Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі

Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылды

Атырау облысы бойынша Ауған соғысына 718 жауынгер қатысты. Соғыс даласында мерт болған боздақтардың мәйітін туған топырағына әкелетін, ел арасында «қара қызғалдақ» деп аталып кеткен қаралы тікұшақтардан Атырау жеріне 13 жастың мүрдесі жеткізілді. Солардың ішінде мөлдіреп тұрған шағында өлім құшқан жылыойлық екі боздақ бар. 

Жылыой жұрты Ауған соғысында мерт болған Болат Ербосынов пен Ерболат Омаровқа арналған ескерткіш орнатты. Боздақтардың рухына құрмет білдіру үшін жиналған көпшілік алдында аудан әкімі Мақсым Ізбасов сөз сөйледі.

– Ауған соғысы бейбіт заманның өзінде халқымызға қаншама қайғы әкелгенін ұмытпауға тиіспіз. Ауған елінде интернационалдық борышын адал атқарып, Отан алдындағы әскери антына берік болған, батылдық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жерлестерге құрмет көрсету, сол бір әділетсіз соғыста мерт болған азаматтарды есте сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз. Ауған соғысында мерт болған жылыойлық қос өреннің есімдері әркез халқымыздың жадында. «Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» демекші, ержүрек жауынгерлер есімін ел есінде жаңғыртуда осындай ескерткіштің орнатылуы  кейінгі жас буынды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуге зор септігін тигізеді, –  деді аудан әкімі.

Бұған дейін Құлсары қаласынан екі көшеге қос жауынгердің есімі берілген болатын. Ал, жақында ғана өздері оқыған №6 және №7 мектептер маңдайшасына ескерткіш тақталар қойылды. 

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов «Оларды біреу білер, бәлкім, біреу білмейтін болар. Шын мәнінде бұлардың әрқайсысы – қазақтың бір-бір батыр ұлдары. Біз Ұлы Отан соғысы ерлерінің жолын қусақ, бізден келешек ұрпақ үлгі алса дейміз. Осындай ерлікке арналған ескерткіш былтыр Атыраудан ашылған еді. Енді биыл аудандар арасында Жылыойда бірінші рет ашылып отыр», – деген ол елімізге тыныштық, жас ұрпаққа бақыт тіледі.

Салтанатты шарада Болаттың әкесі Жылқыбай мен Ерболаттың ағасы Марат сөйлеп,  ескерткіштің ашылуына мұрындық болған аудан басшыларына, Ауған соғысы ардагерлеріне, барша жұртшылыққа  ризашылық сезімін білдірді. 

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз