Мәрт мінезді азамат

kI7iUtbZh3s Қоғам

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. Әдетте, біз оны көбінесе  он саусағынан өнері тамған, күміс көмей әнші-жыршы, күйші, өнерпаздарға қарата айтамыз. Алайда, күнделікті аралас-құралас адамдарымыздың арасында осындай жандар кездесіп жатады. Өз басым осы жасыма дейін жаны жайсаң талай ағаға іні болдым. Бүгін өзім де көп ініге ағамын.

????????????????????????????????????
????????????????????????????????????

Әр адамның тағдыры түсірілмеген кино, қойылмаған спектакль, оқылмаған кітап сияқты. Көңіл түкпіріне ұялаған сыр пернесін басып қалсаң, әсерлі әңгіменің тиегі ағытыла жөнеледі. Ал, сол әңгіменің астарында – адам тағдыры. Ол өзінің  тағдыр жолында қандай қиындық көрді, қандай қызыққа жолықты, қандай жетістікке жетті деген сан сауалдың жауабын да табасың.

Ендігі әңгіме ағалық ізеті мен сыйластығы үзілмеген, мәрт мінезді азамат Бақтықожа Салахатдинұлы ІЗМҰХАМБЕТОВ туралы болмақ.

Мәрт мінез, жалпы, адамның өзінің бітім-болмысына, бойындағы қасиеті мен табиғатына қарап айтылған ұғым ғой. Текті, бекзада адам жомарт көңіл келеді. Міне, Бақтықожа осы тектілікті, бекзадалықты, жомарттықты, ілімпаздық пен  мәрттікті  бойына сіңірген азамат десем артық айтқаным емес.Осы қасиеттердің бәрі шын мәнінде Бақтықожаның бойынан табылатын нағыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Ол өлеңнен өрнек өріп, дестелей берсе, ақын болар еді. Домбырасын жата-жастанып, әуелетіп ән салса, әнші де болар еді. Бірақ, ол ән мен өлеңді жанына серік етті де, мүлде басқа саланы таңдады. Өмірден өз жолын тапты. Бәкең туралы бірге араласатын азаматтар:

Ол – көпшіл, досқа адал жан.

Ол – өте еңбекқор.

Ол – ақкөңіл, мәрт азамат.

Ол… жалғаса береді.

Өз басым Бәкеңді біраз уақыттан бері білемін. Әсіресе, Бәкеңнің іскерлігі қай салада болмасын байқалып тұрады. Қарапайым ауыл баласының арман қуып, жоғары оқу орны Уфа мұнай институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп, техника ғылымдарының докторы болуы көп нәрсені аңғартса керек. Ол осы мамандығының қыр-сырының тереңіне сүңгіп, майын жілікше шаққан мамандардың бірі де бірегейі десек болады. Бақтықожаның атасы Уфадағы Ғалия медресесін оқып тауысқан көзі ашық, көкірегі ояу азамат екен. Айтқан ақылын, көрсеткен ілімін қағып алатын бала Бақтықожа атасының тәрбиесін көріп өседі. Мектепті де үздік оқиды.

Алтыншы сыныпта ізінен ерген інісіне арнап алғашқы өлеңін жазады. Ол өлең «Қазақстан пионері» газетінде жарияланады. Ата-тегіне тартқан қайсар бала қаршадай кезінен намысқа тырысып, сабақты үздік оқып, қатарының алды болуға ұмтылды. 1966 жылы орта мектепті күміс медальға тәмамдаған соң, ата-анасына қолғабыс болып ерте  еңбекке араласты. 1971 жылы атасы Салахатдиннің жолын қуып, Уфа қаласына жол тартты. Мақсаты мұнай университетіне түсу еді, өз қалауынша тау инженері мамандығын таңдап, бұл оқу орнын да ойдағыдай аяқтайды. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақ балаларынан шыққан инженер мамандар саусақпен санарлықтай болатын. Оқуға түстім деп ата-ананың мойнына бар жүкті арта салу Бақтықожадай саналы ұл үшін сын болатын. Сондықтан, ол оқу мен жұмысты қатар алып жүрді. 1971-1972 жылдары Ембі бұрғылау бірлестігінде бұрғылаушының көмекшісі, кейін бұрғылаушы болып еңбек жолын бастайды. Әрі қарай бір кездегі арманшыл бала Бақтықожаның бүгінде мемлекет қайраткеріне дейінгі жүріп өткен дара, дана Бәкеңе айналған сан тарау өмір жолдары басталады. Ол 1972-1973 жылдары – Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында (ҚазГБҒМИ) бұрғылау технологиясы зертханасының аға инженері,1973-1978 жылдары – «Қазмұнайгазбарлау»   басқармасының аға инженері, техникалық нормалау және еңбекті ғылыми ұйымдастыру жасағының бастығы. Одан әрі 1978-1983 жылдары – Қаз-ГБҒМИ зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары болды.

1983-1987 жылдары Йеменде, Аден қаласында Кеңес мұнай барлау экспедициясының аға инженері қызметінде болды. Бақтықожа Салахатдинұлының сол кезде атқарған жемісті еңбегі үшін КСРО-ның Йемен ХДР-дағы елшілігінің Алтын кітабына есімі жазылған (1985 ж.).

1987-1991 жылдары – ҚГБҒМИ зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибе-әдістеме экспедициясының бас технологі, бастығы болды.

Тәуелсіздігіміздің  алғашқы жылдарында, елімізде инженер кадр мамандар тапшы қиын уақыттарда, яғни, 1991-1993 жылдары Бәкең Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде бөлім бастығы, одан әрі мұнай және газ басқармасының бастығы қызметтерін зор абыроймен атқарып, мұнай өндірісі саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Ол уақытта қиындық өте көп болды. Неге десеңіз, 1991 жылы экономика жұмыс істемеді, қалыптасқан жүйенің бәрі өзгерді, сондықтан, мемлекеттің алдында көп мәселе тұрды. Сол кездерде Елбасымыз елге инвестиция тартуға тапсырма берді. Қаржы қаражатының жетімсіздігі, негізгі қорлардың тозуы жағдайында Қазақстан өз кен орындарын толық мәнінде игере алмады. Алғашқы кезде шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі оңай болмады. Батыстың іскер әлемінде Қазақстан туралы еш ақпарат болмауынан жағдай күрделі күйде тұрды. Елімізге мұнай-газ саласына алғашқы инвесторлардың  келуі осындай қиын да жауапты кезеңдерден өткен болатын. Бүгінде Қазақстанда әлемнің аса ірі мұнай компанияларының біразы  жұмыс істеді. 1993 жылы Түркия елімен Қазақстан арасында алғаш рет «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісім жасалды.

Бақтықожа мұнай-газ саласында жиған білімі мен тәжірибесінің арқасында 1993-2003 жылдар аралығында «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарып, 2003-2007 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарды.

2007-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. Батыс Қазақстан облысында 2011 жылдың көктемінде бұрын-соңды болмаған жойқын су тасқыны болды. Өңір халқы  сол кезде облыс әкімі қызметіндегі Бақтықожа Салахатдинұлының үлкен ұйымдастырушылық қабілеті мен жанкешті еңбегін ризашылықпен еске алады. Сондай ауыр күндерде қиын сәтте көптеген компаниялар мен кәсіпорындардың, мемлекеттік ұйымдардың ұжымдарын бір кісідей жұмылдырып,  Елбасы тапсырмасын абыроймен атқарып, бас-аяғы бірнеше айдың ішінде зардап шеккендердің үйлерін түгелдей жаңалап берген. Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен қайта өңдеуге айрықша көңіл бөлді. Сонымен қатар, облыстың елді мекендеріне түгелге жуық «көгілдір отын» жеткізілді.  Батыс Қазақстан облысындағы «Қарашығанақ – Орал» газ құбыры құрылысы жобасын Елбасы Ақжайық өңіріне сапары кезінде ұсынған екен. Бүгінде облыс түгелге жуық газдандырылған. Бұл өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын, жан-жақты ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Бәкеңе тән қасиет.

2012 жылғы қаңтар – 2012 жылғы тамыз аралығында – V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, көп ұзамай Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалды (2012 жыл, тамыз – 2016 жыл, наурыз).

Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің туған өлкесі Атырау облысындағы әкімдік міндетіне бел шеше кірісіп, шешімін таппаған көптеген ауқымды жұмыстарды атқарды. Ол келген кездері Атырау облысында азық-түлік проблемасы күрделі болатын – бәрі сырттан Өзбекстан, Ресейден және көрші облыстардан тасымалданатын. Картопты Павлодар мен Пәкістаннан сатып алды. Жергілікті сүт, жұмыртқа өнімдері жоқ болды. Көкөністер мен бақша өнімдері мәселесін шешті. Көкөніс қалбырлайтын зауыт салынып, іске қосылды.

Атырауда 50-ден аса дәрі түрлерін шығаратын фармацевтика фабрикасы бой көтерді. Кейін жеңіл өнеркәсіп, балық өнеркәсібін дамыту жолға қойылды. Заманауи өндірістің ең соңғы үлгісі –алғаш рет ыдыста бекіре тұқымдас балықтар өсіру қолға алынды. Үй салу комбинаттары (ҮСК) құрылды. Бақтықожа Салахатдинұлының Елбасы тапсырмаларына әркез сергек қарап, өңірде энергетикалық тәуелсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі секілді ұтымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бел шеше кірісіп кететіні сүйсіндіреді.

2016 жылғы 24 наурыз – 2016 жылғы 21 маусым аралығында VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарды. Бәкең өзіне сеніп тапсырылған қай жұмыста да үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшелене білді. Ол – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері.

Қазіргі кезде Бақтықожа Салахатдинұлы 2016 жылғы 21 маусымнан бас-тап еліміздегі ең беделді ұйымдардың бірі, Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық қеңесінің төрағасы және 22 маусымнан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі лауазымдарын қатар атқарып келеді.

Бақтықожа Салахатдинұлы – таразының екі басын тең ұстап, келешегі кемел жастар алдында да, өмірден білгені мен түйгені мол қария-лар алдында да парызын адал өтеп жүрген кемел қайраткер. Оның бойындағы ең асыл қасиеттерінің бірі де бірегейі – оның еңбекқорлығы. Ол – көңілі түскен адамға көл болып, астындағы атын түсіп беретін аңқылдаған ақкөңіл, жаны жайсаң азамат. Бойына мәрттік, кеңпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды  көптеген жақсы қасиеттерді жинаған. Сонымен қатар, шындықты сүйетін, әділетсіздікке төзбейтін тура мінезімен де ерекшеленеді. Осы қасиеттері оның азаматтық тұлғасын ерекшелеп тұрғандай. Парламент қабырғасында Бақтықожа Салахатдинұлының бастамасымен «Газ және газбен жабдықтауға қатысты» заңына енгізілген толықтырулар мен өзгертулерді  Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдап, Сенат депутаттарының қарауына жолдады.

Бәкең «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде тұрғындармен жиі жүздесіп тұрады. Оның қабылдауынан республикамыздың түкпір-түкпірінен келген азаматтар өз ризашылықтарын білдіріп шығып жатады. Мына заманда адамзатқа жетпейтіні – адамгершілік пен мейірім, жылы сөз ғана екенін Бәкең жан жүрегімен түсінеді. Алдына келген азаматтардың көңілін тауып жұбата біледі. Сол үшін де оның қабылдауына келген азаматтар разылық көңіл-күймен қайтып жатады.

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз