ӘКЕМДЕЙ БОЛҒАН ЖАН ЕДІ

Бүгінде қай газет бетін ашсаң да елдің де, жердің де шежіресіндей болған Көшеков Оңайбай ағамыздың еңбегін, адами қасиетін көп жазуда. Ол – шын мәнінде қайталанбас істердің куәсі, көргені көп көсем, айтары көп шешен, даламыздың кеңдігіндей дана, қиналғанға пана болған, жақсыны өсіре білетін, қате басқанды кешіре білетін, халыққа ұнаған, елдің жүрегінде қалған ардақты аға.

 

Бұл кісі маған туған әкемдей болған еді. Қазақта «Әкең өлгенмен, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар, бұл менің өміріме айтылғандай болады да тұрады. Менің әкем Ізбасқанов Қали осы Оңайбай ағамен дос, құрдас, үзеңгілес болған адам. Әкем қай жерде, кім болып жұмыс жасаса да ол кісі адамдарға, ал адамдар ол кісіге жақын болды. Әкем өте қарапайым, досы өте көп, өз қалтасында бір тиыны қалмаса да қолындағысын досқа беретін жан еді, ақкөңіл, ақжарқын, адамдарды қатты қамқорлаушы еді. «Адамды досына қарап таны» деген мақал осындайдан айтылған болу керек-ау, шамасы. Әкемізден ерте қалып, әке алақанын, аға алақанына зәру болып, қамқорлықсыз қалғандай күй кешкенмен, анамыз бізді қанаттыға қақтырмай өсірді. Бірақ, асқар таудай әкенің орны, оның аялы алақаны, жәудіреп қараған көзі, «балам» деген сөзі, «құлыншағым» деп еркелеткеніне не жетсін!

Оңайбай ағаны, біз «әке» деуші едік. Айсұлу апамызды өз анамыздай көруші едік.

Анамыз бізді ешкімнен кем тәрбиелеген жоқ. Оқытты, тоқытты, жоқтықты көріп өссек те қатардан қалмадық. Әр уақытта жас кезіміздегі көрген қиындықты естен шығармадық, өжет, батыл болдық. Өмірдің ағымына емес, кей уақытта қарсы бағытына да шығып қалып жаттық, бәрібір мойымай өз күш-жігерімізбен қарсы тұрдық. Қолдан не келетінін көрсеттік, адамдарды мойындаттық, ақыры тағдыр бізге Оңайбай әкемізді өзі жолықтырды.

Оңайбай ағамыз Атырау елінің алдында биікке көтерілді, биікке көтерілдім деп аспады, неғұрлым биіктеген сайын соғұрлым қарапайым, сабырлы қалпында  елін алға бастай білді. Бойында ақылдылық, білімдарлық, кіршіксіз тазалық қасиеті мол болды. Кісілігі мен кішілігі қатар жүрді. Елбасына күн туғанда қолына қару алып, қан майданға аттанса, бейбіт күнде кең даланың берекетін тасытты. Оңайбай әке облысты басқарып тұрғанда  Қызылқоға ауданына талай-талай келіп, ауданды «Қызыл тулы Қызылқоға» атандыруға күш салды.  Бүгінде сол қызыл туларды аудандық мұражайға қойдық, тек қойғанымыз жоқ, аудан халқына өткен тарихты үлгі еттік.

Қанға сіңген тәрбие, өнеге, дәулет, әрине, ағаның бойынан табылуы таңғаларлық емес, себебі, ол қасиеттің арғы жағы тектілікте жатыр. Мұндай азаматтардың өмірден өтуінен оның әулеті ғана емес, қоғам да жетімсірейді. Осындай жүрегінде жылуы мол, өмірді жан-тәнімен сүйіп, адам баласының барлығын «бауыр» деп есептеген жандардың рухымен де қоғамымыз алға басады. Қаншама жыл өтсе де ол кісіні ешкім де ұмыта алмайды, қатты сағынады. Ал, осы жанның артынан бірауыз бөтен сөз ерген жоқ, аты аңыз болып қалды, өнегелі ісі, үлкен парасаттылығы, адам баласына деген шексіз махаббаты мен қамқорлығы ұмытылмайды. Ол адамдардың жүрегін есеппен емес, адамзатқа деген махаббат, мейіріммен жаулады. Оның адамдардың есінен кетпей, көңілде жүретіні – соның айғағы.

«Аттан тай озады, атадан бала озады», ағаның ұрпақтары білікті мамандар, әке атын кірлетпей, әке абыройын, әке үмітін ақтап жүр. Оның өмір жолы өмірлік адал қағидалары – берік ұстауға үйреткен жол. Ұлдары отбасылы, ұрпағы жалғасып жатыр. Мұратқа жету деген осы емес пе?! Облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Оңайбай ағаның есімі атыраулықтардың жүрегінде әлі талай жылдар сақталары сөзсіз.

Жәния ІЗБАСҚАНОВА,  

«Құрмет»  орденінің және «Ерен еңбегі үшін»

медалінің иегері, ҚР Мәдениет  қайраткері,   

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз