Тұтқындар тарихы: завод – фабрикалар қалай салынды?

Арнайы жобалар Атырауға 380 жыл

Арғы-бергі тарихқа үңілсеңіз, қазақ даласын отарлау Кіші жүзден басталған. Әкімшілік реформалардың барлығы, яғни, хандық билікті жою, аға сұлтан немесе управитель лауазымдарын енгізу, ауылдарға, дистанцияға бөлу де тәжірибе ретінде осы аймаққа алғаш рет қолданылды.

Бір кезде Гурьев уезі Орал облысына бағынды. Оның құрамына қазіргі Атырау облысының бір бөлігі, Жайықтың сол жақ беті енді. Ал, оң жағалау Бөкей Ордасы немесе Ішкі Орда деп аталып, Астрахан губерниясына бағынды. Яғни, бұл жерлер «қазақтарға тиесілі емес, орыстың жері» деп есептелді. Ал, екі тармаққа бөлінген қазақтар қайта табыспау үшін екі ортаға Жайық казактары келді.

Аталған аймақтардың жер көлемі Гурьев уезіне, Бөкей Ордасына, со­сын Жайық казактарына тиесілі болған. Байқасаңыз, бір қазақтың, бір рудың, бір тайпаның жері бірнеше бөлікке бөлініп, отаршылдықтың тамаша үлгісін көрсетіп отыр.

Жалпы, бұл жердің климаты аридтік зона деп аталады. Су, шөп тапшы, тұруға аса қолайлы емес. Соған қарамастан, табиғи байлығы мол. ХХ ғасырда-ақ өлкеде мұнайдан өзге де кен орындары, тұз алаңдары бар екені анықталды.

Жайық бойындағы балық өнеркәсібін дамытқан казактар монополиясына ішкі орыс губернияларынан қоныс аударушылардың келуі қазақтарға әсерін тигізді. Яғни, мал шаруашылығын кәсіп қылған көшпелі қазақтар үшін қолайлы саналатын сулы-нулы жерді олар өздеріне меншіктеп алған. Соған байланысты Гурьев уезі мен Маңғыстау түбегінде көшіп жүрген қазақтар амалсыздан қоныстарын ауыстыруға, тіпті, шабындық жер, су тапшы болғандықтан кәсіптерін өзгертіп, мұнай саласына, тұз өндіру

балық аулау жұмыстарына ауыса бастады. Жалпы, Гурьев уезіндегі отаршылдық саясатқа қатысты құжаттар Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивте сақталса, Бөкей Ордасының мәліметтері – Астрахан облысында.

Ел өміріне өзгеріс енгізген 1916 жылғы оқиғаларға орай, майдандағы қара жұмысқа жұмылдыру үшін Бөкей Ордасы бойынша нақты үш жер белгіленіп, сол пункттер арқылы ер-азаматтар аттандырылды. Нұғман Манаев, Сейітқали Меңдешевтің естеліктерінде, архив деректерінде де бұл кезең туралы

айтылған мәліметтер жетерлік. Шамамен, он мыңнан астам адам Бөкей Ордасынан майданға аттанған. 100 адамнан топталған алғашқы лек 18 қыркүйектен бастаса, соңғы топ 13 қазанда жіберілген. Олар Батыс майданға жеткізіліп, біразы майдан даласында окоп қазуға тартылса, қалғандары Ресейдің ішкі губернияларына, Воронеж, Орёл, Калуга қалаларындағы ағаш кесу, жүк жинау секілді қара жұмыстарға жегіліпті. Бөкей Ордасын мекендегендер үшін бұл оқиғалар оңайға соқпағаны анық. Жан-жақтан қаумалаған казактар олардың қашып кетуіне де жол бермей, мәселені ушықтыра түсті.

Десе де, «Қазақ» газетінде жарияланған деректерге сүйенсек, бұл мәселеге қатысты Хан ордасына келіп, жиын өткізген генерал-губернатор Соколовскийдің алдына халық атынан Б.Құлманов шығып, өз талаптарын қояды. «Егер бір үйден екі-үш жігіт майданға шақырылса, біреуі ғана барсын. Қара жұмысқа жегілу егін жиналғаннан кейін басталсын. Егер осы талаптар орындалатын болса, біздің адамдар баруға қарсы емес» деген датын айтады. Алайда, патша билігі халық үнін жеткізген Бақтыгерей Құлманов, Исатай батырдың немересі Өтепқали Дінбаянов сынды ұйымдастыру қабілеті жоғары, жергілікті тұрғындарды тыңдата білетін азаматтарды үш айға қамау туралы шешім шығарған. Кесілген мерзім біткенше, майданға аттандыру жұмыстары аяқталып та үлгеретін.

Ал, Гурьев уезінде жағдай олай емес-тін. Себебі, жан-жағынан қоршап отырған әскер жоқ, көбі бы­тырап қашып кетті. Оған қоса, мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасайтындарды еркінен тыс майданға жіберетіндей мүмкіндік болған жоқ. Халықты осылайша қорқытып-үркіту, зиялы қауым аузымен айтылған «патшалық режимге қарсы келмеу» сынды ұстанымдарға қарамастан, халықтық көтерілістердің орын алғаны белгілі. Майданға аттанғандарға көмектесу, қаржылай қолдау білдіру мақсатында 1916 жылы Бөкей Ордасынан көп адамдар барды. Ишанғали Меңдіханов секілді бастамашыл азаматтардың ұйымдастыруымен қара жұмысқа жегіліп, қажып жүргендерге сәл де болса жеңілдіктер жасалды.

Архив құжаттарында осы кезеңдер тіптен басқаша сипатталады. Ол кезеңде қазақ даласында большевиктік партияның өкілдері тұрмақ, оның идеологиясын түсінетін, халық арасына тарататын үгітшілер болған жоқ. Керісінше, Алаш билігінің ықпалы мықты болды. Алайда, осындай саяси тақырыпты терең зерделеген кеңестік дәуір таптық тұрғыдан бағалап, Алаш жағында болған адамдардың аттарын атамай немесе қаралап айтты.

Жанша және Халел Досмұхамедовтер сынды зиялы азаматтардың есімдері белгілі болса да, әлі күнге дейін олар тура­лы толыққанды зерттеу жүргізе алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Өйткені, олар туралы барлық дерек Ұлттық Қауіпсіздік

Комитетінің «сандығында» жатыр. Сол құжаттарды жеке-жеке зерделер болсақ, олардың атқарған жұмысын ғана емес, тұтастай өңір тарихына қатысты біраз деректерге қол жеткізер едік.

Шынында, Гурьев уезіне қатысты нақты деректер жойылып кеткен. Біреулер «ақгвардияшы Толстов қашқан кезде өзімен бірге алып кетті» десе, батысқазақстандық зерттеуші Исатай Кенжалиев «1920 жылы архивтің мекемесіне орналасқан Чапаев дивизиясының әскері тоңған кезде құжаттарды отқа жаққан» деп уәж келтіреді. Сірә, осы дұрыс болса керек.

Гурьев – мұнайлы мекен. Әуелгі Бакуден қара май шықпаған кезде, Ембінің жер майы, сол жердегі жұмысшылар большевизмнің тірегі ретінде қабылданған. «Жұмысшы табы бұл большевиктік партияның, коммунистік идеологияның негізі болу керек» деген көзқарас қалыптастырылды. Сөйте тұра, басым бөлігі әлі де алаш идеологиясынан бас тарта қойған жоқ еді. Тым болмаса, бейтарап қалып, коммунистерге қолдау жасамады. Халық арасындағы ортадан жоғары адамдар

Гурьев уезіне қарағанда, Бөкей Ордасынан көп шыққан. Кедейлер алғашқыда балаларын оқытуға қорыққанымен, кейін жұмысқа орналасатындарын көрген соң, балаларын оқуға жіберді. Бірақ, халықпен тікелей жұмыс жасап, мұң-мұқтажын көзімен көрген білімді жастарды «патша билігіне жұмыс жасады» деп айыптау дұрыс емес. Десек те, олардың дені репрессияға ұшырағаны рас.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан территориясында 22 еңбек түзеу лагері болған. 1929 жылдың мамырында қабылданған арнайы қаулы келесі жылдан бастап жүзеге асты. Себебі, сол кезде индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін кен көздерін игеру, ол үшін завод, фабрикалар салу, оған мыңдаған жұмысшы қажет еді. Ал, халықты оқытып-тоқытып, жұмысшы қылу – қиын әрі ұзақ процесс. Құрылыс тез салыну керек болған соң, ең оңай жолын табу керек. Ол – халықты түрлі саяси негізсіз айыптаулар арқылы түрмелер мен лагерьлерге қойша тоғытып, ақы-пұл түгілі, қарын тойдырар ас-сусыз-ақ, тегін жұмыс күші ретінде пайдалану.

Ең бастысы, завод-фабрикалар шикізат көзіне жақын болуы ескерілді. Мысалы, Гурьевте балық өндіріліп, мұнай шығатын. Сондықтан, бұл жерге завод салу тиімді болды. Соғыс жылдарында салынған Атырау мұнай өңдеу заводының құрылысын да лагерь тұтқындары салды. Олар жалақы да тапқан жоқ, тек тірі қалғанына қуанды. Атырау облыстық архивіндегі құжаттарда көрсетілгендей, «Прорвалаг» еңбекпен түзеу лагерінің тұтқындарын балық аулау және теміржол құрылыстарына жұмылдырған.

Қалай десек те, сол дәуір оқиғаларының ақиқатын еш боямасыз қалпына келтіруіміз керек. Архив құжаттарына сүйену өз алдына, халық арасындағы куәгерлермен қатар тарихи жадыға да сүйенгеніміз жөн. 1917-1920 жылдардағы оқиғаларды «білемін, көзіммен көрдім» дейтіндердің жасы егер тірі болса 100-ден асып кетер еді. Тіпті, «атам, әжем, әкем айтып еді» деушілер де аз.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы тақырыпты толыққанды зерттеп-зерделеу үшін арнайы комиссия құру туралы бастамасы құптарлық. Алдағы уақытта бұған бірді-екілі өлкетанушылар емес, ел болып жұмылғанымыз жөн. Өлкенің тарихын бірге түгендегеніміз абзал.

Серік ҚУАНЫШ,

Атырау облыстық мемлекеттік архивінің басшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған