Батыр аттас театр – Қаройда

Batyir attas teatr AROYDA.. Қоғам

Біздің қастерлі һәм қасіретті тарихымызда аузымен құс тістеген дүлдүл шешендер мен ауыздығымен алысқан арғымақ мінген жаужүрек батырлар аз болған ба? Азаттық деп алқынғаны бар, қайран басының намысы мен қарындастың қамы деп қан жұтқаны бар, ұрпақ жадында біразы қаттаулы да жаттаулы. Алайда, солардың ішінде бір өзі бір әлемге айналып, тұтас символдық бейнеге ие болғандар санаулы шығар.Артында қалған ел-жұрт үшін олардың басқан ізі мен кешкен тарихының бәрі құнды.

????????????????????????????????????

Ұлт дауылпазы Махамбеттің есімі ар мен кектің, адалдық пен ерліктің синонимі іспетті. «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға… Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске…» деп ұлы арман арқалаған жауынгер ақын мәңгіліктің символына айналғалы қашан?  Сол Махамбет қапыда «аһ» ұрып, опасыздардың қолынан ажал құшқан қаралы Қарой жазығы кеудесінде рухы, санасында сәулесі барды өзіне тартатын қасиетке ие. Белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев «Бұл далаға сөйлеуге емес, бұл даланы тыңдау үшін келу керек» дегені осыдан шығар…

Жақында дауылпаз ақынның мәңгілік мекеніне Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы барып, тәу етті. Белгілі өнер ұжымы ұлы аттасының есімін күллі қазаққа, қала берді алыс-жақын шетелге танытып жүргеніне де біраз жылдың жүзі ауды. Биыл сексен жылдық мерейлі мерекесін тойлағалы отырған театр ұжымы үшін бұл сапардың жөні бөлек, мағынасы терең. Өлке тарихының киесі мен иесін ұлықтаған индерліктер өнер майталмандарын сүйекке сіңді кәнігі қонақжайлығымен қарсы алды. Жарсуат ауылының тұсынан Қаройға бұрылар қара жолдың қиылысында көлік ауыстырып мінген театр бұдан әрі Махамбеттің ізі қалған боз даланың бір шаңын бір шаңына қосып бабаның мәңгілік мекеніне тартты.

Махамбет мазарының басында сөз алған Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева, республикалық маңызы бар Махамбет қорығының директоры Сәрсенбай Дәуітбаев, Жарсуат ауылдық округінің өнерпаздары өткен күндер тарихы мен Қарой феномені, мазар құрылысы туралы мәлімет берді. Махамбет образымен сахнада қауышып, есімін брендке айналдырып жүрген театр үшін Маңғыстаудың ұлу тасынан қиюластырып, маң далада батырдың дуылғасындай шаншылып тұрған салтанатты күмбез де, оның ішкі қабырғасына ойылып жазылған рухты жырлар да бір аяулы жәдігердей еді. Мазардан бірнеше шақырым жерде менмұндалаған әйгілі шешен Малайсары бейітіне де арнайы барып құран оқылды.

Бұдан соң мұсылманның жөн-жоралғысымен ауыл имамына құран аудартып, құрбан шалынды. Халық арасында Махамбет үйінің орны деп есептелетін дөңгелек жазыққа тізе бүккен театр әртістері Қарой топырағынан ескі күндердің елесін іздеді. Адамзат санасынан тыс тылсым күштің барына сенгісі келді. Ең ғажабы сол, елуге тарта әртістің арасында қазақ театрының қазіргі көзі тірі абыздарының бірі Чапай Зұлқашевтан бастап, күні кеше табалдырық аттаған жасөспірім қыз-жігіт те жүр еді. Ұрпақ сабақтастығының бұдан артық белгісі болуы мүмкін бе? Ал, Чапай қарттың Қарой жазығында саңқылдап оқыған жырларын да, сол күнгі аспанның ерекше көкпеңбек түспен төңкеріліп тұрғанын да, әдеттегі тентек дауылының тыншығанын да жақсы ырымға баладық.

Ұжымды бастап келген театр директоры Берік Жәменов сапар барысы туралы азды-кем сыр шертті. «Біздің театрымыз Махамбет бабамыздың мәртебелі есімін иеленгеніне де қырық жылға жуық уақыт болған екен. Бүгінгі сапардың мағынасы біз үшін өте терең. Қай түкпірге, қай елге барсақ та, Махамбет театры келді дегенде елең етпейтін жұрт жоқ. Есімінің өзі ғажайып рух беретін осыншама ұлы тұлғаның мәңгілік мекеніне тәу ете келдік. Театр маусымының ашылуы бар, сексен жылдық мерейтойымыз бар, қала берді қасиетті Құрбан айт қарсаңында осы сапарды жоспарлаған болатынбыз. Жуырда Тәкен Әлімқұловтың әйгілі «Қаройын» сахналамақпыз. Бұл жердің аурасын сезіну режиссер үшін, жалпы шығармашылық ұжым үшін үлкен жемісін береді деп ойлаймын. Біз өзіміздің тарихымызға, құнды жәдігерлерімізге, ұлы тұлғаларымызға деген құрметімізбен байыған елміз. Бүгін біздің театр ұжымының рухани қуаттанған, мерейі тасыған күн болды. Батырдың аруағы жар болсын!» деді ол.

Сапар соңында академиялық театр әртістері Жарсуаттағы Махамбет музейін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.

P.S.  Махамбет  туралы айтылған аңыз бен ақиқаттың, жазылған өлең мен жырдың есебін ешкім шығара алмас.

Қыста көр, мейлі жазда көр, ажары қату,

Баяғы Қарой бүк түсіп бозарып жатыр.

Сән-салтанаты келіскен күмбез астында

Қазақтың көрген қисапсыз азабы жатыр…

Батыр аттас ұжымның бұл сапары үлкен рухани ізгі шара ғана емес, келешек жеңістеріне қуат пен сенім еселегені сөзсіз. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезініп қана қоймай, оның ащы өтеуін естен шығармаудың маңызы зор. Баба рухына тағзым еткен Махамбет атындағы академиялық театр есімін әлемдік сахналардың төрінен көруге жазсын!

Әлия  ДӘУЛЕТБАЕВА,

Индер ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз