ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Қазақ ССР еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденінің иегері Ескендір Шәкіліковтің есімі ұмыт қалмаса игі

Ер есімі – ел есінде

«Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР еңбек сіңірген мұғалімі Ескендір Шәкіліковтің аяулы бейнесі мен биік парасаты әлі көз алдымда. Біз мектепте оқыған кез соғыстан кейінгі ауыр жылдар болды, – деп еске алады халық мұғалімі Төлеу Әбішев. – «Сарайшық» орта мектебінде өзге пәндермен бірге орыс тілі мен әдебиетінен де дәріс алдық. Ұстаз Ескендір Шәкіліков осы сабақ қазақ балаларына түсінікті болуы үшін «жеңілдетіп» беруге көңіл бөлді. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтады. Н.Гогольдің «Өлі жандары» мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романдарынан үзінділерді сайрап кеткенде, әрі сүйсінеміз, әрі таңданамыз.

Ұстазымыздың ақыл-кеңесімен, кейін мен де ұстаздық жолын қуып, онымен жұмыстас болғанымда ағайымыздың сабағына қатысып, сабақ беру әдісін үйрендім. Оның методикалық, дидактикалық, көрнекті құралдар жасауға берген ақыл-кеңесін басшылыққа алдым. Ескендір ағайдың «Русский язык в казахской школе» журналына шыққан мақалаларын педагогикалық мұрамызға жинап, пайдаландық. Чкалов орта, Сорочинка жеті жылдық мектептерінің мұғалімдерін қамтыған кусталық-методикалық бірлестікті басқарған кезде Ескендір Зұлқарнайұлы әр пән мұғалімдеріне баяндамалар тапсырып, оны терең талқылап, жарамды деп танылғандарын аудандық, облыстық педагогикалық оқуға жіберіп отырды. Аталған мектептерді аралап, орыс тілінен беретін мұғалімдердің сабағына қатысып, тікелей методикалық көмектер көрсетіп жүрді. Сонымен үлкен ризашылыққа бөленді. Ескендір ағайымыздан дәріс алған Замзия Мұхамбетов, Карима Қалаубаева «Халық ағарту ісінің үздігі» атақтарына ие болды. Нұхы Айшев ұстаз жолын қуып, орыс әдебиеті мен тілінің маманы болды.
Ұлағатты ұстаздың отбасындағы тоғыз баланың барлығы да–жоғары білімді мамандар. Ескендір ағамыз аққұбаша келген, толық денелі, жүрісі паң, қоңыр дауысты жан еді. Бір кезде шәкірт, кейін төрт жыл жұмыстас болып бірге жүргенде біздің байқағанымыз, ол бірбеткей, шыншыл, адамға ойын тура айтатын ұстаз болды. Біз оны адалдығы, биік адамгершілігі, тазалығы үшін жақсы көрдік. Әке сенімін ақтаған балалары да халқына қалтқысыз еңбек етіп, өз қатарына үлгі бола білуде».
Ескендір Шәкіліков 1896 жылы Гурьев уезі, Бақсай ауданының Қызылүй елді мекенінде туған. 1907 жылы Қызылүй мектебін аяқтағаннан кейін Ескендір 1911-1913 жылдары Гурьев қаласындағы орыс-қазақ училищесін, одан кейін 1915 жылы педагогикалық курсты орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын сол жылы Жұбанышкөл орыс-қазақ училищесінде бастаған еді. Кейін өндірістен қол үзбей жүріп, 1942 жылы Орал педагогикалық институтын аяқтайды. Одан кейін оның ұстаздық еңбек жолы Қарабау, Соркөл, Жаманқала, Сарайшық және тағы басқа мектептерде жалғасты.
Ұлағатты ұстаздың мұғалімдік мамандықты таңдап, өзінің бүкіл саналы өмірін шәкірттерге білім беру ісіне арнауына әкесі Зұлқарнай Шәкілікұлының ықпалы болғаны анық. Зұлқарнай Шәкілікұлы Беріш Есен руының старшинасы болып жүрген кезінде атақты Есболдың Қызылүйі атты қазақ балалары үшін бастауыш мектепті 1881 жылы салдырған болатын.
Бұл мектеп патша үкіметінің 1967 жылғы реформасынан кейін салынған мектептердің ең алғашқыларының бірі еді. Мектепте алғашында Сухарев, Синедальцев, Долматов сынды орыс мұғалімдері еңбек етті. Қазақ балалары үшін оқу орыс тілінде жүргендіктен, бұл мектепті бітірген адамдар орыс тілінде өте таза сөйлейтін болды. Марқұм Төлеу Әбішевтің естелігінде айтылғандай, Ескендір Шәкіліковтің өз шәкірттеріне орыс әдебиетінен сабақ берген кезінде орыс классиктері А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Л.Н.Толстойдың, Н.В.Гогольдің шығармаларынан үзінділерді жатқа айтуының сыры осында жатыр деп білеміз. Әрине, өте мықты ұстаз дәрежесіне Ескендір ағамыз тек осы айтылғандардың арқасында жетті десек, шындыққа дәл келіңкіремеген болар еді. Ол ең әуелі Гурьевте, кейін Орал педагогикалық институты қабырғасында оқып, терең білім алды. Сосын өз білімін өмір бойы өзі көтеру жолымен, яғни көркем әдебиетті бас алмай, оқу ісімен ерінбей, жалықпай айналысты. Терең білім, оған қоса тынымсыз тер төгіп еңбек ету Ескендір ағамызды өлкеміздегі ең таңдаулы деген мұғалімдердің қатарына жеткізді деп сеніммен айта аламыз.
Үкімет пен партия ұстаз еңбегін лайықты бағалай отырып, оған «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» атағын берді, сол кездегі ең жоғары мемлекеттік награда–Ленин орденімен марапаттады.
Халық мұғалімінің ерен еңбегі жөнінде «Атырау мұғалімдері», «Атыраудың ұлағатты ұстаздары» атты кітаптарда кеңінен баяндалды.
Ұстаздық еңбектің шебері Ескендір Зұлқарнайұлы облыс мектептерінде 50 жылға жуық адал қызмет етіп, халық ағарту ісіне аса зор үлес қосты. Оның өлкеміздегі халық ағарту ісіне қосқан өлшеусіз еңбегін ескере отырып, ұстаз есімін өзі жұмыс жасаған мектептердің біріне беретін уақыт жеткен сынды. Дұрысы, мұғалім есімін Махамбет ауданындағы өзі алғаш табалдырығын аттаған Есбол Қызылүйі мектебіне берген жөн болар еді. Шәкіліковтердің біреуі ұйымдастырып, екіншісі ұстаздық еткен Есбол Қызылүйі ашылғаннан кейін облыс көлемінде сол мектептің тәжірибесі негізінде тоғыз Қызылүй салынып, бүгінге дейін жұмыс жасап келеді. Тағы бір ескеретін жайт, Ескендір Зұлқарнайұлы өмірінің жиырма жылға жуық мерзімін Атырау қаласында өткізген еді. Қалалық әкімшілік пен қалалық білім бөлімі ұстаз тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату ісін жүзеге асырғаны дұрыс деп ойлаймыз.

Шахман НАҒЫМОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз