Белгілі журналист Сәулеш Шәтенованың «Алыста қалған Ауғанстан» атты кітабының тұсауы кесілді (ФОТО)

а 1637 Мәдениет

15 ақпан – Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 29 жыл толуына орай Жылыой аудандық мәдениет үйінде белгілі ақын, танымал журналист, аудандық «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенованың «Алыста қалған Ауғанстан» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта Ауған соғысында қайтыс болған жылыойлық қос жауынгер туралы естеліктер мен арамызда жүрген ардагерлердің жасаған ерліктері суреттелген.

а 1637

Мерекелік шараға Ауған соғысы ардагерлері, сондай-ақ көршілес Бейнеу, Мақат, Қызылқоға аудандық ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағалары, аудан жұртшылығы қатысты. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде «Алыста қалған Ауғанстан» кітабының лентасын қиды. Бұдан соң кітаптың авторы, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Сәулеш Шәтеноваға Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалін салтанатты түрде табыс етті.

Аталмыш туындының авторы Сәулеш Тәжіқызы бұл еңбекті жазу оңай болмағанын, қайғы-қасіретке толы тағдырларды жүрекпен сезіну ауырға соққанын айтты. Небәрі 20 жасында соғысқа аттанған жап-жас жауынгерлердің ерлігі бүінгі ұрпаққа үлгі болатынына сенім білдірді.

а 1674

Бұдан соң кітаптың шығуына зор үлесін қосқан Жылыой аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов сахна төріне көтерілді.

– Ауған соғысында Қазақстаннан 22000-нан аса отандасымыз отандық борышын өтеді. Атырау облысынан 13 жауынгер қаза тапты, 1 жауынгер жоғалып кеткендер тізімінде тұр. Әрине, санағын шығарып, хабарлай салу оңай дүние, алайда осының арғы жағында қаншама қайғы-қасірет, сызат салған тағдырлар, асқан ерліктің, бауырмашылық пен достықтың биік үлгілері, өмір мен өлім тоғысулары жатқанын көп адам түсіне бермейді. Сондықтан қаза тапқан жауынгерлер мен арамызда жүрген ауған соғысы ардагерлерінің жасаған ерліктері, бейбіт өмірдегі тіршілігі жайлы жазылған бұл кітаптың әлеуметтік-тарихи, тәрбиелік маңызы зор болмақ, – деді Досан Әділов сөзінде.

а 1666

а 1680

Кеш барысында №9 мектептің «Намыс» әскери патриоттық клубы сап түзеп, клуб мүшелері Бақытбек Смағұлдың «Армысың, ауған аспаны» өлеңін оқыды. Әншілер патриоттық әндер орындады, осы сәтте залда отырған ауған соғысы ардагерлеріне шоқ шоқтарын табыс етіп жатты.

Перизат ҚИЗАТОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз