Сенім жүгі

shyirdabaev ravil Қоғам

«Атырау-Ақпарат» ЖШС мен Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік архивінің бірлескен жобасы

шырдабаев равиль

Равиль Шырдабаев Атырау облысының әкімі болып 1994 жылы 16 қазанда тағайындалды. Облыс әкімі елге етене таныс, басқару жүйесінің барлық сатысынан өткен, өндіріс пен өңір экономикасын жетік білетін, еңбек жолында көптеген сынақтарды жеңе білген тұлға болатын.

Бұған дейін Равиль Шырдабаев Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны директорының орынбасары, 1994 жылы сәуірде «Теңізшевройл» директоры, кейін ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі лауазымдарында болған. Оның түпкі нәтижесі – 1993 жылы 6 сәуірде Н.Назарбаевтың  «Шеврон» корпорациясының басқарма төрағасы және әкімші–директоры Кеннет Т.Деррмен «ғасыр келісіміне» қол қоюы еді.

1992 жылы 14 ақпанда облыс әкімі С.Түгелбаев Н.Назарбаевқа өзінің бірінші орынбасарлығына Р.Шырдабаевты ұсына отыра:

«Ол үлкен өмір мектебіненавтожөндеу зауыты слесарынан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына дейін өскен адам. Р.Шырдабаевта басшыға тән барлық сапа бар, адамдармен жұмыс жасауда тәжірибесі жеткілікті. Елмен сөйлесе біледі, өз ойын анық білдіреді, жеке өзі шешімді тез, әрі дұрыс қабылдай және өз әрекеттеріне жауап бере алады. Жеке уақытымен санаспастан, барлық күшін жауапты іске бағыттайды. Келешекті болжай біледі, басқаруда тапсырманы анық, нақты береді», –  деп жоғары бағалаған-ды.

Н.Назарбаев елдің даму жағдайын ескере отыра ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Р.Шырдабаевты Атырау облысына әкім етіп жібереді. Елге оралған Р.Шырдабаев бірінші өкімімен М.Сәрсекеновты ұйымдастыру және қоғамдық-саяси мәселелер бойынша кеңесшісі етіп бекітеді. Облыс басшысы алдымен ауыл шаруашылығына назар аударды. Облыс халқын картоппен қамтамасыз ету мақсатында Нидерландыдағы «Агрико» фирмасымен келіссөз басталады. Нәтижесінде олардың технологиясын Махамбет ауданының «Ақ Жайық», Индер ауданындағы «Қызылжар» ұжымдық кәсіпорындарына енгізу мәселесі шешіледі.

Облыста өнеркәсіп өнімдері 1994 жылы 17,2 млрд. теңгені құрады. 1993 жылға қарағанда мұнай өндіру 481,3 мың тоннаға артса, осы жылы 167,6 мың тонна түрлі түсті мұнай өнімдері, 6 мың тонна полипропилен шығарылды. Ол 1993 жылғы 12 мамырдағы Министрлер кабинетінің «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын қамтамасыз ету» қаулысымен бекіген-ді. Қаулы бойынша 1994 жылы 20 қазанда «Анако» акционерлік компаниясына Қырық Мылтық, Қожа, Кемеркөл мұнай-кен орындарындағы барлау, игеру және өңдеу құқығы берілді. Ал, 1994 жылы 10 қарашада облыс «Анаконы» қолдап, бір жылға 50 пайыз үстемемен 10 млн. теңге бөлді.

Равиль Тәжіғараұлы өз орынбасарлары атқарар жұмыстарын да нақты бөліп берді. Мәселен, бірінші орынбасары А.Селбаев өнеркәсіп, көлік, коммуникациялар мен сауда салаларына, орынбасары А.Баландин облыстық төтенше жағдай мен жол қауіпсіздігіне, орынбасары Қ.Ризуанов ішкі саясат пен діни ұйымдарымен байланысқа, орынбасары – экономика басқармасының басшысы А.Қаратаев облыс экономикасына, орынбасары – ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Е.Нұршаев ауыл шаруашылығы мен кооперацияда экономикалық қатынастарды қайта құруға, өңдеу және балық  өнеркәсібінің дамуына жауап беретін болды.

Облыста жекешелендіру де қарқын алды. 1994 жылы мемлекеттік меншіктен 151 кәсіпорын жекешелендірілсе, 1995 жылы 150 шағын мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілуге тапсырылды. Жекешелендіру нарық талабы еді.

Дегенмен, елде экономикалық жағдай күрделеніп, қаржы дағдарысы дендеді. 1995 жылы Атыраудағы 31 кәсіпорынның он бесінің өнім өндіруі төмендеді. Соның ішінде, «Атырауеткомбинаты» АҚ, «Атыраусыра» АҚ, «АМӨЗ» АҚ, «Шельф» АҚ, «Ақбидай» АҚ  мекемелерінде мыңдаған адам еңбек ететін. Оның соңында бюджетке қаржы түспеді. Дегенмен, облыста бірлескен кәсіпорындар көбейе бастады. Олар 1995 жылы – 2688,0 мың, 1996 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 2079, 1 мың тонна  мұнай өндіріп, оны сатуға шығарған. Ол облыста өндірілетін мұнайдың 62 пайызы болатын. Облыста «Росшина», «Стамбул», «Атыраукешен», «Казуралсервис», «Гюрал», «Атма» бірлескен кәсіпорындары жұмыс жасады.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, облыста рухани-мәдени жұмыстар қарқын алды. Алдымен ел ішіндегі тұрақтылықты, өзара келісімді қамтамасыз ету мақсатында 1995 жылы 8 ақпанда облыс әкімінің қаулысымен Атырау облысында Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құру туралы қаулысы қабылданды.

Облыс ҚР Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстандағы архив ісінің 200 жылдығы туралы» қаулысын да іс жүзіне асырды. Ол бойынша Атырау облысының мемлекеттік архиві және қала, аудандардың архив қорлары бойынша құжаттардың құрамы мен мазмұны туралы анықтамалық материалдар енгізілген жол көрсеткіш шығару, тарихшы ғалымдардың қатысуымен ғылыми семинар өткізу, бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстандағы архив ісінің 200 жылдығы», «Архивте табылған» (тарихтың жаңа фактілері туралы) атты айдармен облыстағы архив ісінің даму тарихын насихаттау, 1995 жылы 25-29 қыркүйекте Алматыда ғылыми-практикалық конференция өткізу қолға алынды.

Бұл жылдары облыс өлкедегі тарихи ескерткіштерді қорғауға, археологиялық қазба жұмыстарына жағдай жасады. 1996 жылы 26 шілдеде Р.Шырдабаевтың атына ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры К.Байпақов жолдаған хатта облыста археологиялық экспедициясының 1989-1991 жылдары жұмыс жасағанын, кейін қаржы бөлінбегенін, 1996-2000 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуіне көмектесуін сұрайды. Қорытындысында институт ғалымдары Ақтөбе мен Сарайшықта зерттеулер жүргізді.

1997 жылы Атырау қаласы «Мұнайлы астана» атанды. Ол турасында Рекең: «Вашингтон қаласына барғаным әлі есімде. Онда Президент мені «Мұнайлы астананың басшысы» деп таныстырған болатын» деп еске алған болатын. Мұның өзі ел азаматтарына, облысқа артылған үлкен сенім еді. Міне, осыдан бастап Атырау «Мұнайлы астанаға» айналды.

Равиль Тәжіғараұлы әкім болған тұста білім, ғылым саласында да жаңалықтар болды. Ол Президенттің 1996 жылы 24 мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Жарлығын толық жүзеге асырды. 1996 жылы 26 қыркүйекте Атырау қаласында «Кіші өнер Академиясын құру» шешімін қабылдап, оның басшылығына Қ.Қайненовты тағайындады. Ал, 1997 жылы 21 шілдеде теміржолшылар колледжі базасында облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылды. Мектеп-интернат аз қамтылған отбасы және алыс аймақтағы жұмысшылар балаларына арналған болатын. Оларға қоса облыс мектепті компьютерлендіруге, ағылшын тілінде оқытудың сапасын арттыруға, сол үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жаңа топтар ашуға назар аударды.

Атырау облысының 1998 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары 1999 жылы 4 ақпанда шығарылды. Ол бойынша облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 85,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілгені, 1997 жылға қарағанда мұнай өндіру 14,1 пайызға, газ – 18,9 пайызға, күкірт 19,8 пайызға өскені белгілі болды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында да өсім байқалған.

Араға уақыт сала Р.Шырдабаев дипломатиялық қызмет атқаруға тағайындалып, 1999-2003 жылдары Украина мен Молдовада өкілетті елші, 2003-2004 жылдары  ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі, Каспий теңізі құқығы бойынша жүргізілетін халықаралық келіссөздердегі Қазақстанның арнаулы өкілі міндеттерін атқарды. Ол 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ал, 2007 жылдан «АЛД Консалитинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Бүгінде ел құрметіне бөленген Р.Шырдабаев – «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер, АҚШ-тың Даллас және Балтимор қалаларының Құрметті азаматы, Атырау облысының, Мақат және Махамбет аудандарының Құрметті азаматы атанды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мұнай-газ саласына еңбе сіңірген қызметкер.

Өмірбаян  беттерінен:

 «Мен 1940 жылы 26 мамырда Гурьев облысы, Мақат ауданы, Доссор елді мекенінде дүниеге келдім. 1956 жылы 7 жылдық мектепті бітірдім. 1956-1959 жылдары кешкі жастар мектебінде оқып, 10 сыныпты бітірдім. Осы тұста Доссор автожөндеу зауытында слесарь қызметін атқардым. 1959 жылы  Доссор  мұнай техникумының кешкі бөлімінде оқып, жұмысымды жалғастырдым. 1961 жылы Саратов политехникалық институтына оқуға түстім.

1963 жылы жол құрылысы факультетінің 2-ші курсын бітіріп, «Қазмұнай» бірлестігі ұсынысымен  Москвадағы мұнайхимиясы және газ өнеркәсібі институтына оқуға ауыстым. Оны 1966 жылы бітіріп, 1967 жылға дейін Доссор автожөндеу зауытында инженер-конструктор, 1967-1968 жылдары трактор цехы басшысы және зауыт бас инженерінің міндетін атқардым».

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз