ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰЛАГЕРІ

Атыраудың ардақтылары

Көз сүйсінерлік әдемілікпен безендірілген сахнада Таумұш ағаның әр жылдары түскен суреттері биік кинолента сипатында ілініпті. Ал, сахна төріне қойылған биік баспалдақ ғалым ағамыздың өмір баспалдағы іспетті. Соның етегіне таман бір ер адам ұл-қыздарына бас-көз болып, солардың ойнын сырттай бақылап отыр. Балалар бір-біріне туған ауыл, балдәурен шақ, бала-армандарын айтып, өзара шүйіркелесіп жүр. Олардың осы әңгімесін құлағы шалған әкелері балаларын жанына шақырып алып, бар байлық пен кәсіптің жеті қат жер астында екенін, оны игерсең, еліңе де, өзіңе де үлкен пайда болатынын айтып түсіндіреді. Әкелерінің «Мына жердің астында мұнай да, газ да – бәрі бар. Тек оны игеру керек. Ал, жер қойнауын игеріп, зерттеу үшін көп оқу керек!» деген сөзі құлағына қонып кеткен бала Таумұштың көкейінде «жерасты байлығын игерсем қайтеді?» деген балаң ой қылаң береді. Сөйтіп, оның геолог-барлаушы болуға деген қызығушылығы күн өткен сайын арта түседі.
Осынау сахналық қойылыммен ашылған кеште Таумұш ағаның балалық, жастық шақтары мен қазағымыздың маңдайына біткен үлкен ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевпен кездесуі, ақырында Тау-ағаның жасы ұлғайып, өзінен кейінгі ұрпаққа, шәкірттеріне ақыл айтып тұратын сәті де өте үйлесімді көрініс табады. Аяулы аға бейнесін жан-жүрегімен елжірей еске алған жамағат оны бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Еске алу кешінде алғашқы сөзді Атырау облысының әкімі, өзін Тау-ағаның шәкірті санайтын құрметті інісі Бақтықожа Ізмұхамбетов алды. Облыс басшысы қазақ мұнайының құлагері, қазақ геология ғылымының көш басындағы асқаралы азамат туралы шешіле сөйледі. Ғасырға жуық сәнді де мәнді өмір сүрген ағаның өмірі мен еңбек жолы кез келген қазаққа үлгі боларлық екені де шындық. Осы тұста облыс әкімі Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің Таумұш ағаның отбасына жолдаған арнау хатын оқып берді. Мұнан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы: «Таумұш Нұрышұлы тек қана өз ісінің білгірі, ғалым ғана емес, бойына бар игі қасиетті жиған, жанындағыларға шуағын шашып, оларды жақсылыққа бастап жүретін жаны таза адам болатын. Біз, абзал ағаның соңынан ілескен інілері, оны әрдайым ұстаз санап, ол кісіден үлгі алуға тырысып келеміз», – деп марқұмның өмірлік қосағы Бәтіш апа мен ұл-қыздарына, барша ұрпағына бақытты тұрмыс пен баянды келешек тіледі.
Мұнан кейін сөз алған «КазНПИ Мұнай Газ» мекемесі бас директорының орынбасары Марат Байзақов, «Норс Каспиан ойл дивилопмент» ЖШС бас геологі Базар Есқожиев, «КазНИГРИ» институты директорының орынбасары Кенған Айдарбеков – бәрі абзал ұстаз жайында тартымды естеліктер айтты. Өзі әрдайым таза, сәнімен киінетін Таумұш ағаның өзара әңгіме үстінде бұл тұрғыда інілеріне де кеңес беретінін сағына еске алды. Өз сөзінде Марат Байзақов: «Маған ол кісі «түсі күңгірт көйлек киме. Ашық түстісін киіп жүр!» деуші еді. Сол ақылын құп алып, үнемі ашық түсті көйлек киетін болдым. Таумұш ағамыздан үйренгеніміз көп қой. Жаны жәннатта болсын. Ендігі жақсылықты Бәтіш апамыз бен Болат бастаған ұрпағы көрсін дейміз. Адам өмірден өткенде, артында жоқтаушысы болған қандай жақсы. Сіз, құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы, қадірлі ұстазыңызға деген шәкірттік парызыңызды толық өтегендейсіз. Облыста Тау-ағаға арналған кең көлемді шаралар ұйымдастырып жатырсыз. Лайым, Сіз де өз шәкірттеріңіз алдында осындай сыйлы болыңыз, еңбегіңіз жемісті, құрметті болсын!» – деді.
Таумұш Жұмағалиев ағаға арналған осынау еске алу кешінің соңында зайыбы Бәтіш Төреғалиқызы Карпекова сөз алып, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың жары болғанына, тағдырының сондай жанмен табыстырғанына риза екенін жасырмады.
– Ел сыйлаған Таумұш ағаны еске алып, ұлан-ғайыр шара өткізіп жатқандарыңызға әулет атынан алғыс айтамыз, – деді ол.
Ал, еске алу кешінің көңілдірек өтуіне қаламыздың өнерпаздары – ҚР Мәдениет қайраткері Ханзада Сахипова мен республикалық байқаулардың лауреаты Назым Шаймарданова, аймақтық байқаулардың лауреаты Қуандық Нұғмаров, халықаралық байқаулардың лауреаты Венера Машқалиева, әнші Әлібек Темірханов үлкен үлес қосты.

Лиза СЕЙТІМОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған