«ТАҒДЫРМЫН ЕРТЕ ЖОҒАЛҒАН…» (ЭССЕ)

Жақында облыстық «Атырау» газетінен белгілі журналист Әлібек Қайыровтың ақын Марат Отаралиев туралы жазған «Жанбай өшкен жалын еді» атты мақаласын оқыдым. Мақала маған үлкен әсер қалдырды. Осыған орай Марат ақын туралы көрген-білген ойға түйгендерімді газет оқырмандарына жеткізуді азаматтық борышым деп санап, қолыма қалам алдым.

Марат Отаралиев! Ол – өткен ғасырдың 60-70-інші жылдарында поэзия әлемінде шолпан жұлдыздай жарқ етіп, ерте жанып, ерте сөнген қазақтың талантты ақындарының бірі. Сол кездегі облыстық «Коммунистік еңбек», Балықшы аудандық «Каспий таңы» газеттерінде Марат ақынның сиясы әлі кеппеген жаңа жыр шумақтары бірінен соң бірі жиі жарияланып тұратын. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, жылдар жылжып өткен сайын Марат ақынның да кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат өлеңдері әдебиет сүйер қауымның іздеп оқитын қымбат дүниелеріне айналуы да – табиғи заңдылық!
Марат айтулы ақын болмаса, атақты Жұмекен Нәжімеденов оған арнап өлең шығарар ма еді?! Жұмекен ақынның оны інісіндей көргенін 1985 жылы шыққан «Менің топырағым» атты өлеңдер жинағындағы «Ақын Марат Отаралиевке» деп арнап жазған өлең жолдарынан анық аңғаруға болады.
Мен Марат ақынның балауса жастық шақтарын көрмедім. Алайда, ақынды орда бұзар 30 жасынан асқан шағында бір-ақ рет көргенім балалық жүрегімде мәңгі сақталып қалды.
Марат Отаралиев – менің туған ағам Жұмабайдың өте жақсы көрген ақын ағаларының бірі болатын. Өйткені, Жұмекеңнің мектепте оқып жүргенде Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетіне жарияланған ең алғашқы тырнақалды өлеңдеріне «Сәт сапар!» жазып, тұсауын кесіп, ағалық ақыл кеңесін берген осы Марат ақын еді. Кейіннен Жұмекең 1969 жылы аталмыш газет редакциясына жұмысқа орналасып, ауылдағы үйге келгенде, «апа, (ол анамыз Қалығызды «апа» деуші еді) мен Марат Отаралиев деген ақынмен таныстым, екеуміз бір кабинетте отырамыз» деп қуанып келді. Көп кешікпей-ақ, Марат ақынды біз де көрдік.
Сол жылдары ауыл клубтарында комсомолдық үйлену тойларын өткізу дәстүрге айналды. Сондай тойларға облыстық, аудандық газеттерден фототілшілер, журналистер де арнайы шақырылады. Өйткені, еңбекте озат, үлгілі жастардың тойлары туралы газеттерде жазылатын. Міне, 1969 жылдың күзінде осындай тойлардың бірін жазуға біздің үйге ағам Жұмабаймен бірге Марат ақын келді. Қастарында сол кездегі Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінің фототілшісі Рыздық Бисатов бар.
Марат ақын шашын шалқасынан қайырған, аласа бойлы, өзіне жарасымды қияқ мұрты бар, аузында әзіл-қалжыңы мол, жасы 30-дан асқан арықтау келген жігіт екен. Ағам келген бойда қонақтарына:
– Айтып жүргенім – осы ақын Марат Отаралиев, – деп бізге ақжарма көңілімен таныстырып жатыр.
Марат ағалар тойға дейін де, одан кейін де түні бойы біздің үйде қонақ болды. Ас желініп, әңгіме тиегі ақтарылды. Түні бойы анаммен жақсы сырласты. Арасында: — Шеше, Аллаға аманатпыз, Алланың пендесіміз ғой біз, – деп кеңк-кеңк күліп қояды жарықтық. Ертеңіне таңертеңгі шайдан кейін естелікке фотоға түстік. Сол фото біздің үйде әлі сақтаулы (сол сурет 2012 жылы 13 желтоқсанда «Атырау» газетінде жарияланған ағам Жұмабай туралы «Ағаның асыл бейнесі» атты эссемде жарияланды – Н.Т.). Үйден аттанып бара жатқанда анам жарықтық:
– Айналайын, Жұмабайжан әлі жас қой, өзіңе аманат, көз қырыңды сала жүр, қарғам, – деді. Сол кезде Марат ақын анама:
– Шеше, уайымдамаңыз, ұлыңыз ақындар көшіне ілесті. Аман жүрсе, талай өлеңдерін естисіз. Жақсы ақын болады, көресіз, – деп әдемі жымиып қоштасты.
70-80-інші жылдары Алматыда оқыған студент-жастар жатақханадағы көңілді отырыстар мен өнер, поэзия кештерінде жарысып, бірінен-бірі асып, суырылып өзіне ұнаған ақындарының өлеңдерін оқитын. Жыр додасы қызған сәттерде «бұл өлең – ақын Марат Отаралиевтікі» деп мен де «бәйгеге» қосылып кететінмін. Ал, сол кездегі студент жастардың аузында: «Мұқағали ақын айтыпты…», «Бұл – Марат Отаралиевтың өлеңі» – деп, кітаптарға жарияланбайтын өлеңдері жүретін.
Сол өлеңдерінің біреуінің оқиғасына тоқталайын: Марат ағаның суырыпсалмалығы да бар еді. Бірде ҚазМУ-дің оқытушысы Жанпейіс Қарақұсов екеуі ресторанда отырғанда ұстазы:
– Сені осы жұрт жақсы ақын дейді. Ақындығыңды көрейін, кәне, екеуміздің осы отырғанымызды суреттеп, бір шумақ өлең шығаршы, – дейді. «Ренжімейсіз бе?» депті Марат.
– Жоқ, ренжімеймін, – дейді Қарақұсов. Сонда Марат ақын:
О, менің жан ұстазым Қарақұсов,
Отырмыз, міне, екеуміз арақ ішіп.
Сен болсаң арақтағы кәрі тарлан,
Мен сенің соңыңа ерген бала күшік, – депті. Бұндай өлең шығарады деп ойламаған Қарақұсов: – Маратжан, бұл өлеңіңді ешкім естімесін, осы жерде қалсын, – депті. Бірақ, «ел құлағы – елу» деген ғой, көп кешікпей бұл өлең Алматыдағы студент жастар арасына тез тарап кетіпті.
Иә, Марат ақын 1973 жылы өмірден ерте озды. Жұмекең бір әңгімесінде Марат ақын ауыр науқастан қайтыс болғаннан кейін алғашқы сағаттарда үйіне барғанда, төсегінің астынан ақ қағазға жазылған бір шумақ қана өлең жолдарын тауып алғандарын айтып еді. Онда былай жазылыпты:
Шақырды мені жол алуан,
Тағдырмын ерте жоғалған.
Жеткізбей кетті-ау, қайтейін,
Кеудемде толы көп арман…
Қайран, бір кем дүние…
Ақын жүрек өмірден ерте озарын күні бұрын білген екен ғой. Бұл аманат өлең жолдары қазақтың көрнекті ақыны Марат Отаралиевтың мәңгілік мекені «Теңдік» қауымындағы қабірінің басындағы құлпытасында жазулы тұр.
Содан бері де 40 жыл уақыт өтіпті-ау. Алда ақынның 75 жылдығы келе жатыр. Осыған орай Атырау қаласында немесе өзі өмірінің соңғы күндеріне дейін аудандық «Каспий таңы» газетінде еңбек еткен Балықшы поселкесінің бір көшесіне Марат Отаралиевтың есімі берілсе, бұл ақын рухына тағзым, кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді.

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз