АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ АҚТАҢГЕРІ

(Лирикалық  эссе)

Атыраудың өнер сүйер жұртшылығы осы күндері алда болар   Өнербек Жанбаланың шығармашылық кешін аса зор ықыласпен күтіп отыр.

 

…Өнербек… жанға жайлы жұмсақ үнінен лебіз білінсе бүкіл жан дүниесі сырлы сарайдай ашылатын осы бір ғазиз жанмен 1996 жылдың маусым айында Атырау жұртшылығы алдында алпысқа толған торқалы  тойым өтіп жатқан қуанышты күндерде таныстым. Біз,  жұбайым Тиыш екеуміз Жайықтың жағасындағы «Самал»  қонақ үйіне жайғасқан едік. Бұл мекен-жайдың иесі Өнербек екен. Зипа бойына ізеті мен кісілігі бек жарасқан сыпа жігіт жүздескен сәтте бізді ізгі ілтипатпен баурады. Еш тосырқау жоқ. Сыралғы жандардай әңгімеміз  өз жүйесін тауып,  үйлесе кетті. Келіншегі Алтынай екеуі – Ақтөбенің  мемлекеттік медициналық институтын бітірген дәрігерлер. Ғасырлар бойы аңсап күткен Тәуелсіздік алған қоғамның жаңа жолы, жаңа бағытына орай өзін-өзі қаржыландырып, халықты емдеу ісімен айналысқан кәсіпкерлік жұмысын бастапты. Бұл – жаңа бастама Қазақстан медицинасында тұңғыш жасалған батыл қадам.

Әңгіме арасында Өнербек домбыра мен гитараны алма-кезек тартып, таң-тамаша қалдырды. Музыкамен өтіп келе жатқан өз өмірімде небір домбырашыларды тыңдап, әрқайсысының өзіне тән шеберлігі, тартыс мәнеріне мән беріп, оларға қызығумен бірге сын көзбен қарап, шерткен күйлерінің адамның жан сезіміне қаншалықты әсер құдіреті бар екенін  зерделеп жүрген жанмын ғой. Өнербек – тәңір иіп бере салған халық таланты. Шерткен күйлерінің көңілге қонымды табиғилығы, тазалығы менің кірпияз көңілімді ана заманның кереметтері – Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Қазанғап, Дина, Соқыр Есжан күйлеріне қарай жақындатып, бұра берді. Оны тыңдап отырып есіме Алматыда болған ана бір жылғы оқиға орала кеткені: сонау Жапониядан радио мен теледидардың қызметкерлері келіп, қазақ музыканттарын тыңдады. Бір қызығы, олар Құрманғазы атындағы консерватория, филармония, симфониялық оркестрдегі пианист, скрипач, виоленчелистерді тыңдаған жоқ, таза ұлттық дәстүрдегі орындаушыларға мән берді. Сөйтті де әншіден – Қайрат Байбосыновты, қобызшыдан – Сматай Үмбетбаевты таңдап алып, Токиоға шақырды. Олар Токиода халық әндері мен күйлерін орындап, жапондықтарды таңғалдырғаны бізге сел-сел әңгіме боп жетті. Сол сапарда жапондық музыканттардың ыждағатты түрде іздегені, көксегені – қазақтың ықылым заманнан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан ұлттық сипаты жап-жарқын, еш өзгеріске түспеген, бұзылмаған ән мен күйі екендігіне көзіміз  жетіп еді. Енді, міне,  Өнербек шерткен  күйлердің табиғи болмысы осы жайды еске түсірді. Сонда мен Өнербектің қолында  күмбірлеген домбырадан, мысалы, Құрманғазының «Қайран шешем», «Терісқақпай», «Арба соққан», Дәулеткерейдің «Көркемханым», «Жеңгемсүйер», «Көрғұлы», Қазанғаптың «Көкіл», «Бозжорғаның бөгелек қағуы»,  Жантөренің «Шалқымасы»,  Махамбеттің «Жұмыр қылышы», Динаның «Бұлбұл», «Әсемқоңыр», «Байжұмасы», Ақбикештің «Айнам қалды»,  тағы басқа да әртүрлі әшекейлі мәнермен толғайтын халық күйлерінің әр қырынан гауһардай жарқырап, күміс бұлақтай  мөлдіреп, бұлбұл үні боп  төгілгені бұрын-соңды ешбір домбырашылардан тыңдап көрмеген таңғажайып әсер дүниесі боп, сұқтандырды да қойды. Мұндай шертісті осы Атырауда Нариман мен Ғатаудан да анық байқаған едім.

Өнербектің жаратылысы олардан мүлде бөлек. Ол өз-өзінен ығытын тапқан осы әңгіме-сұхбат үстінде бетегеден биік, жусаннан аласа биязы мінезбен әр күйдің табиғатына бар жанымен берілді. Әр күйдің әрқилы сыры, тарихы бар мән-мазмұнын аша сөйледі. Байсалды, ойлы, сергек сезімді зерделі тартысы кешегі Дина мен Қали Жантілеуовтің халық күйлерін саф алтындай сақтаған кіршіксіз мәнерін еске салды. Ұлы даланың дауылдаған лебі секілді шалқитын «Сарыарқа», «Көңілашар», «Шалқыма», «Байжұма»…  алтындай толқыған құм Нарында айлы түнде тамылжыта, сорғалата сайрап, үзілдіре төгілетін «Бұлбұл»… ел шаттығының салтанаты «Балбырауын», «Алтынай», «Ақжелең», «Соқыр Есжан», «Көрғұлы», міне, осы күйлердің бәрі Өнербек екеуміздің емен-жарқын сырласып, шынайы сезіммен бүкпесіз пікірлесіп, бір-бірімізді танып-білуімізге  алтын арқау боп тартылды. Жүрек қылын діріл қақтыратын нәзік иірімді әсем шертісіне, сол күйдің мән-жайын түсіндіретін бипаз сөзі үйлесе кетеді. Қарсы алдымда кішіпейіл қасиеті мен кісілігінің биіктігі де анық сезіліп, менің қиялым Өнербектің балалық шағы өткен жер – Забурын жағына қарай самғай жөнелді. Оған қызығып отырып: «Домбыраны неше жасыңнан тарттың?» – деп сөз бастадым.

Өнербектің ақсары жүзі сәл ду ете түсіп, адамға жылылық нұрын тарататын қоңыр көзіне әп-сәтте ыстық жас үйірілді ме, жан толқуының іштей бұлқынысы сезілді. Күлімсірей ойланып: – Сіз, жаңа сөз арасында орыстың ұлы әншісі Федор Шаляпиннің: «Мен өзімнің кім екендігімді бес-алты жасымнан білем» дейтін сөзін айттыңыз, – деді.

– Иә.

– Жаңағы сауалыңызға орай ең алдымен былай дегім келеді: Әркімнің кіндік қаны тамған, туған топырағы – өзіне алтын бесік! Мысыр шаһары! Туған жерге деген махаббат – әкеңіз бен анаңызға деген махаббат! Ол қасиетті сезімді еш нәрсемен теңестіруге, айырбастауға болмайды. 

Мен осы ауылда қарапайым еңбегімен тірлік еткен малшының  от-басында тудым. Әкем Жанбала мал бақты. Шопан еді. Мына бір көрініс көз алдымнан кетпейді: біз сол кездерде жыл сайын қырда Нарын құмын жайлап отырдық. Кең Нарынның ақ шағыл құмдары алтын Күнге шағылысып, жарқырап жатады. Қолтық-қолтығы, сай-саласы, оқыс бұрылатын иірімдері – тұнып тұрған малдың оты. Түгін тартса майы шығады. Мұндай жазира жайсаң жерде семірмеген  малдың өзін мал деуге де болмас, тегі. Әр жерде  шоқиып-шоқиып түтін түтетіп отырған шопандар үйі. Қай тарапқа көз салсаң да жайбарақат жайылып жатқан төрт түлік мал. Күнде көретінің – осы көрініс, осы тірлік. Біз ойын баласымыз. Ішіміз пысады, үйге сыймаймыз. Мен кейде… жо-жоқ, құдайдың құтты күні десем де  болады, әкемнің мал жайып жүрген жағына қарай жалаңаяқ, жалаңбас жүгіре жөнелем. Сынаптай сырғыған шағыл құмға малтығып, сүріне-қабынып әкеме жақындай бергенде:

Ерер едік, Төлеген, рұқсат жоқ, ахоу,

Қайта-қайта қия алмай жиналған топ, әгугәй, әгугәй, – деген қарлығыңқы дауысын естимін. Алқынып, қара терге түсіп, ентігіп  жеткенімде: «Кел… кел, құлыным! Мә, орамал, бетіңді сүрт!» дейді де, қиялға шомған күйі сағым ойнаған құба белге сарыла көз тігіп, өзін-өзі іштей қоштаған жанша басын изеп қояды да: «Сол Ер Төлеген Ақ Жайықтың Айдай сұлу аруына ғашық боп, алты ай жол жүріп, жетіпті ғой, қайран сабаз!» дейді. Мен не түсінем, баламын… аңырып, үнсіз монтиып қараймын, тек. (Кейін ержетіп, өсе келе әкем ыңылдатқан әлгі бір әуен «Қыз Жібек» операсында айтылатын хор екенін білдім. Қазір ойлап қарасам,  оқымаған әкей оны  радиодан немесе әр кез келіп-кетіп жататын әртістерден, ауыл өнерпаздарынан естіп, үйреніп алған сияқты).

Ал, шешем Мауыт көп сөйлемесе де ішкі дүниесі кейде әнмен ашылатындай  еді. Нарынның  төсінде мал жайылымының ығытына орай әр жерге жылынып,  қонып жүретін әдетіміз. Әлбетте, түйемен көшеміз. Шешей қарны жер сызған жуас атанға артылған жүктің үстінде Өтебай екеумізді отырғызып алып, жұпар лебі желпіген Нарын төсінде жан-жағына мейірлі көзбен мөлдірей қарап, сызылтып қана сырлы әндер айтатын еді. Шешейдің үні де күні бүгінге дейін жүрегімнің түкпірінде…

Өнербек осы хикаяны жүзі нұрланып, сөз жүйесіне қарай әке-шешесіне деген сағынышты көңілінің толқуын да сездіріп, тебіреністі күйге түсті. Сонан соң домбырасын бір-екі шертіп қойды да: – Әкеміздің Төлеген есімді үлкен ағасы дүние өртеніп жатса да қозғала қоймайтын өте сабырлы жан екен. Есті сөзге де тоқтамды  деседі. Айтар уәжін кесіп айтып, домбыраны да өз бабымен шертіпті.Үлкендердің айтуына қарағанда өте ауыр тартылатын күйлерді толғапты.

Әкеміздің  өзінен кейінгі інісі Дәулет өте құштар сезімді, ой-қиялы шартарапқа шарықтайтын алымды, алғыр домбырашы болғандығын ел жақсы біледі. Ауылымыздағы мықты домбырашы Ғылман Қайрошовтармен бірге сауық-сайран салып, серілік құрып, елдің көңілін көтеріп, думандатып, дуылдатып жүрді. Қай жерде жүрмесін, домбырасы қолынан түспеді. Дәулеттің өзге домбырашылардан өзгешелігі би  ырғақты күйлерді тартқанда алдындағы  үстел үстінде ортекені билетіп отыратын еді.

Ал, Әділ ағам – әкейдің  кіші інісі. Бұл кісі де домбыра шертті. Бірақ, Дәулет сияқты жайраң қаға кеуделеп, жасындай жарқылдап, алқалы топ алдына шыға қойған жоқ. Ішкі сезімі сондай нұрлы бипаз жан домбыраны өз көңілінің дауасына орай жай ғана тартып жүрді.

Өнербек осылай деп тағы бір ойлана кідіргенде мен: – Бұл өз әулетіңнің өнер ұясы, өнерлі жандары дейік, ал,  Забурын ауылында бұл кісілерден басқа да дарынды жандар болған шығар? – дедім.

Өнербек осы сөзге жаны исінгендей жымия басын изеп: – О, оның несін айтасыз, біздің Забурынды теңіздің толқыны желпіп, күй тербеп жатты. Ат төбеліндей ауылдағы Ғылман Қайрошов, Ғаббас Хисматулин, Уәлит Сәрсенғалиевтер әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірін толықтыратын, біріне-бірі үлгі-өнеге боп, күй дәстүрінің қаймағын бұзбайтын саңлақ домбырашылар болды десем, артық айтқандық болмас. Бұлардың ғибраты ерекше еді, олардың тағлымын алған өзіммен шамалас бала Болат Құспанов домбыраны әсем шертіп, Ғарифолла шырқайтын айтулы асқақ әндерді әуелеткенде Нарынның  төсінде шырылдаған бозторғайдай таңғалдырушы еді. Әттең дүние, тым ерте қайтыс боп кетті.

Қорабай алпысыншы жылдардың орта кезі – Ақмоланың ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген шағында гитарамен небір жан тебірентетін әндерді жанға жайлы қоңыр үнімен балбыратып, өнер әлемінде шолпан жұлдыздай жарқырап көрініп еді. Қорабай орындаған сол әндердің ішінде «Жас қалам», «Қия алмадық, қимадық», «Студенттердің  қоштасу әні»… осы секілді сырлы әндер жастардың ортасында  жиі-жиі  шырқалды. Өнербек бұл жөнінде былай дейді: – Қорабай менен бір жас үлкен. Әлбетте, ол кездерде бір-бірімізді көргеніміз жоқ. Оның әндерін радиодан ғана тыңдап жүрдік,  иә, ол  шырқаған кездерде біз де студент едік. Жастық романтиканың жалындаған лебі  бізді  Қорабайдың әндеріне керемет қызықтырды. Біз гитараны зор ынтамен шерте бастадық. Келе-келе Қорабайдың репертуарын толық үйреніп алдым. Ол әндер тек жастарға ғана  емес, үлкен кісілерге де қатты ұнады. Гитараның үні халықтың майда қоңыр лирикалық әндеріне өте үйлесімді екен. Біз Біржан салдың «Ләйлімін»,  Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Ақан серінің «Балқадишасын» өз ортамызда желпіністі сезіммен айтып жүрдік. Қорабай Есенов бізге осылайша әсер етті. Біз ән орындаушылық мәдениетімізде гитарамен әндетуге қызыға бет бұрып, осының өзі бүгіндері рухани өмірімізде кеңінен етек жайып, қазіргі жастардың арасында жақсы үлгіге айналды.         

Әр нені есті жүрек, сырбаз көңілмен ойландыра толғайтын Өнербекті  осылайша танып-білдім. Сол әсерде жүріп, өз-өзіммен іштей тілдесіп: «Бұл Өнербек қандай Өнербек, ә? Бар болмысы тұмадай тұнып тұрған  кәусәр әуез! Кінәратсыз жүрегі толқыған, толықсыған поэзия! Жайнаған жарық дүниенің ашық көзбен қарайтын құштар сезімді ғашығы! Осы келбетімен ана заманғы сал-серілерге ұқсауын қарашы!»  деп шабыттана шамырқанып кетем.                                           

Арада үш-төрт жыл өтті.

Біз Атырауда тұрып жатырмыз. Мұнда ықылас-пейілі жарасқан   игі жақсы адамдардың арасында Өнербек пен Алтынай бізге тонның ішкі бауындай боп ашық-жарқын араласып, жиі-жиі жүздесетін болдық. Өнербек екеуміздің кейбір сәттерде  сапарлас боп думандатып, әндетуіміз дағдыға айналды. Табиғат төріне шығып, аң да қудық, құс та аттық. Соның бәр-бәрінде Өнербектің машинасында мылтығы, домбырасы, гитарасы және ат шалдырар қоржын-қолаңы қоса жүреді.

Өнербек бұл күнде тек Атырауға ғана емес, Қазақстанға белгілі атбегі, құсбегі атағы шығып, қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарының жанашыр жетекшісі ретінде құрметтеледі.

Өнербек  екеуміздің әр отырысымыз –  ән-күймен, әдебиет және тарих сырын қозғайтын басқосу. Осындай сұхбатты күндердің бірінде Өнербектің жүйрік тұлпарлары сөз болды. Мен: – Атбегілік өнерің қалай басталды? Атышулы жүйріктердің тегін түсіндірші… олар қолыңа қалай түсті? Әлде өзіміздің осы елдің пырақтары ма? – дедім.

Өнербек сезімнің адамы, талай рет байқадым, көңіл дітіндегі бір жайды айтар кезде домбырасын қоңырлатып шерте қояды да сөзін жайлап бастай береді. Бұл жолы да солай болды. Домбыраны іліп-шалып отырып былай деді: – Сол тірлігіме осы күнге дейін таңғаламын, – деп басын шайқап, жымиғандай боп, біраз үнсіз түйілді.

Мен сөз ақырын күттім. Өнербек сол езу тартқан күйі ақырын ғана сөйлей жөнелді: – Ол кез – ұлы бабамыз Махамбеттің 200 жылдығын тойлау қарсаңы еді. Ел іші қуанышты көңілмен той қызығын күтті. Газет-журналдарда көлдей-көлдей мақалалар басылып, радио-теледидар Махамбеттің рухын аспандата насихаттап жатты. Лайықты құрмет. Сағынышты той! Мұндайда намыс көтеріледі ғой, намыс! Сөзді ұзартып не қылайын, Атырау жұртшылығы, облыс әкімдігі жан-жақты, қат-қабат, абыр-сабыр дайындық үстінде. Жасыратыны жоқ, сол әзірлікке байланысты  ауық-ауық өтетін жиындарға біз қатысқан жоқпыз. Бірақ, менің өз жүрегімде намыс оты тұтанды.

– Намыс оты?

– Иә. Әрине, Махамбет тойы ұлы дүбірмен өтуге тиіс. Бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Сол салтанаттың бір үлкен көрінісі – ат бәйгесі болатыны анық. Ал, Атырауда айтарлықтай жасақталған ипподром да жоқ. Атбегілік дәстүрмен айналысып жүрген ешкімді білмейміз. Жер-жерден жер танабын суыратын Ақан серінің  Құлагеріндей тұлпарлардың келетіні сөзсіз. Атыраулықтар аламан бәйгіге, жорға жарысына ат қоса ала ма? Осы сауал толғандырды.

– Сонымен?

– Мен әрі ойланып, бері ойланып, бір көзсіз тірлікке бет бұрған жанкешті адамның әрекетіндей әуреге түстім. Қазақстанның әр жерінде белгілі боп жүрген атбегілерді сырттай зерттеп, іздестірдім. Аз уақыт ішінде сонау Жамбыл облысындағы Қордай ауданының азаматы атбегілік есімі шыға бастаған Ерланмен танысып, Атырауға шақырып,  алда болатын тойға ат қосатын мақсатымды айттым. Бірақ, менде ат жоқ қой әлі. Ерлан ілкімді  екен, көзсіз тірлікке баратын ойымды түсінді. Тәуекелшіл екен. Қоштады. Біз екеуміз әй-шәйға қараған жоқпыз, Марат деген  шофер жігітіміз бар, салдыраған ескі жигулимен, о, тоба, осы жүрісімізге кім сенеді, біз Калмыкияны бетке алып, ол жерден жүйрік ат таба алмай, одан әрі Краснодар, Пятигорскіге астық. Мұнда да жолымыз болмады. Сол болжаусыз жүріспен Кабардино-Балкар автономиялық республикасының орталығы Нальчикке келіп тоқтадық. Қобалжулы көңіл… әркім-әркімнен жүйрік аттардың жайын  сұрадық. Тілекке орай Саид есімді шешен жігіті кездесе кетті. Мән-жайымызды бүкпесіз айтып, түсіндірдік. Мәрт мінезді Саид та қазақтарға деген игі сезімін сездіріп, бізге көмектесетінін айтты. Өзі де атбегі екен. Өз төңірегіндегі жүйрік аттардың  бәрін білетін боп шықты. Саид:  «Көріп келе жатырсыздар, біздің бұл өлке – таулы жер. Қазақ даласындай ұланғайыр жазық емес. Жықпыл-жықпыл тау қолтығы. Мұнда аламан бәйге  болмайды. Қашыққа шабуға жер тар. Сіздер көздеген ат бұл жерде жоқ. Солтүстік Осетияның Вислан қаласында жылқы зауыты бар. Онда өзім байқап жүретін екі жүйрік ат бар еді, соны көрулерің керек. Бұларға қоса Шешняда бір әйдік жүйрікті білем. Бірақ, ол жақ өздеріңе белгілі соғыс жағдайында. Жолы қауіпті. Бомба, граната жарылып, автомат оғы жаңбырдай жауатын бір сұмдық. Ол жақпен жүруге болмайды. Мен сіздерді Висланнан өткен соң Шешняның  шекарасында күтіп алам» деді. Осылай бәтуаластық.

Жүрісте тұрыс жоқ, Саидтың айтуымен Нальчиктен екі жүз шақырым жер Висланға келіп, жылқы зауытында сәті түсіп, «Тутымыс» дейтін жирен айғырды сатып алдық.  Тұқымы ағылшынның атақты  жылқыларынан боп шықты. Ойнақшып, екі көзі жұлдыздай жанып тұрды. Аттың келбетіне сүйсіндік.

Енді Саидпен жүздесуіміз керек. Саид уағдалы сәтте Шешняның шекарасынан бізді күтіп алды. Тау жебелеп, биік шыңдарға көтеріліп, жыландай ирелеңдеген қауіпті жолдармен үрейлене жүріп, Саидтың ауылына келдік. Жол бойында қорқынышымызды айтсам, осы күнге дейін жүрегім дір-дір етеді. Иә, солай болды.  Саид біз келгенше сатылатын аттарды тауып қойыпты. Бір оңаша елсіз жерде жүйрік аттар бағылады екен. Соларды көрдік. Ерлан  Осми, Маркет деген екі тұлпарды таңдады. Екеуі де Саидтың өз аты. Бізге ұнады.

Сол күні Саидтың үйіне қондық. Пендеміз ғой, қонып жатып сақтықты да ойлап қоямыз. Бірақ, Саид Құдайына қараған жігіт екен, бізді үлкен адамгершілікпен күтті. Саид бұл жерде өзінің екі атына қоса Силуэт деген тұлпарды да көрсетті, сөзіміз үйлесіп, оны да сатып алдық.

Не керек, шекарадан Саидтың өзі көмектесіп, өткізіп жіберді. Осы сапарда сол Кавказ жағынан төрт тұлпармен оралдық. Махамбеттің ұлы тойында Силуэт тұлпарымыз аламан бәйгеде өзге пырақтардың алдында жұлдыздай ағып, бас бәйгені алды. Намысымыз аспандап, аруақ қолдады. Бұл,  әрине, ел намысы ғой, ел намысы!

– Силуэт айғыр ма?

– Иә.

– Тұқымы бар ма?

– Бар. Одан туған құлындар да бәйгеге шауып жүр. Талай рет жүлде алып, мерейімізді көтерді. Асыл тұқымның аты асыл екен.

– Саидтан алған екі тұлпарың бар емес пе?

– Иә, Саид берген Осми бұл да өзгеше жаратылған жануар екен, аламан бәйгелерге қосылып, Атырау, Қарағанды, Ақтөбе, Семей жағында болған айтулы жарыстарда бас бәйгелерге ие болды. Өзінің жан қызығарлық келбетіне, иә, сирек бітімді тұрпатына қызығып, оны өзіміз Айқоңыр деп атап кеттік. Өзім тартатын, Дина атындағы оркестр орындайтын «Дүние дәурен дүлдүлім» күйін осы тұлпарыма арнап шығардым.

– Факир дейтін де атың бар…

– Айқоңырдың шабысы саябырлағанда аламан бәйгеге осы Факир шықты.

– Оның шабысы да – жойқын шабыс. Дүйім жұрттың делебесін қоздырып шулатқанын да көрдім. Ал, жорға жарысында да жұлдызың жанды ғой, Өнербек.

– Ол жорғаны – Лашынқара дейміз. Оның арғы атасы Америкадан екен. Ресей жағынан алдық. Өзіміздің Батыс өлкесінде еш жорғаға жол берген жоқ. Жасы ұлғайып барады.

Осы жылдар ішінде Қазақстан көлеміндегі ұлы бәйгелерде оза шауып жүлде алған  тұлпарлардың ұзақ жылдарға кететін атақ-даңқын  шығарған атбегілердің қатарында Өнербек Жанбаланың есімі де құрметпен аталады. Ол – тек Атыраудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның ұлттық мақтанышы!

Атыраудың Дамбы жағы Жайық жағасында Өнербектің фазендасы бар. Мұнда  жүйрік тұлпарлары, қыран бүркіті күтіледі. Жаз болса,  он  екі  қанат ақ  боз үйі ақша бұлттай жарқырап, анадайдан көз тартып, қызықтырып тұрады. Ішкі жасауы, жиһазы көз  жауын алған ақ боз үйдің ішінде шұбат ішіп, домбыра  тартып, ән салып, дағдылы әңгіме-дүкен құрамыз. Сондай сәттердің бірінде қыран бүркітінің хикаясы да шертілді:

Өнербек Жанбала… болмысы бөлекше жаратылған кесек тұлға. Жан-жүрегі музыкамен тыныстап,  ән боп, күй боп толқиды. Ол өзінің ғана  жан дауасы емес, өзгелердің де жүрек сырын қозғап, өмірге, ұлы тіршілікке сәуле беріп, шырай тарататын нұрлы сезім. Мұндай сирек бітімді, қарымы кең, ой-арманы асқақ, адамдар бағы үшін жойқын әрекеттердің үдесінен шығатын  жұлдызы биік,  өрелі жанды: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп ардақтап жатады, ғазиз жұртымыз! Жоғарыда біз шерткен хикаяның бәрі-бәрі – осы  сөзімізге куә!

Өнербек бұл күндері шын мәнінде ел ардақтысына айналды. Ел мен Жер үшін қалайда бір игілікті істер мен күрделі шараларды жүзеге асыруда өзінің биік деңгейдегі жігерлі азамат екенін жұрт жақсы біледі. Ол облыстық мәслихатқа төрт дүркін депутат боп сайланды. Ел үмітін арқалаған бұл жауапкершілікті істе  де белсенді, ол!

2000 жылдан бері облыста ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы.

Бақтықожа Салахатдинұлының тікелей басшылығымен Атырауда 2013 жылы «Ұлттық спорт клубы» ашылып еді. Онда  көкпаршылар, садақшылар шеберлігін шыңдап, өнерге машығады. Сондай-ақ, аударыспақ, теңге алу, бәйге аттарын баптау, құс салу өнері… міне, осы қызықты шаралардың бәрі зор ынтамен ұйымдастырылып, халықаралық дәрежедегі ипподром салуға  қыруар қаржы бөлініп, сіресіп жатқан сең бұзылғандай қат-қабат алапат істер басталып кетті. Осы тірліктің басы-қасында Өнербек Жанбаланың да еңселі, ойлы жүзді келісті келбетін көреміз.

… Өмірде маған жан-дүниесі, көзқарасы, ой-пікірі үйлесе кететін ғажайып жандар, құдайға шүкір, баршылық. Өнербек пен Алтынай біздің отбасымыз үшін сондай жаны игі, қасиеті мол, ниеті түзу жандар боп сүйіндіреді. Кейде жазу мехнатынан шаршап, жан дауасын іздеп, Өнербектің үйіне  не фазендасына келетінім бар. Сол сүттей ұйыған сұхбат үстінде ынтымағы, бір-біріне деген махаббаты бек жарасқан сәулетті отбасының иесі Өнербек сүйікті жары Алтынайға күлімсірей қарап, өз жүрегінің әуезі «Алтынай» әнін тамылжытатыны бар. Ол да бір ләззәтті сәт!

Мен қадірлейтін Өнербектің бар болмысын осылайша толғап көрдім…

Илья  Жақанов,

композитор,

Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының

еңбек сіңірген қайраткері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз