Феномен

Halel Қоғам

Ауыл молдасынан хат таныған бала Халел 1894 жылы 11 жасында Орал қаласындағы әскери реальді училищенің дайындық класына қабылданды. Орыс тілін тез меңгеріп, зеректігімен көзге түскен ол 1902 жылы оның негізгі бөлімінің толық курсын үздік аттестатпен бітіреді. Осылайша әскери реальді училищені үздік бітірген Халел одан әрі кез келген жоғарғы арнаулы училищеге емтихансыз, ауызша тілдесіп-тексеру арқылы түсуге құқылы болатын.

Халел

Қырдан, Қызылқоға құмынан алыстағы Орал шаһарына келген, ормандай орыстың ортасында қазақ балаларына бөлінген бар-жоғы 10 орынның бірін иеленіп және оны үлгілі тәртібі мен сабақ үлгерімі жағынан тек «өте жақсы» деген бағаға бітірген науша бозбаланың алдында сан түрлі таңдау жолы тұрды. Әрине, жанды жері – отбасы жағдайы-тұғын. Бір үйде шиеттей он бала болды. Әкесі де, аға-інілері де сол кезде қазақты қынадай қырған, тіптен бүгінде де Қазақстанның батыс аймағында зардабы толық жойылмай отырған «көкірек ауруынан» (ел аузында «көксау» да делінеді) – туберкулезден ада емес еді. Біздіңше, Халел атамыздың дәрігерлік мамандықты таңдауының басты себебі – сол кездегі елдегі санитарлық-фельдшерлік жағдайдың мүлдем жетімсіздігі, көкөрім қыршын жастарды баудай түсірген оба, сүзек, шешек, көкірек ауруларының ушығып, бас бермей тұруы. Міне, осылайша қазақтың алғашқы оқығандарының бірі, кез келген ғылым саласына салса, шыңына бір-ақ шығарлық дарыны бар дара талант иесі, елін, жерін ерекше сүйетін гуманист, патриот,  алаштың бағына біткен болашақ ағартушы-ғалым һәм қоғам қайраткері мамандықтардың мамандығы, кәсіптің кәсібі, дайындық, оқу жолының өзі ең ұзағы – дәрігерлікті таңдайды. Және таңдауы анау-мынау орта қол оқу орны емес, Санкт-Петербург Императорлық Әскери-медициналық академияға түседі.

Әрине, дәрігер, қоғам қайраткері һәм ағартушы-ғалым ретінде Қазақ тарихына өшпестей болып аты жазылған Х.Досмұхамедұлының өзіне көзі тірісінде-ақ қойып кеткен мәңгілік ескерткіші – оның келер ұрпаққа аманаттап кеткен ғылыми-мәдени мұрасы.  Ал, бұл өресі биік әрі толық жиналып бітпеген мол мұра-қазына негізінен екі қолдың он саусағын бүксең жетер-жетпес азғана жылды қамтитын үшінші кезеңде, 1921-1928 жылдары дүниеге келген болатын. Осы жылдары баспа бетін көрген оқулықтары мен ғылыми кітаптарына материал жинауды, түрлі ғылым саласындағы теориялық қағидаттарды меңгеріп, талдап, жетілдіруді ол осы Петерборда оқыған студент жылдары қолға алғаны сөзсіз.

Осы орайда, энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де жастардың біле жүргені жөн. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны да осы Петерборда оқыған студенттік кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел, ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші. …Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді ғалым-дәрігер. Ал оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсер қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру зор қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек» [«Аламан»  жинағы].

Ана тілінің асқан білгірі Х.Досмұхамедұлы орыс тілін жастайынан, әскери училище қабырғасында-ақ ғажайып меңгеріп алды, оны біз ғалымның осы тілде жазылған қолжазбалары мен тасқа басылған еңбектерінен көреміз. Неміс тіліне оның өте жетіктігін мамандығы бойынша  тілші, өзі де бірнеше тіл меңгерген филология ғылымдарының кандидаты Қарашаш Халелқызы қашанда айтып отыратын.

Халекең профессор Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі туралы әңгімелер» және «Денеміздің түзілуі мен   жұмыс қылуы туралы әңгімелер» атты танымдық кітаптарын қазақ тіліне аударды. Ал, үш томдық «Жануарлар» кітабын жазу тәжірибесі туралы өзі былай дейді: «Жануарлар» көбінесе орыстың Алуев деген профессорының және немістің атақты Брем деген білгішінің кітаптарына қарап жазылды» [Х.Досмұхамедов, «Таңдамалы»].   Реальді училищеде неміс және француз тілдерінен үнемі жақсы баға алғанын, ал, Академия қабырғасында латын тілін оқып-үйренгені  мәлім.

Латын тілі туралы ғұламаның айтып кеткен мына бір ойлары бүгінде де өз мәнін жоғалтқан жоқ деген пікірдеміз: «Осы заманғы ғылым – Еуропа ғылымы, барлық Еуропа ғылымында қолданылатын тіл – латын тілі. Сондықтан, латын тілі жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Ғылым атауын латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да, ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды» [3, 264].  Оның сондай-ақ, көне түркі мен ортаазиялық шағатай тілі,  араб және парсы тілдері жүйесімен таныстығын, одан бір адамдай хабардар болғандығын бізге жетіп отырған оның мол мұрасымен танысу үстінде көз жеткізе аламыз.

Академияны үздік бітірген жас маман офицер ретінде кесімді мерзімге әскери міндетін өтеуге жіберіледі. Алдымен Пермь губерниясының Чердынск уезіндегі Марчанск учаскесінде дәрігер, онан кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал казак атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер міндетін атқарады. Осы жылдары Орал қаласының қалалық ауруханасында бір жылдық мамандандыру курсынан өтеді. 1912, 1913 және 1915 жылдары оба (чума) эпидемиясының ошақтарында болып, өз өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, обамен күрес істеріне түрлі деңгейде тікелей араласады. Сол кездегі тәртіп-заңға сәйкес, оба індетінің таралуына қарсы шара қолданудағы әрбір күні 12 күнге есептелінетін.

Осы сіңірген еңбектерін және әскер қатарында «Романовтар үйі Патшалық құруының 300 жылдық естелігіне» орай Императорлық қола медальмен марапатталғанын алға тарта жүріп, 1913 жылы Орал облысы вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден толықтай босайды да, Орал облысының Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады.

1920 жылы тамыздың 21-і күні Түркістан республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы ұйымдастырылады. Х.Досмұхамедұлы кешікпей осы комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Осылайша саяси қайраткер ретінде аттан түскен ғалымның өзінің төл мамандығы бойынша қайтадан жұмыс жасап, ағартушылық сара жолға түсуіне мүмкіндік туады. Бір кезде астана Петерборда тірнектеп жинаған білім қазынасын туған халқына қайтарар, рухани қарыз-парызын өтер сәті түседі.

Осы жылдары Ташкенттегі Қазақ Халық ағарту институтында, Орта Азия университетінің медицина факультетінде дәріс оқиды, ғылыми еңбектерін жариялайды. Денсаулық сақтау Халкомының коллегия мүшесі, Ресей Ғылым академиясы Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі болып сайланады. Осы кездерде Халекеңнің таза практикалық дәрігерлік мынадай жұмыс-қызметтермен тікелей айналысқанын келтіре кетуге болады: 1920-21 жылдары – Ташкент Физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ пединститутында мектеп дәрігері; Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің факультеттік хирургия клиникасында ординатор. 1922-24 жылдары – Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі; осы комиссариаттың емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі;  Комиссариат жанындағы Эпидемияға (обаға) қарсы күрес Орталық комиссиясының төрағасы. 1924 жылы Москвада болып өткен V Бүкілресейлік денсаулық сақтау съезінің делегаты. 1926 жыл – Қазақ жоғары пединститутында мектеп-санитарлық дәрігер; Институт жанындағы тоғыз жылдық тәжірибелі- үлгілі мектепте анатомия, физиология және гигиена пәндерінің мұғалімі; Қазақ жоғары пединститутында ректордың орынбасары. 1926-29 жылдары – Қазақ жоғары пединститутында «Педология» курсы  [4] бойынша оқытушы, доцент, педология кабинетін басқарушы; педология кафедрасының профессоры. 1929 жылы – Қазақ пединститутының проректоры.

1930 жылдың 15 қыркүйегінде ол кінәсіз қамауға алынып, 19 ай Алматы түрмесіне жабылды. 1932 жылы 20 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ «үштігінің» шешімімен бес жыл концлагерьге қамауға алыну жөнінде үкім шығарылып, кейін ол үкім Воронеж қаласына жер аударылумен ауыстырылды. Осы айдаудағы жылдарында ол дәрігерлік қызметімен отбасын асырады: 1932-34 жылдары – Воронеж қаласындағы  Орталық қаратопырақты облыстық денсаулық сақтау бөлімінің Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі; 1934 жыл, сәуір – Воронеж қалалық балаларды емдеу-профилакториялық амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары; 1934 жыл – Воронеж қаласының Орталық ауданының учаске дәрігері; ЮЖВД санучаскесінің санитарлық дәрігер-эпидемиологы; 1934-38 жылдары – аудандық денсаулық сақтау бөлімінің балалар бақшасында дәрігер; пионер лагерінде дәрігер (қызы Сәуленің естелігінен).

1937-38 жылдардағы өршіген репрессия жалыны алыс Воронежде жүрген Халекеңді де тыныш қоймады: туған жерге жете алмай зарығып, арып-ашып, әрі денсаулығына байланысты әбден қалжыраған Алаш көсемдерінің бірі тағы да тұтқынға алынып, Мәскеу түрмесіне жеткізіледі. Науқас, жүруге қалі жоқ дәрігер, ғұлама ғалымды Алматы түрмесіне әкеліп, әбден азаптап, жауаптап, 1939 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының әскери трибуналы «ату жазасына кесілсін» деген үкімін шығарады.

Оның оқулықтары бүгінгі буын, жаңа ұрпақ үшін мүлдем «жұмбақ арал». Өйткені олар заманында араб қарпімен кітап болып шыққан, қазіргі жазу үлгімізге әлі көшірілген жоқ. Оларды қайталап жаңғырту, қажетті тұсын кәдеге жарату, көпшілікке қолжетімді ету, біздіңше, бүгінде өте өзекті мәселе. Әрине, арадағы бір ғасырдан астам уақытта ғылым-білім қарыштап алға дамып кетті. Құрылымдық жағынан бұл пәндердің (анатомия, биология, зоология, гигиена т.б.) мазмұны өзгеріп, әлеми сапасы, танымдық сипаты, толыққанымен базалық термин қоры сақталып қалғаны сөзсіз. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің жан-жақты дамуы мен толыққанды мәртебеге ие болуының бір шарты – ғылымның барша саласында ана тілімізде терминдік жүйені жетілдіріп, қалыптастыру. Оның үстіне уақыт, замана талабы үлгілі латын  жазуына көшу мәселесін де алға шығарып отыр. Осы бағыттарда Х.Досмұхамедұлының қаламынан туған әрбір ғылыми еңбек, оқулықтарды талдау, зерделеу, қажеттісін игеру – кезек  күттірмейтін шаруа.

Міне, осы олқылықтың орны биылғы оның 135 жылдық мерейтойы қарсаңында толып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен Х.Досмұхамедовтың шығармаларының таңдамалы 3 томдығы «Арыс» баспасынан шығып, оқырмандарға жол тартты. Оның кезінде араб қарпімен шыққан телегей теңіз мұралары қазіргі крилицаға түсіріліп берілді.  Бұл – ұлтымыздың рухани әлеміне қосылған көл-көсір қазына.

Ол – феномен, қайталанбас тұлға.

Ғарифолла ӘНЕС,

халелтанушы,

филология

ғылымдарының докторы, профессор.

Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ,

саясаттанушы, Қазақстан

Журналистер

Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз