Ана бақыты

ECA85487 3C05 47F1 A02F 2632C0BF20A1 w1023 r1 s Қоғам

Кейіпкеріміздің отбасы альбомын парақтай отырып, біз оның көздерінен үнемі мұң байқалатынын байқадық. Кейін онымен тілдесе келе, өзіндік себебі барын ұқтық.

Ана бақыты

Қарлыға Алтыналиева бар саналы ғұмырын мұнай саласына арнап, ұзақ жылдар бойы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында жұмыс жасады. Оның еңбек жолы Байшонас орта мектебін аяқтағаннан кейін-ақ басталды. Алдымен он жеті жасар қызды өлшеуші қызметіне жұмысқа алды, кейін мұнай ұғымасында зерттеу операторы болды. 1981 жылы қаршадай қыз жоғары білім алу үшін Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады. Содан соң Доссор мұнай-газ өндіру басқармасында зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармастан жұмыс істеді.

– Жалпы, еңбек өтілім – қырық жыл. Ал, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының «Қарсақ»  мұнай және газ өндіру цехында 36 жыл жұмыс жасадым. Алдымен, мұнай өндіру операторы, кейін жер асты қысымын ұстап тұру маманы, соңғы жылдары шебер болдым, – дейді ол.

Қызмет бабында Қ.Алтыналиева жүргізген топ жиырма адамнан құралды. Оларды вахталық әдіске көшірген кезде нәзікжанды әйел «қанатының» астында оның жартысы ғана қалды. Айта кету керек, бұл цех жұмысы ауыр қызмет санатына жатады. Өйткені, қауіпті қондырғылармен біте қайнаса жұмыс істейді. Демек, онымен тікелей жұмыс жасайтын маман да оны үнемі қадағалап отыруы тиіс. Ал, цех шебері қажетті жұмыстың барлығын бақылап қана қоймай, осында еңбек ететін жандарды да жауапкершілігіне алады. Сондықтан шебер таңдау кезінде оның кәсібилігі ғана емес, шыдамшылық, төтенше жағдай болған жағдайда өзін қалыпты ұстау мен дұрыс шешім қабылдай білу секілді қасиеті де ескеріледі. Қарлыға осы талаптың барлығынан шыға білетінін көрсетті.

Аласа бойлы, ашық-жарқын мінезді, жүзінен үнемі жылылық лебі есіп тұратын кейіпкерімізден ерлерге тән төзімділік те байқалды. Ауыр жағдайдағы жұмыс пен отбасындағы қайғы жарасы ізін салмай қоймады.

– Тағдыр болар, мен өмірлік серігімді 28 жасымда кездестірдім. Жолдасым Алпысбай Мақат аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етті. 1990 жылы Рахмат атты ұлымыз өмірге келді. Бірақ, бес жыл бақытты отбасылық өмірден кейін адал жарым жұмысын орындау кезінде қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Ол небәрі 30 жаста болатын, –  деді әңгімелесушіміз.

Бұл кезде Қарлыға екінші сәбиіне жүкті еді. Алайда, ол сол кезде тек сүйген жарынан  ғана емес, құрсақтағы шаранасынан да айрылып қалғанын білмеді. Ауыр қайғыны әйел саулығы көтере алмады, екінші сәбиі жарық дүние есігін ашпай-ақ өмірден озды. Кейіпкерімізбен сырласа отырып, оның мұндай мұңлы көзқарасы мен батыл шешім қабылдай білетін мінезінің себебін түсіндік. Қайғы жұтып, қолында төрт жасар сәбиімен қалған ананың өз-өзін аяп отыруға уақыты болмады. Өйткені, жалғыз тұяғы, баласы Рахманды қатардан қалдырмай өсіру міндеті тұрды. Ана жүрегіндегі ауыр қайғыны сәл де болса ұмытуға жұмысы көмектесті. Кейін тұрмысқа да шықпады.

Бүгінде Қарлыға Алтыналиева – сыйлы мұнайшы, Елбасынан қолынан алған ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен Құрмет грамоталарының иесі. Алайда, өмірдің ең басты сыйы жалғыз ұлы Рахман деп есептейді. Ол да мұнай саласында табысты еңбек етіп жүр. Қазір – зейнеткерлікте, адал еңбегінің жемісін көруде. Енді ол тезірек ұлының отбасылы болып, немерелерінің ортасында отырғанды армандайды.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ,

Мақат  ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз