Аламан бәйге алаңында

Alaman b yge ala yinda Қоғам

Қазақтың тойы аламанмен  ерекшеленеді. Ұлттық ат спорты Жылыой ауданының 90 жылдық мерекесінде өзгеше ұлықталды. Қос автокөлік жүлдеге тігілген бұл додаға еліміздің түкпір-түкпірінен сәйгүлігін сайлап, атбегілер келіп, бақ сынады. Аламан десе арқасы қозатын көрермендер де бәйге төбеге көптеп жиналды.

Аламан бәйге алаңында

Он сегіз шақырымдық топ бәйгеде – 9, отыз шақырымдық аламанда 18 ат жарыс жолына шыққанымен мәре сызығына жеткенше біразы қатардан шығып қалды. Жарыстың жүлде қоры да салмақты. Топ бәйгенің бас жүлдесіне  «Нива» автокөлігі тігілді. Оған маңғыстаулық Нұредин есімді шабандоз ие болды. Әрқайсысы 500 және 200 мың теңгелік жүлдесі бар екінші, үшінші орындарды атыраудың торысы мен Батыс Қазақстанның Құлагері бөлісті. Құйрық тістескен аламан бәйгеде Батыс Қазақстан облысынан келген шабандоз Берік Муслиннің Күрең атты тұлпары мәреге бірінші жетті. Белгілі кәсіпкер, меценат Төкен Жұмағұлов өзінің аламанға тіккен ақ түсті «Nissan Terrano» автокөлігінің кілтін топ  жарған жігітке табыс етті. Атты жаратушы – Марат Мұхтаров. Екінші болып  мәре сызығын көршілес облыстың Ақ Жайық ауданынан келген Бисұлтан есімді шабандоздың Сұңқар атты тұлпары кесті. Ол жылыойлық шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігітов  бәйгеге тіккен мотоциклді еншілеп, мәз болды. Үшінші орынды 300 мың теңге жүлдесімен Бейнеу ауданының Бақытжан есімді шабандозы иеленді.

Жеңімпаздарды аудан әкімі Азамат Бекет, Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы және белгілі кәсіпкер Төкен Жұмағұлов марапаттады.

  Қайрат НҰРТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз