АСҚАҚТАЙ БЕР, АСТАНАМ!

astanakynСарыарқа төсінде, Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның бас қаласы – Астанаға – 15 жыл. Елорданың туған күнін барша қазақстандық кеңінен атап өтуде. Бас қаламызды он бес жастағы жеткіншекпен салыстыруға тіптен келмейді. Ару Астана – мақсат-міндеттері айқындалған, аяғына нық тұрған, кемелденген шаһар, тың идеялар мен нақты істердің ұйытқысы, елдігіміздің тұғыры, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі. 

Қазір Қазақстан – өзге елдерді бір-біріне жалғайтын бауырлас, меймандос және бейбітшіл, ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісінің қарыштап дамуына әсер ететін еңселі ел. 
Тарихы тереңге тартылған Астананың көркейіп, қанатын кеңге жаюына өлшеусіз үлес қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Президент ел болашағы үшін тынбай еңбектеніп, игі істерге мұрындық болды, ауқымды жоспарлар құрып, тиімді жүзеге асыра білді. Нәтижесінде ел үміті ақталып, замана ағымымен үндескен, ару да әсем қала дүниеге келді.
Бас қаламыз уақыт өткен сайын жаңарып, көркейіп келеді. Қанатын кеңге жайып, құлпыра түскен, жасыл желегі жайқалуда. Әсем Астанамызға өзге ұлт қызыға да, қызғана да қарайды. Елордамыздың абыройының артуы – барша қазақ халқы үшін үлкен мерей.
Астана – болашақтың қаласы. Сондықтан, келер күніміздің келісті де, көркем боларына үмітіміз мол. Асқақтай бер, Астанам!

Аружан ҚАРИ, оқушы,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз