Еуропаға салынған «көпір» Астана мен Парижді жақындастыра түсті

sorbanne Саясат

Жүздеген жылдардан бері әлемге мәдениеттің ордасы ретінде танылып келген Франция Қазақ елімен дипломатиялық байланысты 1992 жылдың 25 қаңтарында орнатты. Әлемге әйгілі Лувр музейімен, Эйфель мұнарасымен жаһан жұртшылығының жүрегін жаулаған Франция кереметтері туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Біздің айтпағымыз – Батыс Еуропа аумағында орналасқан алыппен арадағы серіктестік тарихы туралы.

сорбанне

Мәдениет, өнер туралы айтпағанда, стратегиялық жағынан Франция – Еуропа Одағының алып мүшелерінің бірі. Бұл – алып Одақтың маңызды шешімдер қабылдауына саяси салмағы ауыр мемлекет тікелей ықпал етеді және шешуші роль атқарады деген сөз. Осы ретте, Қазақстанның «Достық туралы келісім» жасасқан алғашқы елдерінің бірі Франция болғанын да атап өткен жөн. Және бұл келісім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға алғашқы мемлекеттік сапары кезінде 1992 жылдың қыркүйегінде жасалды. Қос тарап арасындағы байланыстың негізгі базалық принциптерін айқындап шығарған бұл құжат екіжақты байланыстың дәнекеріне айналды.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан кезде біздің еліміздің қауіпсіздігіне алғашқы болып кепілдік берген мемлекеттердің қатарында Франция да бар. Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы көпірге балап, тұрақтылық кепілі ретінде қарастырған мемлекеттердің бірегейі де Франция болатын. Құқықтық жүйені қалыптастыруда да еліміздің Франция тәжірибесін негізге алғаны белгілі. Осындай деңгейде басталған әріптестік еліміздің Бас қаласы – Астананы тұрғызуда да жалғасын тапты.

Былтыр Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынасқа 25 жыл толды. Осы кезеңде екі ел арасында сауда-экономикалық және мәдени тұрғыдан іскерлік қарым-қатынас орнады. Ашық деректерде Францияның Қазақстанға құйған капиталының жалпы сомасы 13,6 миллиард еуроны құрағандығы айтылады. Соның ішінде, уран, титан, мұнай өндіру, теміржол локомотивтерін жасау, агроөнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика саласындағы жобалар сәтті іске асып жатыр.

Астын сызып айта кетер бір мәселе, Қазақстанға үлкен көлемде инвестиция құйып отырған елдердің қатарынан бүгінде  Франция үшінші орында аталып жүр. Франция негізінен еліміздің  энергетика және мұнай-газ секторын қаржыландырып отыр. Қазіргі таңда Қашаған кен орнындағы франциялық North Caspian Operating Company консорциумының үлесі 16,8%-ды құрайды.

Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанға Францияның сол кездегі Президенті Франсуа Олланд тұңғыш рет мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Елордаға бас тіреген мәртебелі мейман қос мемлекеттің экономикалық және білім саласындағы әріптестік байланысына басты назар аударған болатын.

Осылайша, 2014 жылдың 5 желтоқсанында Астана қаласында өткен экономикалық және білім форумында Қазақстан мен Франция президенттері бірнеше келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ, тау шаңғысы туризмін дамыту, ғарыш, энергетика және мемлекеттік басқару саласында келісімдер жасалды. Аталған форум қорытындысына байланысты өткен баспасөз-конференциясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Франциямен арада кәсіпорын саласындағы он жобаны жүзеге асырдық. Тағы он сегіз жоба қарастырылуда. Серіктестік қатынас негізінен машина жасау, байланыс, ғарыш, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларын қамтиды» деп атап өткен болатын.

Жаһандық геосаясатта ерекше маңызға ие Франция Қазақстанды Орта Азия кеңістігіне шығатын жол ретінде бағалайды. Кәрі құрлық тарихында ұдайы алдыңғы қатарда келген Франция — жеті жетекші экономикалық дамыған мемлекеттің бірі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Ракета-ядролық әлеуетке ие және батысеуропалық интеграцияның белсенді қатысушысы болып табылатын Франциямен арадағы байланысты  нығайта түсуге Қазақстан тарапы қашан да мүдделі болып қала бермек.

 

Бірлескен ірі жобалар

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен француздық «Areva» тобы арасында өзара іс-қимыл орнатылды;

«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ «Eurocopter» компаниясымен серіктесіп, Қазақстанда тікұшақ саласын дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде;

«Thales» компаниясымен бірлесіп, телекоммуникациялық жүйе өндірісі бойынша өнеркәсіптік-технологиялық серіктестік орнықты;

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ мен EADS Astrium компаниясы арасында ғарыш саласындағы ынтымақтастық тереңдеді.

 Тақырыпқа тұздық

Франсис ЕТЬЕН, Францияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі:

Барлық салада байланыс бар

Қазақ елі 2008 жылы Орталық Азияда алғаш болып Франциямен стратегиялық серіктестік орнатты. Екі тараптың барлық саладан байланысы бар. Бүгінде Францияда қазақстандық 650 студент жоғары білім алып жатыр. Оның жартысына жуығы «Болашақ» бағдарламасымен оқиды. Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде алтыншы орында.

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз