Аудандық мәслихат депутаты Шоқпартоғай мектебіне теңдессіз сый жасады

ФОТО КІТАП Білім

Шоқпартоғай селосындағы мектепте Орынша Сисенғалиеваның жетекшілігімен «Қауырсын қалам» әдеби үйірмесі жұмыс істейді. Онда жиырмаға жуық оқушы шығармашылықтарын шыңдауда. Жақында оларға Жылыой аудандық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Сейітжан Балжігітов жетпіске жуық құнды кітапты табыс етті.

ФОТО - КІТАП

Олардың қатарында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Махамбет Өтемісұлының, Ілияс Есенберлиннің, Әзілхан Нұршайықовтың, Меңдекеш Сатыбалдиевтің шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, тарихи тұлғалар Төремұрат батыр, Қызданай туралы жазылған және Ділдә Матайқызының да тәрбиелік мәні зор туындылары бар. Ал, ауыл мектебінің кітапханасына ақберен ақын Меңдекештің «Мен ақ жаңбырмын» шығармасы тарту етілді.

Үйірме ұжымы мен мүшелері алдында сөз сөйлеген Мәслихат депутаты Елбасы мақаласында айтылған ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар туралы сыр шертті. Ол мәңгілік мұраның бәрі де осы кітаптарда сақталғанын айтты.

«Тарихи және әдеби еңбектердің бағасы өлшеусіз. Өкінішке қарай, қазір қоғам одан алыстап барады. Бұл ретте, әрине, озық технологияның қарыштап дамуы да белгілі дәрежеде өз әсерін тигізіп жатыр. Әйтсе де, кітап өзінің құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Өйткені, ол – жанымызды байытатын алтын сандық»,-деді Сейітжан Балжігітов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз