БИ МӘДИНА

Осы кісіні көрген сайын табиғаттың да қателесетініне, орынсыз сараңдығына таң қаламын. Болмысы да, жаратылысы да, парасаты да ер-азаматқа лайық. Бірақ, нәзікжанды... Қашан да бір өзгермейтін қалпы, ботаның көзіндей шарайнасы ерекше мейірім жылуын шашып тұрады. Кездескен адамымен қол беріп азаматтарша амандасып, хал-жайды сұраудан бір жаңылмайды. Соның арасында жүздескен адамына айтарын айтып, пікірлесетін шаруасы болса, оны да бөлісіп үлгереді. Ал, жиналыс мінберіне көтеріле қалса, тіптен қанаттанып, шабыттанып кетеді. Ибалылықты сақтай дәмді, түйінді сөйлеп, тыңдаушысын баурайды. Бүгінгі заманда уақыт «желіне» илікпеген мұндай тұлғалар көп емес. Қашан да қойылған сауалдың ақ-қарасын таразылап, билерше кесімді жауап беретіні ұнайды халқына Атыраудың ерке, қайраткер де азамат қызы Мәдина Ғабдысәлімованың.

Балғын балалық шақтың қызығын  көрмей өскен Мәдина ерте есейеді. Әкесі Ғабдысәлім еңбек майданына, ағасы Әнес соғысқа аттанып, күнкөрістері анасы Файрузаның балалар үйіндегі тігіншілік қызметінен тапқан нәпақасына иек артып қалады. Бала қыз болса, жүгіріп үй-үйді аралап, майданға деп тоқылған қолғап, шұлықтарды, басқа да киім-кешектерді жинап беріп көмектеседі. Ұлы Жеңіс сағаты соғуға төрт-ақ күн қалғанда отбасының бас көтерген тұңғышы Әнестің қаза табуы жүдеп-жадаған ананы баудай сұлатты. «Анасыз жетім – тұлдыр жетім» екенін сонда білді 12 жастағы Мәдина. Еңбек майданынан аурулы болып, шықпаған жаны келген әкеден қайран аз. Күнкөріс жағдайына орай Гурьев қаласындағы тұрмыстағы апасы Мүнираның қолына келіп, оқуын Жамбыл атындағы мектепте жалғады. Тұрмыс жағдайы тартпағандықтан жеті сыныпты аяқтаған Мәдина шәкіртақымен болса да күн көрермін деген есеппен қаладағы сол кездегі іргелі оқу орны саналған педагогика училищесіне оқуға түседі. Ол оқуда зеректігімен көзге түсіп, алдыңғы қатарлы шәкірт болады, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. «Училищенің директоры Қатира Дүтбаева апамыз бізді отқа күймейтіндей, суға батпайтындай етіп әбден пісірді ғой» деп еске алады Мәдина апай бұл күнде.

Оқуын бітіріп, туған ауылына оралған оттай жанған жас қыз мұғалімдік қызметті ұршықтай үйіріп әкетеді. Ауылдастары «Ғабдысәлімнің осы қызы адам болады» деп таңдай қағысты. Комсомол жиналыстары мен пленумдарында сөйлеп, ділмарлығымен көзге түскен ол Бақсай аудандық комсомол комитетіне екінші хатшылық қызметке шақырылды. Ойланғаны да, толғанғаны да рас. Өзі құрметтейтін, қажетінде ақыл сұрайтын жерлес ағалары Охас Нығыметдиновтің, Ізтелеу Көпбаевтың, Сембай Бердімұратовтың қолдап-қолпаштауы қолтықтан демегендей, үзеңгіге аяғын салғандай болды. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де шығасың» деген, араға жыл салар-салмаста ауданның бірінші хатшысы Өтешқали Есмағамбетов зор сенім артып, оны аудан комсомол жастарының көшбасшылығына ұсынды. Сол кездегі облыс басшысы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың қабылдауында болғандағы толғанысын апай әлі күнге ұмыта алмайды. «Қыз балалардың ер адамдардан артық болмаса, еш кем жұмыс істемейтінін дәлелдеу жауапкершілігі сендерге түсіп отыр. Сеніміме селкеу түсірме, қарағым» дегенін қалай естен шығарар. Бір ғажабы, араға он сегіз жыл түскенде Москва қаласының Колонналы залындағы Атырау облысы өнерпаздарының концертінен кейінгі басқосуда ұшырасқан Нұртас атамыз Мәдина апайды жазбай танып: «Аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа жіберген қызымсың ғой?» депті, шамасы есімі жадына түспеген ғой.

Бұл бір қиын кез еді. Соғыстан жүдеген елдің жаңа ұрпағының толық жетіле қоймаған шағы. Әсіресе, мал шаруашылығында малшы жетіспейді. Осы олқылықтың орнын жабу мақсатында елімізде «сыныбымызбен мал шаруашылығына барамыз» деген ұран тасталды. Бастаманы қолдау, оған үн қосу – комсомол жастардың парызы. Ал, олардың тұрмыс-тіршілігін тамұққа айналдырмай, әр күнін көңілді де шатты өткізуді қамтамасыз ету – комсомол ұйымдарына сын. Жастар бригадаларына жетекшілік етуді Мұқтау Ыдырысов, Молдаш Доспанов секілді жаңа тұрпаттағы, жаңалықты жанымен түсінетін, өздерінің жеке бастарының үлгі боларлық қасиеттері көп тәлімгерлерді іріктеу оң нәтиже берді. 1957 жылы Мәдина апай Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросында мал шаруашылығына жастарды тарту мәселесі бойынша сәтті есеп беріп, ол Орталық Комитеттің мүшесі болуына жол ашты.

Туған елінен қозыкөш ұзап шығып көрмеген жастар басшысына білім ғана емес, өмірлік тәжірибе де жетпей жатты. Қиналған да, ағаттау пікіріне қысылған да кездері болмай қалған жоқ. Осы кезде оған БЛКЖО-ның (Бүкілодақтық Лениншіл коммунистік Жастар Одағы) Москва қаласындағы комсомол мектебіне алты айлық курстан өтуге жол түскені. Орысшасы ора шолақ, ауылдың қарабайыр тұрмысынан өзгені көрмеген ұяң қызға осы курстың бергені мол, ғибраты зор болды. Москваның мәдениет ошақтары мен театрлары таңдай қақтырса, курстан ешбір университет бермейтін өмірлік сабақ алды. Мінберден сөз сөйлеу, өзіңді ұстай білу, пікір таластырушыға тура қарап сөйлеу, қағазға шұқшимау, қарсыластың уәжін тыңдау мәдениетін үйретті. Сол қағидалар Мәдина апайға өмірлік жолдас болып келеді. Өмірде достары мен жолдас-жораларының көптігі, мүмкін, оның адамға тура қарайтыны, риясыз адал ниеті, ақ көңілінен шығар?

Маңғыстау түбегінде мұнай селі тасып, Гурьев облысының аты айдай әлемге мәшһүр болып жатқанда Мәдина апай Алматы Жоғары партия мектебінің соңғы курсының (1964 ж.) тыңдаушысы болатын. Осындай күрделі кезеңде облыс комсомол жастарының игілікті істеріне ұйытқы болу, жақсы бастамаларды қолдап, басшылық жасауда сенім өзіне түсіп отырғанының себебін облыс басшысы Мұхамбет Айтуұлы Исенов шегелеп түсіндірді. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек еткен екі жылдың ішінде қыруар іс қолға алынды. Маңғыстау комсомол жастардың екпінді құрылысы болып жарияланса, Гурьев химия зауыты, Жылу электр орталығының, Жайық өзені үстіне салынған көпірдің, Махамбет атындағы драма театрының құрылысы басталып, қалада тұңғыш көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы бой түзеді. Осы құрылыстардың бәрінде комсомол жастар бригадалары еңбек етті. Екпінді құрылыс деп жарияланған Маңғыстау түбегіне Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен жастар ағылды. Келіп жатқан жастар да түрлі. Біреулері – мектептен белдері енді шыққан қиялшыл жастар болса, енді біреулері – жазасын өтеуді мерзімінен бұрын аяқтаған бұрынғы қылмыскерлер. Осынау келімсектерге қолайлы мәдени-тұрмыстық жағдай жасау, көпшілік демалыс ойын-сауықтарын ұйымдастыру – комсомол ұйымдарының негізгі қызметі. Қырық рулы елдің бабын тауып, қолайлы жағдай туғызу оңай шаруа емес-ті. 1965 жылдың өзінде облыстың 550 қызы мен жігіті комсомолдық жолдамамен қой шаруашылығына жіберілді. Жастар ауылдық жердегі қол күшін қажет ететін жұмысты механикаландыруға, ауыл мәдениетін көтеруге ықпал етті. Осы жұмыстарды ұйымдастырудың басы-қасында облыс комсомолдарының жетекшісі Мәдина апай жүрді. Жоқ-жітіктің қазанында қайнап, соғыс зобалаңын басынан өткерген ол бәріне төзді, сыр бермеді, қабақ шытпады.

Қиындыққа қайыспаған, жастарға ұлағатты көшбасшы бола білген Мәдина апайды алда партия қызметі тосып тұрды. Гурьев қалалық партия комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы болып табаны күректей 11 жыл тер төкті. Мәдени-көпшілік жұмыстардың түрі кеңіп, мазмұны артты. Өнердің өркені өрге өрлеп, тәрбие жұмысы талбесігінің көкжиегі кеңіді. Комсомол қызметі басшылығында жүргенде кіндігін кескен «Жайық қызы» ән-би ансамблінің енді тұсауын кесіп, өрісін кеңейтті. Оның өнеріне облыс халқы ғана емес, жат елдің көрермендері де қол соғып, таңдай қақты. «Орбита» станциясының, драма театрының іске қосылуы қала халқының өнерге сусаған шөлін басып, рухани байлығын еселеп, дамыған облыстармен тереземізді теңестірді. Осы кезде Мәдина апай өнердің қайталанбас ұлы тұлғаларымен танысып, сол сыйластықтарын өмір бойы сақтап келеді. Кәсіпорындар мен мекемелердегі саяси сабақтар, тұрғылықты жерде саяси-тәрбие жұмыстары ширатыла түсті.

Ол кездің бір ерекшелігі – атқарылған жақсы істер үшін алғысты аз естисің, есесіне «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағидамен сынау көп. Коммунистік партияның ислам дінімен жұлдызы қарсы болса да, Брежнев әкелген жылымық діндарларға бастарын көтеруге мүмкіндік пен еркіндік берді. Бірде мынандай жағдай болды. Үлкен діндар, ескіше терең сауатты кісінің қаладағы бір зауыт директорының орынбасары болып жұмыс істеп жүрген баласы қайтыс болып, оны жерлеуді ұйымдастыру жөнінде Мәдина апайдың басқаруымен комиссия құрылады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген, коммунист адамның жаназасы жартылай жасырын шығарылып жүрген. Діндар ақсақал баламның жаназасын мешітте шығарамын деп сүйекті алып кетпесі бар ма?! Жерлеу комиссиясы мүшелерінің түсіндірмек болған әрекетінен еш нәрсе өнбейді. Діндар ақсақал дегенін жасайды. Бұл іс қалалық партия комитетінің бюросында қаралып, атеистік тәрбие жұмысының осалдауына жол берілгендік ретінде қабылданып, апайдың ескерту алуына тура келді. Оған да шүкір. Мәселенің бұлай жеңіл шешілуіне сол кезде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Есен Тасқынбайұлының жайлылығы мен биік азаматтық парасаттылығының шарапаты еді тиген. Біреу-міреу қазбалап кетсе, Мәдина апайдың түп аталары да терең діндар адамдар болатын.

Тұрғылықты халықпен саяси тәрбие беру жұмысын ұйымдастырудың мол тәжірибесін жинақтаған Мәдина апай облыстық партия комитетінің әуелі насихат және үгіт, кейін ғылым және оқу орындары бөлімдеріне басшылық жасау мүмкіндігіне ие болды. Маған партия қызметінде апаймен жұмыстас болу бақыты бұйырған жоқ. Ал, жұмыстас болған азаматтар апайдың түрлі жағдайларда сөзден ұтылмайтынын, аяқ астында ұтқыр да ұрымтал сөз тауып, ойдай пәледен құтылып кететінін айтатын. Ол кезде пленумдар мен конференцияларды былай қойғанда кез келген жиналыста облыстық партия комитеті хатшыларының айтатын пікірі, сөйлейтін сөзі қағазға қатталып берілетін. Баяндаманы не сөзді жазатын нұсқаушы қай бағытта, қалай жазу керектігі жөнінде, әрине, алдымен бөлім бастығынан бағыт-бағдар алады. Сол сәтте апайдың сөзін қағазыңа түсіріп үлгерсең, даяр тұрған баяндама болатын деп еске алушы еді қызметтес болған інілері, бұл күнде арамызда жоқ Ақылбек Қалмұратов, Төлеубай Төлепбергени. Бұл апайдың білімпаздығы мен сөйлер сөзге шешендігінің белгісі болса керек.

Партиялық қызметтің дәмін татқан Мәдина апай облыстық партия комитетінің хатшылары болған, бұл күнде о дүниелік Оңайбай Көшекұлы мен Әбілқайыр Кенжебайұлының кеңесімен СОКП жанындағы Қоғамдық ғылымдар Академиясының аспирантурасына түсіп, ғылыми зерттеу-зерделеу жұмысымен айналысады. Осы бір шақ оның өмірінің ұмытылмас жарқын сәулелі кезеңі болды. Елге белгілі де қадірлі Зияда Смақұлы деген азаматпен тұрмыс құрды. Өмірдегі бір өкініші болса – ол осы азаматқа кеш жолыққаны. Әттең, дүние! Жастықты тоқтата тұруға болмайтыны-ай десейші?! Москва қаласында өткен жылдар небір сұңғыла ғалымдар сөзін тыңдау, жаңа достар табу, халқымыздың біртуар азаматтарымен танысып, табысуға мүмкіндік жасады. Кеңес өкіметінің аз ұлттардың зиялыларын тауып, тәрбиелеп-өсіру тәжірибелерін тырнақтап жинап, 1982 жылы «СОКП-ның Коммунистік университеттерде Шығыстың және Батыстың аз ұлт еңбекшілерінен партияның ұлттық кадрларын даярлау тәжірибесі» деген тақырыпта диссертация жұмысын бірауыздан сәтті қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Осы кезде оған ғылымдағы жолын Алматы Жоғары партия мектебі кафедрасында жалғастыру ұсынысы түсті. Қазақстанның өзге облыстарынан да түрлі ұсыныстар болмай қалмады. Қызметтің қызығын көрдім ғой, бір сәт отбасын да ойлағаным жөн болар, азамат басымен әйелінің соңынан еріп, көшіп-қонып жүре ме деген қазақы пайым оны елге тартты.

Кәсіподақ. Мәдина апай үшін бұрын із салмаған тың сала. Оның билік пен халық арасын жалғастырушы «көпір» екенін білсе де, баспаған жердің ой-шұңқыры көп. Онның үстінде салалық кәсіподақтардың облыстық комитеттері бар. Әрқайсысы өз Жарғысы мен Ережесін басшылыққа алып жұмыс істейді. «Бас-басына би болған, өңкей қиқым» деп Абай айтқандай, облыстық комитеттердің «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғандай» ауызбірлігі де жетісіп тұрғаны шамалы. Апай алдымен ішкі тәртіпті, адамдардың бір-біріне деген ықылас-ниетін жөндеуді, ауызбірлік пен ұйымшылдықты жолға қоюды қолға алды. Қай кәсіподақтың болмасын басты міндеті – еңбекшілер мүддесін қорғау, оларға қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу. Кәсіподақтардың облыстық кеңесінің төрайымы ретінде алдымен ұжымдық шарттардың қабылдануын қатаң бақылауға алды. Жұрттың берген есебі мен мәліметіне тоқтық тартпады. Мұнайшылар мен барлаушылардың, малшылар мен егіншілердің тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп, мәдени-көпшілік шаралардың ұйымдастырылуына, оның мазмұнына мән берді. Кәсіподақ ұйымының талап-тілегін жүре тыңдайтын, оның басшы органдарының талабын аяқасты етуге тырысқан, кеудесін костюміне сыйғыза алмай жүрген басшылар да жолықпай қалған жоқ. Апай тәжікелескендерді татуластырды, апшығандардың арынын басты. Тіптен, жөнге көнбейтін сыңарезулерін Кәсіподақтардың облыстық кеңесінің алқа отырысында кәсіподақ мүшелігінен шығарып, лауазымдық қызметінен босату жөнінде облыстық партия комитетіне ұсыныс жасауға шешім алған жайттар да болды. Мұндай шешімдерді өзі мүшесі болып отырған облыстық партия комитетінің бюросы қолдайтынына иек сүйеді. Осылайша, кәсіподақтар ұйымының жұмысына жан бітіп, жұмысшы халықтың сенімі мен қолдауын иеленді. Қызығы да, шыжығы да мол болған осынау қызметке тоғыз жылын арнаған апай 1991 жылы Одақтық дәрежедегі зейнеткер атанып, жұмыстан қалды.

Адамның жүрген ортасындағы қадір-қасиеті жұмыстан қалған кезде білінеді. Қоғамдық өмірге араласудағы белсенділікті айтпағанда, сәлем-сауқатқа зар болатындар қанша өмірде? Ал, Мәдина апайдың бос уақыты болып көрген емес. Зейнеткерлікке шыққан соң облыстық әкімдікте маман болып жұмыс істеп жүрген жерінен Қазақ-түрік бірлескен «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының бас директорының кеңесшісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметіне шақырылып, сол жерде күні бүгінге дейін жемісті еңбегін жалғастыруда. Мұнда түрік ағайындар мен жергілікті халық арасында түсіністік пен сыйластық орнауына, жергілікті қызметкерлердің мұң-мұқтаждарын тыңдап, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Өзгені тыңдап, өзін тыңдата білген адамның сөзі де бәтуалы. Ұжымдағы уыздай ұйыған бірлік пен татулық – соның жемісі.

Мәдина апай – айналасына дос жинаған және өзі де достыққа адал адам. Халқымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова Мәдинаны туған сіңлісіндей сыйласа, ғұлама жазушы, көркем ойдың қас шебері Зейнолла Қабдолов ағамыз «Жайық қызы» өлеңін арнады. Мәдинаның бір өтінішін аяқсыз қалдырмай, заманымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақын Төлеген Айбергенов «Ақ ерке – Ақ Жайық» әнін дүниеге келтірді. Әннің туу құпиясын білетіндер Мәдина апайды бұл әннің «кіндік шешесі» атайды. Мәдина апайдың жан дүниесі өнерді ерекше бағалайды, республикадағы, облыстағы шығармашылық әлем тұлғаларымен достығы жарасқан, қошемет-құрметі әлі де жалғасып келеді. Олардың көбі «Ақ Жайық пен Мәдина – егіз ұғым, Ақ Жайық десек, Мәдина, ал Мәдина десек, Ақ Жайық түседі еске» дейді адал көңілдерімен.

Ұсақ-түйек әңгімеге құлқы жоқ, сөйлеп кетсе сөзге қонақ бермеген шешен де би Мәдина апамыз 80-нің белесіне шықты деуге болмайтындай қайратты. Облысқа келген бір сапарында Елбасымыз: «Мәдина, сен қартаймайсың-ай» дегенде, сөзге тосылып көрмеген апай: «Нұреке, біз комсомол емеспіз бе? Комсомол қартаймайды» деп қолма-қол жауап берген. Облыста жастары егде тартса да елдің қоғамдық-саяси өміріне араласудан қалмаған бір топ қыз-келіншектер, әжелер бар. Әжелер деп апайдың өз сөзімен айтып отырғаным, әйтпесе бұл сөзді кез келгені жақтыра бермейді. Кім қарттықты мойындағысы келеді. Осылардың ішінде – кезінде комсомолдың, кәсіподақтың, партияның сардары болған, бұл күнде облыстың, Атырау қаласының, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Мәдинаның орны бөлек бір төбе.

Кезінде облыстық сайлау комиссиясының төрайымы болып жұмысқа араласып қалған ол бұл күнде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауының бақылаушысы қызметін атқармақ ниетте асығып жүр. Баспадан шыққалы жатқан кітабының жай-жапсарын көзімен көріп, енді асығыс әуежайдағы жұмысына кетіп барады. Түстен кейін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының отырысына қатысу керек. Бойжеткен қыздарымыздың кез келген шетелдіктің етегінен ұстап, тұрмысқа кетіп жатқаны толғантуда оны. Бұдан басқа да сандаған жұмыс, мазалайтын сауалдар бар. Мәдина апай соның бәрін шешуге, араласуға тырысады. Өйткені, ол – оның өмір бойғы дағдысы, күнделікті ісі.

 

Айтқали НҰРҒАЛИЕВ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз