АБЫЗ АҒА

Бүгінгі аға буынның еңбексүйгіштік, мақсатқойғыштық ұстанымы мен ұлттық сана, ар тазалығы, ата дәстүріне адалдық қасиеттері – біз сияқты жеделдес інілері үшін де, қазіргі өскелең ұрпақ үшін де үлкен бір тәрбие мектебі. Осындай елге сыйлы, үлкен бедел биігінен көрініп жүрген ардақты аға, абыз ақсақалдардың бірі әрі бірегейі – Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы, бүгінде 90 жастың төріне шығып отырған Орынғали Қарасаев ағамыз.

 

Менің асыл ағамызбен алғашқы таныстығым сонау 1981-1985 жылдары Теңіз аудандық партия комитетінде хатшы болып жүрген кездерімнен басталды. Ол кезде Орекең облыстық мәдениет басқармасының басшысы болатын. Ол кісі сол кездегі өзі басқаратын саладағы халықтың мәдени-рухани сұраныстарына жанашыр, көптеген игілікті бастамаларды қолдаушы басшы болумен қатар, мен сияқты идеологиялық жұмыстың қыр-сырын әлі толықмеңгере қоймағанжастарға ақылшы тәлімгер болды десем, артықайтқандық болмас. Содан бері мен Орынғали Мұсаұлын іскерлігімен, ұлағатты ісімен танылған мәдениетті де зиялы азамат, үлкен жүректі  аға ретінде құрмет тұтып келемін.

Орекең ағамыздың өзінің кәсіби ісіне жетіктігі мен тағылымды ісі, зор парасаттылығы өз алдына бір төбе ғой. Сонау 1983 жылы Алматы қаласында Мәдениет министрлігінің бастамасымен композитор Құрманғазы Сағырбаевтың 175 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Сонда біздің аға министр Жексенбек Еркімбеков, қаламгер Хамит Ерғалиев, өнер қайраткерлері Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова және басқа зиялы қауым өкілдерімен кездескенде ұлт тарихы, мәдениет мәселелері жөнінде тереңнен толғап, өзінің бұл саланы көп білетін адам екенін айтқан әңгімелерінен аңғартып, құнды ой-пікірлерін білдіріп, айналасындағы адамдарды сондай тәнті етті. Кейін ол кісінің ел алдындағы үлкен беделі, биік азаматтық болмысы туралы мен ұзақ жылдар бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданында қызмет істегенде де халық аузынан көп естіп білдім.

Орекеңнің 1954-1957 жылдары осы ауданның партия комитетінің хатшысы бола жүріп, сол елдің айтулы азаматтары Х.Сұлтанов, У.Жайықовтармен бірге хрущевтік «жеке басқа табынушылықпен күрес», Гаганова бастамасына сәйкес «отызмыңдық шерумен» шеттен келген басқа ұлттың басшы кадрлармен тіл табысып жұмыс істеу, тағы басқа күрделі саяси-экономикалық реформаларды бастан кешіре отырып, елдің тұрақтылығы мен ауызбірлігін қамтамасыз ете білген іскерлігін де ел ризашылықпен естеріне түсіріп, әр кез оған алғыс айтып отырады. Кейінірек өзім мұрағат саласына жұмысқа келгеннен кейін ағамыздың өткен өмір жолы мен атқарған ұлағатты істері туралы тарихи құжаттармен кеңірек танысуға мүмкіндік алдым.

Мұрағат қорындағы тарихи деректерден мен ол кісінің 1942 жылдан бастап әскерге алынып, әуелі Москва, одан кейін Владивостокта Отан қорғауға қатысқанын, соғыстан кейін 1948-1954 жылдары аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде хатшылық жұмыстарда болғанын, сол кезде республикалық Орталық ЛКСМК-нің бірінші хатшысы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановамен үзеңгілес еңбек еткенін білдім. Ал, 1969-1971 жылдары Қазақстанда ашылған ірі мұнай кәсіпшілігі Маңғыстау түбегінің Өзен аудандық партия комитетінің хатшысы болғаны, сол өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі өз алдына бір төбе. Кезінде комсомол, партия, кеңес органдарында еселі еңбек етіп, облыс экономикасының әр саласындағы басқару мектебінен өткен ағамыз елге танымал азамат бола білді. Оның осы еңбегі лайықты бағаланып, төрт орденмен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталды.

Қазіргі күні Орынғали ағамыз бен Дәметия апамыз ұл-қыздары мен немерелерінің саясында отырған мәуелі қос бәйтерек. Жаны жайсаң ағаға мерейтойы қарсаңында денсаулық, отбасына бақыт пен амандық тілей отырып, ұрпақтарының қызығына бөлене берсін деген інілік тілегімізді білдіреміз.

Ел арасында: «Тарихтың атасы – халық, анасы – мұрағат» деген қанатты сөз бар. Олай болса, өзінің ұлағатты ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, осы өңірдің атақ-абыройын көтеруге барынша атсалысып, бедел биігінен көрініп жүрген қазыналы ағамыздың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге дер едік. Мұрағат қорын одан әрі құнды тарихи тың деректермен толықтыра отырып, кейінгі толқынға насихаттау маңызды міндетіміз бола бермек.

 

Зұлбұхар СҮЙНЕШОВ,

облыстық мұрағат басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз