Кісілігі бір төбе

photo 2018 12 25 15 28 29 Қоғам

Менің өмір жолымда, бағыма қарай, жанындағыларға шуағын шашып, бар ақыл-кеңесін аямаған абзал ағалар аз кездеспеді. Солардың қатарында Нәрен Әжіғалиев ағамыз да бар. Ол 1938 жылы «Қызыл Ту» совхозында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқор аға 14-15 жасынан мал шаруашылығына араласып, 1959-1963 жылдары колхоздың бір отар қойын өз жауапкершілігіне алып, ата қоныстары – «Құлын кеткен» елді мекенінде аға шопан болады. Қазір Нәрен ағаның ұлы Ертай осы жерден заман ағымына сай шаруа қожалығын құрып, әке салып кеткен сара жолмен жүріп келеді.

Кісілігі бір төбе

Елімізде жаппай комсомол-жастар бригадалары құрылып жатқанда, 1973-1974 жылдары шұбартаулықтар бастамасына орай Нәрен ағамыз да совхоздан құрылған «Шұғыла» жастар бригадасына он жылдай жетекшілік етеді. Бұл туралы оның үлкен қызы Жанар: «Малды ауылдың тірлігі қашан саябырсыған?! Каникул кезінде ата-анамыздың қым-қуыт еңбектің ортасында жүргенін көретінбіз: шөп тасу, мал суару, қора тазалау, түнгі ит-құстан, түрлі жыртқыштан қорғау, тағысын-тағылар. Әсіресе, мал төлдеу кезіндегі сапырылысты айтсаңызшы! Өзімнің байқағаным – тәтем марқұм енесінен ажырап қалған жаңа туған қозылардың енесін лезде тауып алатын. Аса еңбекқор еді…» – дейді.

Айтса айтқандай, бригадааралық жарыс жеңімпазына берілетін ауыспалы Қызыл туды екі мәрте жеңіп алып, «социалистік жарыс жеңімпазы» медалін омырауына таққан-ды. Ал, ағамыздың Құдай қосқан жары – Орынша Пәнқызы «ағама жеңгем сай» демекші, аузын ашса, көмейі көрінетін өте ақкөңіл жан-тұғын. Үйіне келген қонақтармен орынды әзілдесіп, аға-жеңгелік қолқайырымы мен құрметтерін көрсететін. Ағайын-тума, көрші-көлем, дос-жаран, құда-жекжаттарымен де сыйлы болды.

Атамыз қазақ «Жақсының аты өлмейді» деп өте орынды айтқан. Ауыл-аймаққа үлгілі ісімен, өрісті өнегесімен танылған Нәрен ағамызды сол өңірде білмейтін адам кемде-кем. Кезінде ауылдан шалғай, Батыс Қазақстан облысының шекарасына таяу орналасқан «Құлын кеткен» қыстағы жекешеленіп жатқанда, танымайтын біреуге қолды болып кетпей, қарапайым әулеттің еңбекқор ұл-қыздарына бұйыруына себепші болғанымызға шын көңілден ризамыз. Бүгінде сол елді мекен үстімен талай жолаушы түстеніп, қонып, жүрекжарды ақ алғыстарын білдіруде. Көлік жүргізушілердің көліктегі арнайы құрылғыларында сол жер «Нәрен қыстағы» деген атаумен көрінеді екен.

Ағамыздың есте сақтау қабілеті жоғары болатын. Ондаған жыл бұрын оқыған әңгіме-дастандары мен өлең-жырларды жатқа айтып отыратын. Нәкең әлі де болса арамызда жүре тұрғанда, біз оның сексен жасын дүркіретіп тойлар едік. Амал нешік, жазмыштан озмыш» жоқ. Талай шопанға тәлімгер болған оны мал шаруашылығымен айналысып жүрген інілері – А.Хайруллин, Ж.Жанқуатов, Ш.Жұмашевтар ұстаз санады, қадір тұтты. Мен де қызмет барысында ағаның мал басын өсірудегі еңбегіне ден қойдым. Туған жерді түлетуге бір кісідей еңбек сіңірген азамат болса, Нәрен ағамыздай болар деймін. Бәзбіреулер сияқты даурыға сөйлеп, болмашыға мақтанатын адам емес-ті ол. Адалдықтың ақ жолымен жүре білген кісі еді. Өмірлік қосағы Орынша апай екеуінен өрбіген төрт ұл, төрт қызына өте жақсы тәрбие беріп, сол кездегі астанамыз – Алматыдан жоғары білім алуларына мүмкіндік жасады. Бұл шаңырақта жоғары білімді құрылысшы да, дәрігер де, кәсіпкер де, заңгер де, экономист те бар.

Ұлдай ӘЙТІШЕВА,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз