ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ БЕРІЛДІ

Индер. Жақында «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы ғимаратында «Шаңырақ-2008» үкіметтік емес ұйымы аудан әкімі аппаратымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері –Тәуелсіз елдің мызғымас негізі» атты облыстық конференциясын өткізді.

 

Конференция жұмысына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Оразбек Қасымов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Мұнан соң Индер аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин мемлекеттік рәміздерінің нормативтік-құқықтық базасына шолу жасаса, «Триумф» оқу орталығының жетекшісі Нәсіпхан Жұмекеева рәміздерді қолдану бойынша әдістемелік нұсқаулар берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ҚХА кафедрасының меңгерушісі Жаннат Асабаева «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы: қазақстандық отансүйгіштікті күшейту, ұлттың бірлігі, тәуелсіз елдің құндылығы мен жетістіктерін насихаттау» деген тақырыпта баяндама жасады. 

Конференцияға қатысушылар отбасында, оқу және қоғамдық орындарында жастардың аса маңызды мемлекеттік белгілер – рәміздер жөніндегі білімдерін жан-жақты сарапқа салу, оларға мәнін ұғындыру, ерекше құрметтеу, мақтан тұту керектігін айтып, құнды ойларымен бөлісті.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ, өз тілшіміз.       

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз