Өшпейтұғын артына із қалдырған…

Атыраудың ардақтылары

«Менің өмір-өзенімдегі елеулі бір өткел – Астанада қызмет еткен жылдарым» болды деп үнемі айтып отыратын Ғалымжан Нұрышевтың өмірінің жарқын тұстарының бірі Ақтөбе өңірімен байланысты еді. Ол 2004 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалады. Содан бергі кезеңде осы оқу орнының республикадағы жетекші білім ордаларының біріне айналуына өзінің қомақты үлесін қосып келді. Институтта білім беру ісінің негізгі арнасы ретінде Болон процесіне икемделуді жолға қойған болатын. Оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы болды. Ғалымжан Жұмабайұлының басшылығымен жүйелі түрде жүргізіліп отырған кәсіптік бағдар, оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесінде жылдан-жылға білім деңгейінің сапасы жоғарылап келеді. Ол оқу-тәрбие ісінде шебер ұйымдастырушы, білікті басшы қабілетін көрсете білді. Бұл бағытта соңғы жылдары оның бір монографиясы мен екі оқулығы жарық көрді. Ұлағатты ұстаз, білікті маманның ғылыми жетекшілігімен жеті кандидаттық, бір докторлық диссертация қорғалды.
Елбасының сындарлы саясатын көпшілік, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында республикалық, облыстық баспасөз бетінде жетпіске жуық мақалалары жарияланды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «білім беру саласында жаңартулар болуы тиіс» деген заңды талап қойған болатын. Осы талап бойынша Ғалымжан ағай институтта «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазына» атты жобаны жүзеге асырып, Ақтөбе өңірінің ақын-жырауларының үш томдық еңбегін жарыққа шығарды.
Еңбектегі табыстары да ескерусіз қалмады. «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін», «ҚР Білім беру үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілері мен Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен және «Құрмет» орденімен, М.В.Ломоносов атындағы орденмен, ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ғалымжан Жұмабайұлы Ақтөбе өңірінің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Ол бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болып, «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы қызметінде де көп жұмыстар атқарды.
Зайыбы Гүлімхан Байкенқызы да ғалым-ұстаз, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор. Ғылым мен білім саласында ірі жетістіктерге қол жеткізген Ғалымжан ағай мен Гүлімхан апай көзінің ағы мен қарасындай Санжар мен Гауһардай балаларды дүниеге әкеліп, терең білім мен тәлімді тәрбие бере білді. Ұлы Санжар Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін бітірсе, қызы Гауһар Қазақ гуманитарлық Заң университетінің қаржы мамандығын бітіріп, қазіргі таңда магистратурада оқып жатыр.
Қазақ ғылымы мен білімінде өздерінің өшпес іздерін қалдырған ғалымдар, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Білім академиясының академигі, Ақтөбе мемлекеттік институтының ректоры Нұрышев Ғалымжан Жұмабайұлы мен әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Шөптібаева Гүлімхан Бәйкен- қызы өмірден өткелі бір жыл болды.
«Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген халық даналығына сай, ағай жүріп өткен өмір өткелі үлкен өмірге апарар соқпақ, сайраған із болып қалды…

Айнагүл ҚАҚИЕВА,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты
тарих факультетінің
ІІ курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған