Құт қонған Құрманғазы

t on an rman azyi2 Қоғам

Күй атасы Құрманғазы өмірге келген киелі мекен өзінің 90 жылдық торқалы тойын атап өтті. Еліміздің батыс өңіріндегі от ауызды, орақ тілді ақындар айтысымен басталған мереке қылқалам шеберлерінің шығармашылық көрмесіне жалғасып, одан әрі салтанатты шара мен аламан бәйгеге ұласты.

Құт қонған Құрманғазы2

Елдік мәселелерді жыр семсеріне алған айтыскерлерге Рахмет Иманғалиев, Қисым және Дүйсенғали Ғұмаровтар, Кәрім Қисамеденов, Өмірзақ Қажымғалиев атындағы арнайы жүлделер табысталды. Тартысты сайыста ІІІ орын маңғыстаулық Абай Жолмағамбетов пен құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғымановқа бұйырды. Ұйқасты өлеңі, шебер тілімен топ ішінен дара көрінген Батыс Қазақстан облысынан келген Талғат Мықи ІІ орынды, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров І орынды жеңіп алды.

Дүбірлі той танымал өнер жұлдыздарының гала-концертіне жалғасты. Аудан жұртшылығы жергілікті әншілермен қатар, қазақстандық эстрада жұлдыздарының бірі «Заман» тобы мен Ақтөбе облысынан келген жерлесіміз Есмұрат Бектеновтің өнерлерін тамашалады.

Құт қонған Құрманғазы3

Айтулы датаға орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің фойесінде «Елге тағзым» атты тұңғыш рет қылқалам шеберлерінің шығармашылық көрмесі  ұйымдастырылды. Мұнда мәдениет қайраткері, кескіндемеші Кендір Отарбай мен мәдениет саласының үздігі Қуандық Мәдір терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленетін өздерінің таңдаулы жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Олардың еңбектерінен Отанға, туған жерге деген шынайы патриоттық сезімдері, сағынышы айшықтала түскені айқын сезіліп тұрды.

Ауданның мерейтойына арналған «Киелі, құт мекен – Құрманғазы» атты салтанатты жиын жергілікті өнерпаз Нұрболат Исаевтың орындауындағы «Арнау» термесімен ашылды. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев жұртшылыққа аймақ басшысы атынан құттықтау тілегін арнап, Құрманғазыдан шыққан белгілі тұлғалар есімдерін зор мақтанышпен атап өтті. Сондай-ақ, түрлі сала ардагерлерін мерекелік төсбелгімен ұлығылады. Облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин депутаттар корпусы атынан құттықтау тілегін жеткізіп, аудандық мәслихаттың өткен шақырылымындағы халық қалаулыларына Алғыс хат табыстады. Ал, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мерейтойға арналған төсбелгілермен марапатталды.

Қасиетті де қастерлі мекен – Құрманғазы ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай сан ғасырлық тарих пен шежіреге бай өлкенің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін мақалалар, жыр-дастандар енген энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі де өтті.

Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған 24 шақырымдық аламан бәйгеде 19 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Алғашқы айналымнан бастап топ басындағылардың қатарында болған шабандоз Дамир Хисмеденовтің тақымындағы Исатай ауданы, Х.Ерғалиев ауылдық округінен келген «Ақмаңдай» атты жирен қасқасы соңғы айналымда сытылып шығып мәреге бірінші жетсе, екінші болып Ақкөл ауылдық округі Ерсайын Қасымов баптап қосқан «Бриллиант» атты торықасқасы, үшінші болып бәйгеге соңын ала тіркелген көршілес Астрахан облысынан келген Ануар Жанаховтың аты келді. Аудан халқы сондай-ақ, «Тарихы құнды, болашағы нұрлы өлке – Құрманғазы» атты театрландырылған  мерекелік концертті тамашалады.

Айнагүл ШАКУПОВА,

Айбек НӘЖІМОВ,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз