ӨНЕРДІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Алғашында мәдениет үйі болып жұмысын бастаған ұжым 1961 жылдан бастап халық шығармашылығы орталығы болып қайта құрылып, жұртшылыққа қызмет ете бастады.  Осы мерзім ішінде талай талантты жастың өнердегі тұсауын кескен өнер ошағы 2001 жылы Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени қызметтерді ұйымдастыру орталығы мәртебесін иеленді.

 

Жақында Махамбет атындағы драма театрында осы орталықтың 55 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өтті.

Шығармашылық орталықтың салтанатты шарасының шымылдығын  «Ақ ерке Ақ Жайық» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашты. Ансамбль жетекшісі Бауыржан Ақтайдың «Арнау» атты музыкалық шығармасы осы жерде өзінің тұсауын кесті. Алқалаған әлеумет алдында баяғы өткен бабалардың сән-салтанаты мен өлмес мұрасын тірілткен өнерпаз ұжым халық қошеметіне ие болды.

«Жетісудың Сарасы» атанған Гүлмайдан Сүндетова сахна төріне шыққанда жиналған жұртшылық оны алақанына салып көтеріп алғандай болды. Осының өзі Атырау жұртының өнерге деген ықыласын аңғартатыны сөзсіз. «Шынарым-ай» би ансамблінің бишілері мың бұралып би билеп, кешегі өткен Шаралардың жалғасы екендігін танытса, орыс халқының фольклорлық ансамблі орындаған «Цветы ромашки» әні де жүректердің қылын шертіп, өнерге сусаған көпшілікті баурап алғаны анық.

Ұжымның 55 жылдығына арналған есептік концертте Роза Рымбаеваның әндерімен сахна шымылдығы жабылды.  Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызының сахнаға шыққанына 40 жыл толады екен. Алғаш рет «Әлия» әнімен жұртшылыққа танылып, Болгарияда өткен «Алтын Орфей» байқауында жеңімпаз болған әнші Атырау жұртының қуанышын бірге бөлісті.  Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев сахна төріне көтеріліп, ұжымды мерейлі жаспен құттықтап, сый-сияпатын тапсырды. «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ететін ұжымның Атырау мәдениетіне қосқан үлесі өте зор. Талантқа жылы ұя бола білді. Аялы алақанында тербеді. Жас таланттарды баптап, күтіп, балапандай баулыған ұжым жұмысының осыншама биікке көтерілуіне ұжым басшысы Алма Андарбаева аз еңбек сіңірген жоқ. Ұжымға алдағы уақытта тың табыстар тілейміз», – деген Алтынбек Бұқарзаұлы Атырау облысы әкімі міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаевтың атынан алғыс хат табыстады.

Алаш жұртына «Барып қайт, балам, ауылға!» өлеңімен әйгілі ақын, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева да осы мерекелік жиынға арнайы Алматыдан ат арытып жетіпті. Ол Алатау баурайынан Ақ Жайықтың жағасына әкелген сәлемдемесін табыс етіп, өлеңін оқыды.

Кеш соңында шығармашылық орталықтың ұжымына облыс әкімі атынан «Ықылас гүлі» тарту етілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз