КӨМЕКТІ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

Газетіміздің 5 ақпан күнгі санында «Ұлы Жеңіске қосқан үлестері үшін – материалдық көмек» атты шағын хабар жарияланғаннан бері редакция телефонына тыным болмауда. Телефон шалушылардың бәрі де: «Соғысқа қатысқандар мен мүгедектерге тиісті 100 мың теңгені қайдан, қалай аламыз?», «Жеңіске үлес қосқандар 70 мыңды қашан алады?», «Тыл еңбеккерлері өздеріне тиісті 25 мың теңгені қалай ала алады?» - деп сұрайды. Осы мәселемен біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай     Өтеғалиевамен тілдестік.

– Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерінің қатары күн санап азайып барады. Қазіргі күнде олар біздің облыста бар болғаны – 82 адам. Сіз айтып отырған республикалық бюджеттен бөлінетін 100 мың теңге соғысқа қатысушылар мен мүгедектердің бәріне бірдей берілетін болады, – деді басқарма басшысының орынбасары. – Ал, Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында соғыс кезінде кемінде алты ай жұмыс істеуіне байланысты «Тыл ардагері» мәртебесі берілген азаматтар мен азаматшаларды және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жесірлерін қайта тіркеуден өткізуді бастап кетті.

Аталған бөлім басшысының орынбасары Рая Оралованың айтуынша, жеке бас куәлігі мен зейнеткерлік куәлігі, мекен-жайы туралы анықтама, «Қазпошта» АҚ-ында ашылған дербес есепшоты бар тұлғалар Шәріпов көшесі, 4 а мекен-жайында орналасқан қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келулері керек. Қосымша анықтама алу үшін     45-01-66, 45-53-21 телефондарына хабарласуға болады.

Қосымша білгеніміздей, бұл құжаттар наурыздың 5-іне дейін қабылданатын көрінеді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз