«ҚАЗАҚ СОЛДАТЫНЫҢ» ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІГІ

Даңқты жерлесіміз Қайырғали Смағұловтың Кеңес Одағының Батыры атағын алғанына – биыл 70 жыл. Оған сұрапыл соғыстың от-жалынында 1943 жылы 17 қарашада Керчь жарты аралында неміс-фашист басқыншыларымен болған ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ерлігі үшін осы жоғары атақ берілді. Біздің елімізде, халқымызда сіңісті бір жақсы дәстүр бар. Ол – аға ұрпақ дәстүріне адалдық, кейінгі жас ұрпақ бойына аталар ерлігін насихаттау.

Қайырғали Смағұлов 1919 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Қайыршақты (Томарлы) ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оны анасы Биғайша өзі өсіріп, тәрбиеледі. Жастайынан оқуға, білім алуға талпынған Қайырғали 1933 жылы Орал балалар үйінде тәрбиеленіп, жетіжылдық білім алды. Артынан туған анасы іздеп келгенде ол білімге деген құштарлығынан бас тарта алмай, сонда қалып оқыды. Балалар үйіндегі достары оны Костя деп атаған. Кейбір ресми құжаттарда Константин Иванович есімімен де аталады. 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп жүрген кезінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып майданға аттанып, алғашқы рет фашистермен Дондағы Ростов түбінде бетпе-бет келді.
Сондай-ақ, Қайырғали Смағұловтың ротасы Азов теңізі жағалауындағы күншығысты жағалай қоныстанған елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Жаудан азат еткен елді мекендер ішінде Малгобек, Георгиевск, Минеральные воды, Краснодар, Темрок сынды көптеген селолар мен қалалар бар еді. Сонымен қатар, құрамында Қайырғали Смағұлов бар рота жауынгерлері Владикавказ тау жотасынан Тамань жағалауына дейінгі жау басып алған жерлерді неміс басқыншыларынан босатты. Осынау жауапты кезеңде өшпес ерлік үлгісін көрсеткен рота сержанты Қайырғали Смағұлов немістің 90 жауынгерін жойып, екі танкіні талқандады. Жиырма бес фашисті тұтқындады. Кейін оның бесеуінің «тіл» болып шыққандығы белгілі болды.
Бір күні түскі үзіліс кезінде рота командирі А.С.Мирошник сарбаздарын сапқа тізіп, жауынгерлердің фамилияларын оқып шықты. Бірқатарының аты-жөнін ерекше сызып алды. Солардың қатарында Қайырғали Смағұлов та бар болатын. Содан кейін Мирошник өз жауынгерлеріне «Рота солдаттары, біздің 318-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Василий Федорович Гладковтың бұйрығы бойынша Новороссийск қаласын жаудан азат ету міндеті ротамызға жүктеліп отыр. Осы міндетті абыроймен атқарып шығуымыз керек» деп мәлімдеді.
Командирдің сөзі аяқталмай жатып: «Новороссийск қаласын жаудан азат етеміз» деген сарбаздардың дауысы бір демде күн күркірегендей жарқылдай шықты. Айтқандай-ақ, аталмыш рота сарбаздары Новороссийск қаласы үшін шайқаста жанқиярлық ерлік көрсетті. Бұлардың қатарындағы Қайырғали Смағұлов та таң қалдырарлық ерлік үлгілерін көрсетіп, қайсарлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Дондағы-Ростов, Новороссийск, Орджонкидзе, Керчь елдерін азат етуге қатысты.
1989 жылы батыр ағамыздың көзі тірісінде 70 жасқа толуы құрметіне орай сан алуан мәдени және әскери патриоттық шаралар өткізіліп, ерлігі насихатталды.
«1943 жылдың күзі. Новороссийск дивизиясының бөлімдері Керчь бұғазына келіп, Эльтиген (қазіргі Героевское) ауданын плацдармға айналдырды. Керчьті фашистердің қанды шеңгелінен азат ету жолындағы кескілескен ұрыс басталды. Сол бір сұрапыл күндерде біз Эльтигенді «Отты жер» деп те атағанбыз. Өйтпегенде ше, төңірек торыған жау, дивизия қоршауда қалды. Фашистер қоршаудағы десанттарды жойып жіберу үшін жанталасып бақты. Артиллериядан бораған оқтан жер тітіркенді, самолеттер шүйіліп бомба тастаумен болды. Жер қайыстыра қаптаған танктер жойқын әрекет жасады. Бірақ, Керчь бұғазына бөлінген кеңес жауынгерлері дұшпанның анағұрлым басым күшіне ерлікпен тойтарыс бере білді. Жау қоршауында өткен осынау қиын-қыстау күндерде біз өзімізді Отан-ананың құшағынан бір сәт те оқшау сезінген емеспіз. Біз жатқан жерге күн сайын дерлік самолет келіп, «Правда» газетінің кезекті нөмірлерін тастап кетіп тұрды. Бұл газеттің кезекті сандары біздің жеңіп шығатынымызға деген сенімімізді күшейте түсті. Міне, сол «Правданың» 1943 жылғы 18 қарашадағы нөмірінде Эльтигендегі десанттар құрамын марапаттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы жарияланып, 34 солдат пен офицерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті. Солардың арасында менің фамилиям да бар екен. «Шынымен-ақ, осынау атаққа лайық болғаным ба?» деп өзімнен сұрай берем, сұрай берем» депті Қайырғали Смағұлов өз естелігінде.
Батырдың майдандағы ерлігі туралы Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» атты роман жазды. Романда батырдың бейнесі кіршіксіз таза, үлкен атаққа ие екендігі толықтай суреттелген. Мұнда қан кешуде дұшпанды абыржытатын есебінен жаңылдыратын, үрейін ұшыратын ұтымды амалдың бірі – шапшаңдық пен тұтқиылдан кездейсоқ соққы беру. Міне, осыларды Қайырғали Смағұловтың соғыстарда ұдайы жүзеге асырып отырғандығы баяндалады. Сонымен қатар оның рухы биік жан екендігін, соғыс өнерінің қыр-сырын жақсы меңгергендігін айтады. Ғабит Мүсірепов Кеңес Одағы Батырының адамгершілік болмысы, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етеді.
Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов 1939 жылдан 1946 жылдың жазына дейін әскер қатарында болып, елге аман-есен оралды. Елге келгеннен кейін де бейбіт өмірге араласып, іске алғырлығын көрсете білді.
Атыраудағы білім беру мекемелерінде басшылық қызметтерді атқарды. Он жылдай Гурьев (Атырау) педагогикалық институтында әскери дайындық мамандығынан дәріс берді. 1970-1980 жылдары Гурьевтегі (Атырау) №12 кәсіптік-техникалық училищесінде тәрбиеші болды. Қазір аталмыш училищеде де, өзі өскен Қайыршақты ауылында да Батырға арналған мұражайлар бар.
Қайырғали Смағұлов 1996 жылғы 22 қазанда қайтыс болды. Ол өзінің туған жері Томарлы селосындағы зиратқа жерленіп, батырға лайықты мазар-кесенесі салынды. Қазір батырдың атында Атырау қаласында көше, алаң бар, бұрынғы қалалық атқару комитеті үйі алдында бюст орнатылған. Көзі тірісінде 1975 жылы «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы, ал қайтыс болғаннан кейін «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сұрапыл соғыс кезінде өлім мен өмір белдескен, түтеген оқ боранның ортасында қаншама мігірсіз, ұйқысыз кірпік ілмей, дамылсыз өткерген қиян-кескі ұрысты күндер мен түндерді бастан кешкен батыр ағамыздың өнегелі өмірінен қаншама сыр шертіп айтсақ та артық болмас еді.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында аға ұрпақтың ерен ерлігін жас ұрпаққа насихаттап, ел жадында мәңгі сақтау үшін өткізілген «Батыр ерлігінің шежіресі» атты ерлік сабағының алатын орны зор деп есептеймін. Халық каһарманы Б.Момышұлы атамыз «Ерлік әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген еді. Олай болса, бүгінгі ұрпақтың міндеті – өткенді құрметтеу, есте сақтау.

Жанат ЖЕТПІСБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өлке тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз