БІЗ БІЛЕТІН БЕКБАЕВ

Адам өмірден өткенде оның адамгершілік қасиетін, айшықты сөздерін ел есінде сақтап, құрметтеу алдымен оның ұрпақтары мен туыстарына, қала берді, оны танитын жора-жолдастарына, еліне қажет.

Қашан да айналасына кісілік пен кішіліктің биігінен қараудан жалықпаған, қашан көрсең де сабырлы қалпынан еш өзгермейтін Қырықбай Бекбаевтың бақилыққа аттанғанына да биыл 20 жыл болады. Бір ауданда туып, мектепте бірге оқығандықтан, ауданда қатар жұмыс жасағандықтан өте жақсы көретін құрдастарымның бірі – Қырықбай Бекбаевтың орны бір бөлек. Оған үлкен себеп – оның адамгершілігі, журналистік шеберлігі. Қырықбай адамдармен әңгімелесуді ұнататын, бұл оны халыққа жақындата түсті. Қырықбайдың жүрген жерінде көңілді, үйлесімді әзіл, жарасымды күлкі орын алатын.

Үлкенге ізетті, кішіге қамқоршы әрі ақылшы аға бола білу де бір мерей мен мәртебе, қуаныш пен бақыт емес пе? Көңілі – көктем, жаны – жаз, жүрегі – дархан, сезімі – дария, жақсы ісі – жария, махамбеттік абзал азаматтардың қатарында есімі құрметпен аталатын Қырықбай осындай жан болып есімізде қалды.

Қырықбай Бекбаев 1937 жылы 10 қарашада Жайық бойындағы Есбол ауылдық советіне қарасты №11 ауылда дүниеге келіп, 1956 жылы Махамбет орта мектебін бітірді. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының зобалаңына тап келді. Ел көрген қиыншылықты ол да бір кісідей бастан кешті.

Мектеп бітірген жылы содан бір жыл бұрын ғана ашылған Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 1961 жылы «Қазақ мектептері үшін орыс тілі мен әдебиеті және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықты. Ол 1961 жылы өзі оқыған Махамбет орта мектебіне жұмысқа орналасып, осы пәндерден сабақ берді. Қырықбай Бекбаев 1963 жылы аудандық партия комитетінің жұмсауымен аудандық «Малды өңір», қазіргі «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясына жұмысқа орналасты. Осында жеті жыл ішінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасарлығы сияқты барлық жұмыс процестерін атқарып, табаны күректей жеті жыл бойы аудандық газеттің редакторы болды.

Қырықбай Бекбаевтың бір белестен екінші белеске көтеріліп, абыройы асып, жауапкершілігі мол істерге мұрындық болуына білімділігі, байыптылығы, айналасымен дұрыс қатынас жасай білетіндігі себеп болса, екінші жағынан, туа біткен турашылдық, адамгершілік, әділеттілік, адамға деген жаны ашығыштық мінез байлығы болса керек. Сонымен қатар, ол әкесінен ерте айырылып, өмірдің ыстық-суығында өзін-өзі баулып, өмір өткелдерінің әр кезеңінде талап пен табандылықты тоғыстыра отырып, алға қойған мақсаттарына жетуге бар ынта-жігерін салды.

«Қырекең шебер ұйымдастырушы, білікті ұстаз бола білді. Талай жастың қаламгерлік жолында тұсауын кесіп, қанатын қатайтты. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениетінің өркендеуіне де өзіндік үлесін қосты. Бірнеше мәрте аупартком мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Өмірінің ақырына дейін облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің Махамбет, Исатай, Индер аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Қаламгерлік және саяси-қоғамдық қызметімен, биік кісілік қасиеттерімен аудан халқы арасында зор бедел мен құрметке ие болды.

Ауызда аты, қағазда хаты қалған қарымды қаламгер, абзал азаматтың есімі әрқашан ардақтауға лайық. Біздер, бірге қызметтес болған әріптестері Қырықбай Бекбаевтың есімі аудан орталығындағы көшенің біріне берілсе деген тілегіміз бар. Біздің осы ұсынысымызды тиісті орындар аяқсыз қалдырмас деп үміттенеміз», – деп еске алады ардагер журналистер Қапиз Мұқтаров, Жолдас Дүсіпов, Бағыт Көшербаев. Сондай-ақ, Қырықбай Бекбаевпен жұмыстас болған ауданның құрметті азаматтары Орынбасар Көшалиев, марқұмдар Талшын Шапауова, Бағытжан Рамазанов және осы жолдардың авторы қол қойған, аудандық «Жайық шұғыласы» газеті ұжымы мен сол кездегі Махамбет селолық округі әкімінің (Мәжиев Қайыржан) осындай ұсыныстары 2011 жылы 5 мамырда аудандық ономостикалық комиссиясына (төрағасы С.Арыстанов) тапсырылған еді. Бірақ, бұл мәселеге мораторий жариялануына байланысты әлі шешімін таппай келеді.

Еліміз үшін, туған жеріміз үшін адал ұл болып тер төккен азаматтар арасында Қырықбайдың да орны ерекше. Сондықтан, оның аты ұмытылмайды. Аты ардақтауға лайық. Мен Қырекеңді қарапайым адамгершілік тұрғысынан қарасам, кісілік пен кішілікті, парыз бен парасатты, игілік пен ізеттілікті ұштастыра білген азаматтардың қатарына қосар едім.

Біз білетін Қырықбай мінезі биязы, өзі де, сөзі де жібектей есіліп тұратын, аз жазса да саз жазатын, біртоға жайсаң азамат еді ғой. Көп сөйлемей, тоқетерін айтып, түйіліп отыратын ол: «Үндемеуім байлығым, дұшпаныма айбыным, достарыма жайлымын» дейтін. Қырықбай Бекбайұлы өзінің қаламгерлігімен аудан, облыс жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген, абыройлы еңбек еткен кәсіби журналист болатын. Қырықбай адами абзал қасиеттерді бойына мол жинақтаған, үлкенді аға деп сыйлаған, кішіні іні деп маңдайынан сипаған, жұмысында ұстаз бола білген азамат. Қырықбай қандай істе де батыл болатын, қандай жұмыс болса да түбегейлі шешуге ұмтылып, барлық мүмкіндіктерді пайдалана алатын. Ол өзіне де, өзгеге де талап қойып, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын.

Қырықбай ұлтымыздың дәстүрінен, салтынан, елдің тарихынан, зиялы адамдардың өмір жолдарынан мағлұматы мол болатын. Осы саладағы оның әңгімелері, аса тартымды, ол кім-кімді де баурап алатын, кездескен жерде ортаның сәнін келтіретін. Елінің игілігіне бар болмысын аямай жұмсай білетін, қандай жұмыста да Қырекең адал еңбегімен, халқына жан-тәнімен беріле қызмет еткен іскерлігімен көріне білді. Өзіне тапсырылған қызметті қара нардай көтеретін, қадамын нық басып, жұртқа жақын жүрді, сөйтіп, ол ел құрметіне бөленді.

Адамның парызы үш түрлі өлшеммен бағаланады, олар – биіктік, тереңдік және кеңдік болса керек. Осы қасиеттер Қырықбайдың бойынан нық орын алған десем, артық айтқандық емес. Ол жалпақ шешей болмаған, жан-жағына жалпақтамаған, ешкімге беталды бас имеген, қайыңның безіндей шымыр тұлға еді.

Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Облыстық масштабтағы лектор болды. Аудандық «Аққұс» шығармашылық серіктестігінің жетекшісі болды. Оның қаламы екі тілде бірдей жүйрік болатын. Жас кезінен бастап, бүкіл өмір бойы журналистикамен, прозамен, әдебиет сынымен айналысты. СССР Журналистер Одағының мүшесі. Ауданымыздың, өлкеміздің тарихын, халқымыздың ардагер ұлдары Исатай, Махамбет өмірлерін, олар бастаған ұлт-азаттық көтерілістің бүге-шігесін зерттеп жазған әңгіме-новеллалары Қазақстан Жазушылар Ордағының органы – «Қазақ әдебиеті» газетінде жиі жарияланып, оқырмандардың жылы лебізіне ие болды. Қазақтың өткен дәуірдегі Мұрат, Бала Ораз сынды т.б. ақындары жайлы бірқатар еңбектер жазды, шежіре жинаумен де айналысты.

Қырықбай өмірден ерте кетсе де, артына өлмейтін мұра қалдырды. Ол – 1999 жылы «Өлке» баспасынан аудан әкімшілігінің демеушілігімен жарық көрген «Мұнар күн» атты көзі тірісінде әртүрлі газет-журналдарда жарияланған әңгімелері, очерктер мен эсселері енгізілген кітабы. Аудандық газеттің саяси ұйымдастырушылық, полиграфиялық көркемделуіне Қ.Бекбаевтың көп жұмыстануы нәтижесінде одақтық, республикалық журналистер ұйымдарының сыйлықтарымен, дипломдарымен марапатталған. Атап айтсам, 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «За доблестный труд» медалімен, 1970 жылы «Малды өңір» газеті редакциясы Бүкілодақтың М.И.Ульянова атындағы сыйлыққа ие болған, осыған орай Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, газеттің саяси ұйымдастырушылық және полиграфиялық көркемделуі үшін республикалық конкурста (1973, 1974, 1975 ж.ж.) бірнеше рет Құрмет грамотасымен және 3-дәрежелі дипломмен марапатталған.

«Өмірдің алды – үміт, арты – өкініш» деген. Қасыңда аман жүргенде небір тамаша адамдармен бірге болып, олар туралы ойлана алмайтының шындық. Ол адам өмірден кеткен соң, қадірін біліп, ойланып өкінесің. Енді өткеннің қайта оралмасын мойындайсың. «Жақсы жолдас ерттім дегенше, жарты жолдан өттім де» дегендей, жолдастығымыз, достығымыз, құрдастығымыз Қырықбаймен жарасып еді.

…1979 жылы «Бақсай» совхозы директорлығынан аудандық кеңес атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары қызметіне келгенімде Махамбетте әртүрлі лауазымды жұмыста істейтін Қырықбай Бекбаев, Жетпісбай Слеумұқанов, Нариман Үлкенбаев, Бақытжан Рамазанов, Орынбасар Көшалиев сынды алты құрдас болып едік. Міне, қазір өкінішке орай қатарымыз сиреп-ақ қалды.

Отбасына келсек, Қырықбай мен Тұрсын екеуі – өнегелі ұл-қыз өсірген, үлгілі отбасы. Қырекеңнен тараған ұл-қыздары – отбасын құрып, әрқайсысы өз орындарын тауып, бауырмалдық байыбымен жұдырықтай жұмылған жандар. Алыс-жақынмен құда болысып, өрісін кеңейткен өнегелі жанұя болды. Қырықбай құрған мәуелі бәйтеректей үлкен шаңырақ, құдай қосқан қосағы Тұрсын мен әке тәрбиесін көрген Махамбет баламыз бастаған ұрпақтары арқылы әрдайым бедел биігінде бола беретініне сенімім мол.

Бұл фәни дүниеге ардақты азамат болып келіп, жастық жалын-жігермен жарқылдап, терең ақыл-оймен лапылдап өткізген өмірі – көпке үлгі. Замандас, дос, құрдастарының жадында сол жалындаған қалпында қанша жыл өтсе де мәңгі алау болып қала бермек…

 

Мәндірғали ОРАЗҒАЛИҰЛЫ,

еңбек ардагері,

Махамбет ауданының құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз