекесіне орайластырылған «Тіл–халық   жанын танудың кілті» тақырыбымен өткен конкурста да махамбеттіктердің мерейі үстем болды.

Ауданда «Жеңіс күні, ғасырларға өрлей бер!» тақырыбымен өнер фестивалін өткізу жоспарланған. Ақпан айының соңғы аптасында басталып, барлық ауылдық округтерді қамтып келе жатқан бұл шара бүгіндері өз мәресіне таяған. Мамыр айында Жеңіс тойының құрметіне аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылады. Басқа да мерейтойлық шаралар жалғасын табады. 

Мәдени мұра – басты құндылық

Ауданда мемлекет қорғауына алынған тарихи орындар мен ескерткіштердің бастапқы қалпында сақталуына үлкен мән беріліп, ұдайы бақылауда ұсталынады. Қазіргі таңда мұндай құнды жәдігерлердің жалпы саны елуге жуықтаса (48), соның 30-ы жергілікті маңыздылықтағы тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Республикалық  дәрежеде қорғауға алынғаны біреу болса, қалған 17-і алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

2014 жылы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі инспекция мамандары аудан аумағында бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, олар Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі Ортақшыл ауылынан шығысқа қарай төрт шақырым қашықтықта орналасқан Алтын қорымындағы және осы төңіректе қоныс тепкен Нұралы ханның тұқымдары жерленген қауымдағы құлпытастарға (белгі ретінде қойылған) зерттеу жүргізілді. Бұл жұмыстардың барысы мен қорытындысын бұқаралық ақпарат құралдарында (ішінде облыстық «Атырау» газеті де бар) жариялады.

Сан салалы мәдени-көпшілік жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылып, жоспарлы түрде жүзеге асырылуының нәтижесінде бұл аудан соңғы екі жыл қатарынан «Бәйтерек» алтын белгісін еншіледі. Егер мұның жоғары жетістіктер мен үздік көрсеткіштер үшін берілетін марапат екенін ескерсек, батыр баба есімімен аталатын өңірде мәдени қызмет көкжиегінің жылдан-жылға кеңейіп келе жатқандығына көзіңіз жетеді.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттер редакция мұрағатынан алынды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз