«СҰРАНЫС – СІЗДЕН, МАМАН – БІЗДЕН»

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау көлік және коммуникация колледжінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.

 

Салтанатты шараға облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ш.Мырзағалиев, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік серіктестікті дамыту бөлімінің басшысы М.Ликаров, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының психолог-теологы Ө.Тілеуов, сондай-ақ, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының басшылары, еңбек ардагерлері мен ата-аналар қатысты.

Колледждің әлеуметтік серіктестері – «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясы, «КАМАЗ Атырау Автоорталығы», «Стройметалл», «Вираж» ЖШС-тері, т.б мекеме өкілдері  түлектерге мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып кетуіне тілектестік білдірді.

Колледж директоры Гүлжан Сабырова үздік түлек атанған «Автокөлікті жөндеуші слесарь» мамандығының студенттері Диас Ғабдолов, Ризабек Елеусін, Нұргелді Қабдысиық және «Телефон байланысы электромонтері» мамандығының студенттері Дулат Мерген, Сәкен Бисенбайға дипломдарын табыс етті. Қоғамдық ұйым өкілдері мен әлеуметтік серіктестер тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларынан шыққан түлектерге арнайы сыйлықтар тарту етті.

Биыл бұл оқу орнынан 5 мамандық бойынша 155 түлек бітіріп шықты. 2014-2015 оқу жылында колледж жаңа мамандықтармен толыққан болатын. Облыстық еңбек нарығында сұранысқа ие болған «Автомобиль кранының машинисі» және дуальді оқыту жүйесімен қабылданған «Телефон байланысы электромонтері» мамандығының студенттері колледжді аяқтап, алғашқы түлектер атанды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз