Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, жазушы-эссеші: Жыршы

0 Мәдениет

Біздің қолымызда бала Құмардың әлгіндей кәмелеттік сынақтан (жыршылық инициациядан) өткендігі жайлы мәлімет жоқ.

Маңдайына Мұрат тіріліп келді ме, әлде Қыдырмен бірге кеп Қашаған түсіне енді ме, ол жағы белгісіз. Десе де, Құмардың пірлі жырау болғандығына ден қойғызарлық бір жағдай бар – жыршының қолымызда бар жалғыз фотосуретіне барлап қарасақ, бір қырын түскен оның сол жақ көзінің зақымды екендігін байқаймыз. Эпик дәстүрде мұның өзі айрықша нышан, Тәңірден келген тылсым белгі. Ол бойынша болашақ өнер иесі не анадан әз боп туады, не жүре-бара көзден қалады.

Мысалы, Бұхардағы Қалдаш жыршы туа зағип, ал Қашағанның бір көзі кейініректе көрмей қалған. Хиуа – Маңғыстау жерінде жасаған Жақсылық жыршы да кейін екі көзден қалған. Қотырбас адай Қарасай да көзден майырылған. Жыршылардың өздері мұның себебін Ноғайлықты (Ноғайлы дәуірі жырларын) айтқаннан деп түсіндірген. Сол сияқты жыр үстінде дәреті бұзылса да бір көзден қари боп қалады. Не жыр айтып отырғанда ішінде артық сөз кетіп қалса, өзің таза болмасаң көзден, тілден, құлақтан қаласың. Бұл жағдай санасы әбден ағарған бүгінгінің адамдары үшін түсініксіз, не қиял-ғажайып аңыз болып көрінуі мүмкін, ал ақиқатында бұл болған, бар нәрсе. Жыршылық шынымен де киелі нәрсе, онда біз түсінбейтін нәрсе көп, мұны бүгінде заманауи зерттеушілердің өздері де мойындайды.

Ендеше Құмар пірлі де көзді жырау  болуы мүмкін екенін есте ұстауымыз керек. «Өлең түстеніп, жыр қонып өткен» Жүсіп (Дүрмағамбет) әулеті осы жағдайды ағатсыз ұғып, «иесі бар» баланың бойындағы қасиетті кәделеп, одан әрі ұштауға жастайынан зер салған десе лайық. Осындай жолмен, яғни айнала ортасының алқауымен жыршылық жолы ашылған өнер иелері аз емес. Айталық, қазалылық жыршы Жәмет Сайымұлы нағашысы — анасы Үбіштің туған інісі, белгілі шайыр-жырау Нұртуған Кенжеғұлұлының ізіне еріп жүріп, жыршылықты меңгерсе, қарақалпақстандық атақты Наурызбек жырау Раманқұлов нағашысы Оразбай жыраудан тәлім көрген.

Жоғарыдағы Қалдаш Сәдіровты сөз өнеріне ағасы Сейділда баулыған. Мұндай жағдай туыстас түркі халықтарында да бар. Мәселен, саха олонхошысы Тимофеев-Теплоухов алғаш он үш жасында әкесінің інісінің алдында өнер көрсетіп, батасын алған. Сол сияқты Жолайды да Құмардың жыршылық жолындағы тәу ұстазы, тәлімгері деп танимыз. Құмекеңнің өзінің айтуынша, Жолай оған он алты жасқа толғанша «ақындықтың» жолын үйреткен. «Нәтижесінде, – депті жыршының өзі Е. Ысмайыловқа, бала жасымнан Махамбеттің, Ығылманның, Қашағанның өлең-жырларын жатқа айтатын дәрежеге жеттім». Қабекеңнің мәліметінше, одан әрі, яғни он алтыға толғаннан кейін атақты Қашаған жыраудың қасына ереді. Ал жыршының өзінің айтуынша, «Ығылманмен бірталай уақыт жолдас болып, көп сабақ алады, одан «Қамбар», «Ер Сайын», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырын үйренеді». Тағы бір мәліметте 1922 жылы, яғни 17 жасында Ығылманмен кездесіп, одан «Исатай-Махамбет» дастанын  үйренді делінген.

Тұтас алғанда, Қ.Сыдықов Құмар Жүсіповтың жыршылық репертуарын Абыл, Махамбет, Шернияз, Ақтан, Нұрым, Ығылман, Аралбай, Қашаған, Досжан, Аязбай, Реушен, т.б. жыршы-ақындардың шығармаларымен белгілейді. Осы автор белгілі «Ақын-жыраулар» кітабында Құмардан Есет жыраудың «Тауға біткен қайыңның» деп басталатын толғауының бір нұсқасын, Абыл жырларын, Шынияз Шанайұлының толғауларын жазып алғанын келтіреді. Осы есеппен келгенде, Құмар он алты жасында Қашағанға еріп, одан кейін Ығылманға түстеніп, бұл екі жырау дүниеден өткен, яғни 1929 және 1931-жылға дейін кәсіби жыршы ретінде толық қалыптасып болған. Яғни, жекелеген толғау, шағын көлемді жыр, үлкен жырлардың жеке тарауларын айтатын ортаңқол жыршы емес, «Қамбар», «Ер Тарғын» тәрізді бір салалы жырлармен қатар Қабекең «Қашағаннан үйренді» дейтін «Қырымның қырық батыры» тәрізді таң ұзағына түссең де сала-сөресі таусылмайтын көлемді де тармақты жырларды жер тіренте соқтыратын, классикалық баулу, үйрену мектебінен өткен нағыз эпик жыршы ретінде қалыптанған дер едік.

Қабекең кезінде Құмарды Мұрын, Ығылман, Нұрпейіс, Өскенбай, Көшек, Аралбай, Шадыман, Өмір Көшекбайұлы, Ыбыр Досалиев, Сүгір Бегендікұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Сұраубай Үттібаевтармен бірге Абыл, одан шығатын Қашаған Күржіманұлының жыршылық мектебіне жатқызып кеткені белгілі. Дұрыс қой. Алайда Құмарға келгенде Қашағанмен қатар Ығылманның дәнекерлігімен жеткен Мұрат Мөңкеұлының жыршылық мектебін де ұмытпау жөн. Жоғарыда аттары аталған жыршылардың бірқатары, – мысалы, Мұрын, – Қашағанмен бір мезгілде Мұратқа да шәкірт боп ерген ғой. Алдына қара салмайтын жырау-жыршы Мұрат «Қарасай-Қазиды» екі күн бойы жырлаған. Құмар кейін өз жырлауында ғылыми қорға тапсырған «Қарасай-Қази» осы Мұрат жырлаған нұсқа болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, Құмар Е. Ысмайыловқа өзі еріп, тәлім алған ұстазы ретінде Ығылманды атаған да, Қашағанды айтпаған. Неге олай, біле білсек, Қашағанның атағы Ығылманнан да даңды ғой, егер шынымен де Нұрымды іздеп Тайсойғанға талай келген одан жыр үйренсе, мектебінен өтсе, айқыртып тұрып айтатын жері емес пе еді?! Ойландырады.

Құмар үйде жырға бастығып, іргемен жылжып аққан көк толқын Жайықтың ырғағына елтіп ауызша сөз қайымдап, нәтижесінде мектепке бармай тұрып батырлар жырын заулатумен қатар тасқа басылған сөзден де өрнек алған. Тағы да сол Қабекеңнің жазуынша, ауыл молдасынан хат танып, ел ішіне тараған қисса-дастандарды көп оқиды. Оқып қоймай, романдық мазмұндағы шығыстық қиссаларды да айтқан. Алайда, мұны дәстүрге алағаттанып жазба әдебиет араласқаннан болатын, кітаптан жаттағанын жад етіп, өзгертпей айтатын кітаби шайырлық дәстүр деп емес, қағаздағы сөзбен жаттығып, одан әрі ауызша айтып кететін, жыршылық дәстүрдің заманға аз-кем бейімделуі деп ұққан жөн. Құмекеңнің жаттап алғанын қақсауға жан-тәнімен қаншалықты қарсы болғанын мақаламыздың бас жағында келтіргенбіз.

Құмар жыр айтумен қатар талай жиын-тойдың туын көтеріп, желегін ұстағаны шәксіз, соған орай жыршылардың дәстүрлі қоғамдағы көпсалалы (полифункционалды) қызметінен де шет қалмағаны анық. «Бертінде бірталай ақындармен айтысқа түсіп,  ақындыққа төселдім» депті өзі Есағаңа айтқан әңгімесінде. 1940-жылдардан бері Сұраубай Үттібаевпен, Сәттіғұл Жанғабыловпен айтысқан, бірақ олар идеологиялық тапсырыспен болған нәрселер, біз оларды есепке алмаймыз, бұл ретте 1931 жылы кезінде Бала Ораз айтысқан тайпақтық Жібек Ерубайқызымен айтысын айту жөн. Құмардың ірі айтыстары осылар, одан уақтау бізге жетпеген айтыстары да болуы мүмкін. Бүркіт Ысқақовтың Алматыдағы мәслихатта «Құмар термеші ретінде де көрінді» деуіне және жыршының Қабекеңе Насихат Сүгірұлының термелерін бергеніне қарағанда ол терме, желдірме, толғау, нақыл сөз де айтқан. Әдетте біз қазақтың поэтикалық-музыкалық өнерінің желдірме тармағын Иса Байзақовқа ғана телиміз, ал жоғарыдағы мәслихаттың ашылу салтанатында желдірмені төгіп-төгіп жіберіп, жұрттың есін шығарғанына қарағанда Құмекеңнің әншілігі де болуы мүмкін. Облыстық мұрағатта қолжазба күйінде сақтаулы «Өгіз бен кісінің айтысы» дейтін аллегориялық шығармасына қарағанда заманында мысал өлең (басня) да шығарып тұрған тәрізді.

Бұларды жыршының өзі «ақындыққа төселуім» деп атағанымен, шынтуайтында олар оның жыршылығын әсте кемітпейді де, оны эпос өнерінен алыс әкетпейді де. Себебі, жырдағы ауызша дәстүрдің деңгей-көлемі өте кең, біздің фольклорлық ән, салт жырлары; ырыми-ғұрыптық, рулық санадағы ақындық дәстүр; тарихи сананы бейнелейтін эпик дәстүр деп үшке жіктеп жүрген нәрсеміздің соңғы айтылған эпикалық жанр жүйесіне немесе «эпикалық дәстүр» ұғымына эпостың өзінен туындайтын салт әндерінің эпик сыңарлары, аңыз-әфсана, ертек, сондай-ақ эпостың жанабындағы толғау, терме, желдірме, нақыл сөз, хат, эпикалық лирика, тіпті ақындық мысал өлең іспетті «орбиталық» серіктес жанрлар кіреді. Басқаша айтқанда, бұлар батырлық жырдан кейінірек бөлініп шыққан оның қосарлары, сыңар (дубль) жанрлық түзілімдер. Тіпті айтыс жанрын ақындық дәстүрге жатқызғанымызбен, оның да арғы төркінінде жырдағы диалог, полилог сияқты үн қатысулар және әсіресе эпосқа тән екпіндете, құйындата кеп иландыратын суггестика «менмұндалайды». Эпик шығарма корпусындағы диалогтық жанрдың және бір айқын көрінісі — жұмбақ жасыру және оны шешу (жұмбақ айтыс). Оның арғы жағында, егер жыршы жырды өзгертпей айтатын туындатушы жыршы емес, әр айтқан сайын өзгерте жырлайтын шығармашыл жыршы болған жағдайда, эпос пен айтыс өнерін суырыпсалмалық (импровизация) туыстырады.

Құмар Жүсіпті жыршылықтағы осы екі тұрпаттың – креатив (creative); туындатушы (reproductive) жыршының қайсысына жатқызуға болар еді?

Бұл сұраққа жауап беру қиын. Одан да қиыны – ендігәрі жауап бере алмайтын да шығармыз. Себебі, Құмар жырлаған жырлар кезінде жөнді жазып алынбады, көбісін, әлденеше том құрарлық құнды мұраны ол өзімен бірге ала кетті, ал жазып алынған, не өзі тапсырған нұсқалар әліге дейін архив мүлкі болып жатыр, бірен-саран баспа бетін көргендері ілкі нұсқалармен (извод) салыстыра заманауи тәсілдермен тексерілмеген. Жыршының жыр айтып отырған сәтін тіркеген (фиксациялаған), сипаттаған, бейнелеген бірде-бір нақты ғылыми мәлімет жоқ, жыршылық мектебі дәл анық емес, әр мектептен болатын репертуарлық, саздық, айту ерекшеліктері ажыратылмаған, жыршылық қолтаңбасы, поэтикалық синтаксисі, эпикалық формулдар, клишелер, осылардың әбден қашалып, тұрақты сипатқа ие болғандарының әр жырлаудағы вариативтілігі (өзгермелілігі)… осы тектес толып жатқан маңызды сұрақтарға жауап табылмайынша әлдене деп айту қиын.

Бір жағдайдың басы ашық: Алматыдағы мәслихат күндері ерекше өзгеріп, жал алып кеткендігіне қарап, біз Құмар Жүсіптен дулы ортада тұяғы қызып, табанасты суырып салып өлең-жыр шығаратын ақпа-төкпе ақын, тұтқиылдан жол табатын, қысылшаңда сөз табатын айтыскер, Мұхтар Әуезов айтқан «қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, өткір өнер иесінің» қалыбын көреміз. Ендеше осындай жан жыршылықта да ұзаққа сілтейтін үдемелі өнерпаз болумен қатар, табанасты жадынан құрап айтып, бір жырды әр жырлағанда құлпыртып жырлайтын шығармашыл (креатив) жыршы неге болмасқа?! Тыңдаушы қауым мұндай өнер иесін айрықша кәделейді.

Солай бола тұра… иә, осылай болса-дағы ел Құмарды «жырау» деу тұрмақ, «жыршы» да демеген. Мұны мынадай себеппен байланыстыруға болады.

Әдетте қазақ ұғымында жыршы – ақын емес, ол жанынан құрап өлең, жыр шығармайды, айтысқа да көп түсе бермейді. Сол себепті Мұратты да жырау, жыршы атаған сөз кездеспейді. Ал, Құмар жыршы ретінде ауыз әдебиетінің жазба әдебиетке жақындап келген, ең бір базарлы, қайнаған шағында өмір сүргендіктен ауызша ақындыққа көбірек қол берген сыңайлы. Мұхтар Әуезов айтқандай, бұл қасиет оңай орнамайды, яғни өнерпаз шын ақпа ақындық өнерге бейім болған күнде де ұзақ сонар жол кешіп, сан сайыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып келеді. Ал, ондай кезеңді уақыт Құмар өмірінде қысқалау болған сияқты. Тиісінше эпикалық білімді игеру қуатына (трансмиссиясына) — ұзақ, көлемді, не қысқалау жыр айту, жырлау жиілігі, өзгерте айту дәрежесіне берілер уақыт та азаңдау боп шығады. Шамамен алғанда ол уақыт 1921-1940-жылдар аралығын, яғни небәрі жиырма жылды қамтиды. Ал, одан әрі, отыз беске келген, шығармашылық дер шағында Құмардың жыршы-жыраулығы да, ауызша дәстүрдегі ақындығы да тоқырайды. Сарқылғандығынан емес, идеология тоқыратады. «Күншуақты коммунизм құрып жатқан совет халқының ұлы ерлігін эпикалық жыр дәрежесіне жеткізе жырлау үлгісі» Құмардың эпик жыршы, ақпа ақындығының көгенкөз белгілерін ғана қалдырып, өңгесін су аяғы құрдымға жібергеннен кейін оның жыршы ретіндегі дәрпі ұмытылады. Жыршының өзі Е. Ысмайыловқа «Әсіресе кеңес тұсындағы көрген, ұққандарым, білімімнің, ой-санамның артуы — ақындығымды өсіріп отырды» депті-мыс. Әрине, автордың жанынан қосқаны. 1943 жылы Қарағандыда өткен ақындар айтысына іле-шала сол жылы әуелі аудандар арасында басталып, Гурьевте облыстық айтыспен қорытындыланған таза идеологиялық дерби (бұл айтыстың материалдары сол 1943 жылы Гурьевте «Облысымыздың халық ақындары Ұлы Отан соғысы күндерінде» деген кітапта толық күйінде, кейін мақаттық авторлар құрастырған «Ерлікке ескерткіш» жинағында үзінділер түрінде жарық көрді. Индер ауданының, Қарабаудың атынан шыққан Құмар Жүсіп Сәттіғұлмен, Сұраубаймен, Жәрдеммен айтысқан) жыршылығының кері кетуінің – регрессиясының басы, одан соң 1961 жылы ұлытаулық Болман Қожабекұлымен, жетісулық Артық ақынмен сөз сайысқан, одан арғы «Молдекеңе нанбаңыз», «Біздің ауыл осындай», «Мұнай, «Балықшы», «Шұрайлы қоныста», «Жүгері»… қатарлы өлеңдері әлгі регрессияның шарықтау шегі болды десе лайық. Мұны жыршының өзі ұқпауы, сезбеуі мүмкін емес. Демек, ғалымға оның әлгіндей пафосты сөздерді айтуы да неғайбыл. Біздіңше, Құмар советтік триумфаторлардың баршасының басында болған осы трагедиялық халді басынан кешкен және өзі содан іштей азап та шеккен болуы. Осыдан кеп Дияр да «ағаммен жағаласпайын» деген сылтаумен айтысты қойып кеткен, одан туған Кәдірбай да бойындағы ақындық қабілетті одан әрі дамытпаған. Бұл – дәстүрдің үзілуі.

qumar zhusip

ІІІ

Бір кездегі ғажайып та бекзат өнер – жыршылықтың «дәурені» өткеніне бүгін бірнеше тарих-әлеуметтік жағдай себеп болғаны айтылып та, жазылып та жүр. Оның бәрін таратып жатуға бұл жерде орын тар. Солардың ішіндегі ең үлкені — жыр іздейтін, жыр тыңдайтын орта, аудитория сақталған өңірлердің өзінде ауызша жырлау дәстүрін кітаптарда жарияланған, грампластинкаға, магнитофонға жазылған, радиодан берілетін нұсқалардың ығыстырып шығаруы болса керек. Жұрт соларды оқып яки тыңдап, ауызекі айтар жыршыны іздемейтін болды. Жыршылардың өздері де баяғыдай ел адақтап, төбедей болып төрге жайғасып алып жыр айтудан қорынады — бұл күнде қаңғу дегенді біреу жақтырса, біреу жақтыртпайды, ел жағалап өлең айтатын заман емес, жұрттың жырсыз да нандары жүріп, иттері үріп жатыр. Яғни, бағзы жыршылық дәстүр қазір «концерттік» реңк алды, тыңдаушысын тырп еткізбейтін кәнігі жыршылардың орнын эпик емес жай айтушылар басты. Мұны «пересемантизация» дейді. Осы қалпымен барып-барып, ол да жоғалуы мүмкін. Қашаған жырау айтпақшы, «пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә» деп, мөлдіреп отыра берсек. Болмаса тамырынан ажыраңқыраған осы күйінде өзгеріп, қайта жал алып та кете алады. Ол өзімізге байланысты.

Қалай болғанда да бізге эпостық дәстүрді, соның ішінде Атырау аймағында машық салған жыршылық өнерді, қаһармандық эпос айту дәстүрін, оның ішіндегі эпик жыршылық мектептерді кешенді түрде зерттеп және сонымен шендестіре отырып ел ішінде әлі де бар өнерлерді – терме төгіп, жыр айтып, жанынан өлең-толғау шығаратын, жөпелдемеде айтысқа да түсіп кететіндерді іздеп тауып, өмірбаяндарын жазып, репертуарларын хатқа, бейне-, дыбыстаспаға түсіріп, талдау жүргізіп, әйтеуір бір тірлік жасап көру керек. Одан әрі, техногендік заманда осының өзі біртүрлі болып көрінетініне қарамастан, ел ішінде жүрген талаптыларды жаратып әкеп, өнер жарысына – жыр жарысына түсіріп қарау. Жоғары технологиялар заманында, жаһандану заманында ауызша дәстүрді сақтап қалған екі халық бола, қазақ соның бірі, ал бір халық болса, соның өзі. Осының өзі айта қалсын артықшылық емес пе?!

Жазба әдебиет, кітап басу есте сақтау қабілеті нашар халықтардан шыққан. «Жазуға сенген жаңылшақ, оқуға сенген ұмытшақ». Содан да ақылдың, өнердің үстіне мініп отырған, галактикалар арасында әуе кемелерін жүргізе бастаған Батыстың балалары бір шумақ өлеңді әрең жаттайды. Ал, кезінде миллион жолды есінде сақтаған қазақтың зор қабілеті, эпиктік ой ойлау машығы әлі де болса жанымызда, қанымызда. Олар ешқайда кеткен жоқ, коронавирус сияқты бізбен бірге. Ғалымдардың есептеуінше, адамның миы шамамен 10 млрд бит хабарды сақтай алады екен — бұл 500 том «Британ энциклопедиясына» тең. Демек, бүгінгі әр қазақтың ми қатпарларында осыншама инсталляциялық босалқы орын пайдаланылмай, текке жатыр деген сөз.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап бізде базбіреулер эпикалық дәстүрімізге қарсы quasi американизм дегенді көлденең тартып, содан бері санаға қазіргі заманның адамының эпик туындыларды оқуға, тыңдауға уақыты жоқ деген ұғым сартап болып сіңіріле бастаған. Қазірде сол ұғым тіпті өршіп кетті. Қит етсе клиптік сана деп шыға келетін болдық. Алайда, бүгінгі үрдіс әлем әдебиеті қайтадан эпик жанрларға қайтып орала бастағанын көрсетіп отыр. Себебі, глобалды заманның руханияты да глобалды, жалпыласу заманының мәдениеті де жалпақ болмақ керек. Соңғы жылдары республикалық деңгейде, Ақпарат министрлігі, Qazaq Epos қорының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жаттау бойынша өтіп жүрген «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы, бұрынырақта Илья Жақанов ағамыз Атырау телевидениесінен жүргізген «Жыр сандық» хабарлар циклы, Махамбеттің 200 жылдығына орай өткізілген жыршы-жыраулар конкурсы түп тереңінде өскелең ұрпақты жат әсерлерден, жад жаңылшақтығынан қорғау, сабақтастықты, институционалдық жадты сақтаумен қатар әлгіндей планетарлық ауқымдағы рефлексиялар жатуы да әбден мүмкін.

Иә, рас, эпик өнер тарихи тамырынан ажыраңқырап қалды, бірақ тіліміз де дәл солай өзгеріске түсіп жатқан жоқ па, сол үшін тілді тәрк етпейміз ғой. Жыршылық та сол тіл сияқты тарихи категория, жанды құбылыс ретінде қабылданып, соған сай ол да жаңа қоғамға, жаңа ортаға бейімделіп ұсынылуы керек. Бұл іс жыршылық дәстүр сараңси бастаған 1980-ші жылдары нақтыланып, нақты жұмыс жоспары да жасалған еді. Ол бойынша ең алдымен эпостық мұраның қазіргі мәдениетіміздегі орнын нақты белгілеу; кең көлемде қоғамдық сахнаға шығару; эпостық мұраны жинауды жалғастыру; қорлардағы нұсқаларды жариялау; эпостық мұраны заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып зерттеу; облыс-аудандарға комплексті ғылыми экспедициялар жіберіп, жыршыларды тізімдеу, әр облыстың фольклорлық картасын жасау; эпос жинау ісіне жергілікті тілші-корреспонденттерді, мектеп оқушыларын тарту, т.б. мәселелер қарастырылған еді. Экспедициялар шығарылды да. Менің бір байқағаным, солар әлденеге Атырау алабын орағытып өтіп, негізінен Қызылорда, Маңғыстау, Қарақалпақстан жағын жиірек аралаған. Соған қарағанда эпостанушы мамандар арасында «Атырау — күй өлкесі, онда жыршылық дәстүр онша дамымаған» деген түсінік бар сияқты. Бұл — түбірімен жаңсақ ұғым.

Батыс Қазақстан аймақтық дәстүрі ішіндегі локальдық субмәдениет — Атырау эпикалық дәстүрі жалғыз Мұрат, Нұрым, Ығылмандармен шектелмейді, «қой да ақсағымен мың болады» демекші, онда ұлыларды ұлы етіп тұратын түрлі деңгейдегі жыршылар, бәлки ұмыт қалған өрен жүйріктер аз болмаған. Мысалы, Құмекең айтқан Құйшық жырау кім? Мәліметтерде аттары аракідік айтылып қалатын, Тайсойған өңірінде жасаған Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан дейтін жыршы-өнерпаздар кімдер? 1950-ші жылдары Гурьевте жасаған Нұрбаулы Битілеуов, 1967 жылы қайтқан Сапар Смағұлов, сол мұғдардағы тағдырлы өнер иесі Сұлтанқұби Жұрынбаев деген жыршылар жайында не білеміз? Бұлардан жыр жазып алған ба, өздері тапсырғандары болған ба? Болса қорлардағы хал-күйі қандай? Кезінде Құмардың айтуынан жазып алынған және өзі қағазға түсіріп тапсырған Абылдың, Шынияздың, Насихаттың шығармаларының, Қашағанның Ізбаспен айтысының, Балтабай Адамбаевқа тапсырған Қашаған жырларының, оның «Топан» жырының төртінші нұсқасының, тағы да басқа нұсқалардың қолжазбалары не күйде, мөрі өшіп, малталанып кеткен жоқ па? Алматы консерваториясының фоно-фото бөлімінде сақтаулы тұрған, «Мелодия» фирмасының Алматы дыбыс жазу филиалы шығарған «Қарасай-Қази» грампластинкасынан жыршының өз даусын тыңдап көрген адам бар ма? 1961 жылғы мәслихат кезінде Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтқан «екі қара сандыққа», яғни стационар магнитофондарға жазып алынған шығармаларының, айтқан әңгімелерінің Әдебиет және өнер институты қорындағы жай-күйі қандай? Магнитофонның ферромагнитті таспалары сақталған ба, күлдіреп түсіп қалған жоқ па?

Осы және басқа да толып жатқан сұрақтар өз жауабын алуы тиіс. Мұндайда энтузиазм, жекелеген адамдардың бастамашылдығы жеткіліксіз. Эпостанудағы қағида бойынша, жыршылық өнер арнайы мекеме тарапынан зерттелуі керек. «Атырау аймағының жыршылық дәстүрін зерттеу» ғылыми жобасы аясында бағдарлы, далалық жұмыс жүргізуге маманданған ғылыми мекеменің, кәсіби фольклортанушы мамандардың қолына берілуі тиіс. Әйтпесе кеш болады – қағаздың да, таспаның да, адамның да ғұмыры өлшеулі.

* * *    

Фариза апайдың (Оңғарсынова) қайтыс болар алдындағы ақтық сөздерінің бірі «Мы не умираем» деген сөз болыпты. Дәл осылай, орысша айтқан. Өз басым мұны «тұлғалы жандар өлмейді – олар елдің есінде қалады» деген мағынада ұқтым. Арқалы жыршы, Ақжайық өңіріндегі домбыралы дала перзенттерінің бірі де бірегейі Құмар Жүсіп туралы мақаламды осы мағынамен аяқтауды жөн көрдім. Бірақ та бұл тұлғалардың ел есінде қалу-қалмауы, қалса да қай дәрежеде ескерілетіндігі алдымен бізге сын, сосын жас буынымызға байланысты. Мұхаңшыласақ: Біздің жастық шағымыздай, қанатын кең жайып, / Барады ағып, бабамыздың ерке өзені Жайық. / Өр теңізге бағыт ұстап, жағада тұр кеме, / Кешігем, деп ойламайсың неге…

27-30 тамыз, 2020 жыл

Қаскелең шатқалы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз