«БЕЙБАРЫСТА» БЕРЕКЕЛІ ІС БАР

130131-09-300x199Селода сәулетті жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Кеше Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылының тұрғындары үшін көптен күткен жаңа мектеп үйі пайдалануға берілді. «РиМстрой» ЖШС-нің мердігерлігімен заманауи үлгіде салынған екі қабатты зәулім ғимараттың ұрпақ тәрбиесі жолында енді ұзақ жылдар қызмет етері сөзсіз. Осы айтулы шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қатысып, игі тілегін білдірді.

 

БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚТЫ АРТТЫРҒАН

1938 жылы бір бөлмелі шағын шатырсыз үйде орыс-кәріс сыныптары болып ашылған мектепке кейін Кеңес Одағының батыры В.Чкаловтың есімі берілді. 1941 жылы типтік жобада орталау мектеп болып жұмысын жалғастырған бұл білім ошағының бұрынғы ғимараты апатты жағдайда деп танылған еді. Енді, міне, 300 оқушы кең де, жарық жаңа мекенде білім алатын болады. Мектеп директоры Оралбай Өтебаев жаңа ғимаратта 5-11 сынып оқушылары оқитынын, бастауыш сыныптар ескі мектептің жөндеуден өткен бір блогында сабақтарын жалғастыра беретіндерін айтады.

Кезінде өңірдегі ең көп ұлтты ауыл атанған Бейбарыс елді мекені жыл сайын құлашын кеңге жайып келеді. Осы ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі салада жемісті еңбек етіп жатқан түлектері де көп. Чкалов орта мектебі бүгінде Ресей елінің астанасы Мәскеуде тұратын экономика ғылымдарының кандидаттары Виктор Ким, Александр Кан секілді шәкірттерімен, тарих ғылымдарының докторы, алашқа ардақты азамат болған Зұлхарнай Алдамжаровпен, басқа да көптеген танымал азаматтармен мақтана алады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өскелең ұрпақтың заман талабына сай білім алып, тәрбиеленуіне мән беріп келеді, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа ғимараттың ашылу салтанатында. – Ол «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да осы мәселені ерекше атап өтті. Соңғы жылдары елімізде «Жол картасы», «Ақбұлақ», «Бизнес-2020», «100 мектеп, 100 аурухана» сынды көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Еліміздің әр аймағында заманға сай жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің Атырау облысында да осындай игілікті істер жалғасын табуда. Пайдалануға беріліп отырған бұл мектеп те – осы игілікті істердің бір көрінісі. Жаңа мектеп құтты болсын. Ұстаздарға абыройлы, жемісті еңбек, оқушыларға терең білім, табысты қадамдар тілеймін.

Ата-аналар атынан ардагер ұстаз Сембі Бердіғалиев те ақ тілегін жолдап, Елбасы саясатын лайықты жүзеге асырып отырған аймақ басшысына деген ризашылығын жеткізді.

Екі ауысымда білім беретін мектеп ғимараты заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген. Акт залы, спорт залы оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалануларына үлкен көмек тигізері сөзсіз. Сырттағы ойын алаңы да – ауыл тұрғындарының көптен күткен игілігі.

Жаңа ғимаратқа бастап кірген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мектеп ішін аралап көрді. Балаларға ыстық тамақ беру мәселесі бұл білім ордасында да шешімін тауыпты, асхана барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Биология, химия, информатика кабинеттерінің жарақтандырылуы көздің жауын алады.

«Жиһаздар Ресейден алынды. Құрылыс жұмыстарына қажетті материалдардың бәрі де – отандық өндірістердің өнімдері. Бұл нысан бір жылда салынды. Мердігер компанияның жұмысына қатысты ешқандай сын айтпаймыз, бәрі уақытында, сапалы тапсырылды», – дейді Махамбет аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Наурызбай Иманғалиев.

Мұндай жарқыраған сәулетті мектепте оқу балалардың ынтасын арттырары сөзсіз. Бәрі де жап-жаңа, бәрі де әдемі. Ұстаздар да ерекше қуанышты. Апатты жағдайдағы ескі мекеннен су жаңа ғимаратқа қоныс аударудың әсері бір бөлек. Бұл – жас ұрпаққа деген мемлекет қамқорлығының айқын бір дәлелі. Ал, дарынды, білімді ұрпақ – Елбасы атап көрсеткендей, халқымыздың ең қымбат байлығы.

«КӨК БАЛАУСА» – КӨЛ-КӨСІР ӨНІМ

Жаңа мектептің ашылу салтанатынан соң облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов «Бірінші мамыр» ЖШС-не барып, шаруашылық жұмысымен танысты.

Тоқсаныншы жылдардағы «балапан-басына, тұрымтай-тұсына» кеткен мезгілде кеңшарын сақтап қалып, кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырған Аманжол Есқариевтің ерен еңбегін бүгінде ел мойындайды. Жеті жүзден астам сиыр, осынша бас түйе, 450 жылқысы бар шаруашылықта 350 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аймақтағы алдыңғы қатарлы көкөніс-сүт шаруашылығына айналған «Бірінші мамыр» ЖШС ұжымы үшін өткен жыл табысты болды. Олай дейтініміз, шаруашылықтағы 1994 жылы салынған «Көк балауса» қондырғысы қаржының жетіспеушілігінен қолданылмаған күйі қаңтарылып қалған еді. Өткен жылдың желтоқсанында ғана облыс әкімінің тапсырмасымен «Атырау» ӘКК-нан 20 млн. теңге қаржы бөлініп, «Көк балаусаның» қызметі қолға алынды.

Шаруашылық жетекшісі Аманжол Есқариев 1 желтоқсаннан 15 сәуірге дейін қолданыста болатын бұл қондырғының малды қыстан арытпай алып шығу, өнім өнімділігін арттыру жолындағы маңызы ерекше екенін айтады. Айталық, осы қондырғы іске қосылғалы күн сайын алынатын сиыр сүтінің мөлшері бұрынғыдан 40-50 литрге көбейген. Қарап тұрсаңыз, шынымен де қызық. Алдымен ашытылған арпа арнайы ыдыстарға егіледі, алты күн дегенде егілген арпадан көк балауса бой көтереді. Көрер көзге көктемгі шыққа толы көкорай шөпті елестететін балауса шаруашылық сиырларының жеңсік асына айналып үлгеріпті. Күн сайын 640 қазан арпа дайындалады екен. «Бірінші мамырлықтар» бұл үрдістің берері көп боларына сенеді.

– Испания технологиясын қолдану арқылы 1,5 тонна арпадан алты күннің ішінде он тонна өнім алатын бұл өндірістің арқасында сиыр сүтінің мөлшері айтарлықтай өсті, – деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. – Болашақта осы жерге 500 сауын сиыр алып, үлкен сүт фермасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы бөлінетін болады. Қалыптасқан «Бірінші мамыр» ЖШС-нің базасын, оның мүмкіндіктерін пайдаланып, үлкен өндіріс жасауды қолға аламыз.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, Елбасының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Биыл республикалық бюджеттен бөлінетін бір миллиардтан астам теңгеге өңірдегі 13 су каналы қалпына келтірілетін болады. 15 үлкен су сорғылары алынады, канал жүйелері арқылы мал жайылымы шабындықтарын көбейтіп, көкөніс өсіру жолға қойылады.
Махамбет ауданына қарасты Алмалы ауылының жанынан ешкі сүтінен өнім шығаратын шаруашылық та бой көтереді. Лайықты іске асса, мұндай қадамдардың бәрі де ел игілігін еселей түсері анық.

Бақытгүл БАБАШ,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз