ЖЕҢІС ЖОЛЫМЕН…

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырау қаласында Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» ордені иегерлерінің қан майдандағы ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттауда олардың әрқайсысына арналған айлықтар өтуде. Қараша айында батыр жерлесіміз Қайырғали Смағұловтың айлығы өтуде. Бұл шара атыраулықтардың Қ.Смағұлов пен қазақ жауынгерлерінің жанқияр ерліктерінің куәсі болған Керчь-Элтиген десанттарының жауға қарсы ұрыстары өткен Керчь қаласына арнайы әскери-патриоттық экспедициясынан бастау алды. Экспедиция мүшелері «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізіп, өз сапарлары туралы ой бөлісті.

Тарихшылар мен жастар, батырдың келіні, Атырау қалалық әкімдігінің өкілдерінен құралған экспедиция мүшелерімен кездесуді шаһар басшысының орынбасары Гүлмира Шәкірова ашып, жүргізді.

-Арнайы құрылған топ Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданда қатыгез жауды қайта бас көтертпей талқандаған Қ.Смағұловтың соғыс жылдарындағы ең басты ерліктері өткен Керчь қаласының Элтиген селосында болып, майданнан оралмаған боздақтардың рухына тағзым етті. Мұражайларды аралап, батырдың ерліктерінен сыр шертіп, бірқатар мағлұматтар алып қайтты, – деген Гүлмира Мүсілімқызы іссапарға демеу-шілік жасап, қазақ жауынгерінің рухына тағзым етуге жағдай туғызған «Ембімұнайгаз» АҚ-на алғыс білдірді.

Аталмыш компанияның бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова сөз алды. Ол өз сөзінде бүгінгі бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін баса айтып, бұл ретте майдангерлердің ерліктерін дәріптеу басты мақсат екенін жеткізсе, экспедиция қатарына оқу орнынан арнайы өкіл мен студенттердің қатысуына жағдай жасаған Атырау политехникалық колледжінің директоры Бақыт Шеркешбаева батырдың өмірі мен ерлігін насихаттауда колледж ұжымы «Ұлы Жеңістің Ұлы Батыры» тақырыбында ерлік сабақтарын өткізетінін айтты.

Неміс басқыншыларынан елді азат етуде Керчь-Элтиген операциясының маңызы ерекше. Кеңес әскерінің 2500-ге жуық жауынгері Қара Теңіз арқылы Керчь бұғазына келіп, алғашқы шайқасты бастайды. Жағалауға түскен десант биік жоталарда орналасқан жаудың көптігіне қарамастан бір күннің ішінде фашистердің шебін бұзды, бірнеше шақырым жерді басып алды. Оларға қосымша күш жіберіліп отырды. Соның арқасында десантшылар бір жарымға жуық айдың ішінде жаудың шабуылына тойтарыс беріп отырды. Жерлесіміз Қайырғали Смағұловқа осы жердегі үлкен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.  Меценат тауында десантшылар үш күн шайқасады. Тірі қалған 1400-дей жауынгер кемелер арқылы қауіпсіз жерге шығарылады.

Бір айта кетерлігі, Керчь қаласының тұрғындары Қ.Смағұлов туралы бірқатар мағлұмат біледі. Батырдың ерлігінен сыр шертер дүниелер мұражайда сақталған.  Бұл жөнінде экспедиция мүшесі – Батырдың келіні Атырау қаласындағы №16 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мәрия Өтепқалиева баяндап, сапар барысы туралы ой бөлісті.

«Даңқты жауынгер Қ. Смағұлов азат етуге қатысқан Керчь қаласына бару, атамыздың рухына тағзым ету мен үшін үлкен борыш болды. Жолдың ұзақтығына қарамастан, сол жерге барып қайту – ұрпақтары үшін зор мәртебе. Делегацияны күтіп алушылар да жылы шыраймен қарсылап, олар Батырдың жерлестеріне құрмет көрсетуді өздеріне үлкен борыш санағанындай көрінді», – деген М. Өтепқалиева батырдың көзі тірісіндегі естеліктерімен де бөлісті.

Экспедицияның басты ерекшелігі – жастардың бойында патриоттылықты қалыптастыру мен ұлтжандылық сезімді дамыту мақсатында оның құрамына жастар көптеп тартылды. Экспедиция мүшесі – Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Жасұлан Бисембиев те өскелең ұрпақ үшін іссапардың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде көзбен көріп қайтқан өткен тарихтың естеліктерін насихаттау мақсатында бейнебаяндар жасақтап, көпшіліктің назарына ұсынылатынын айтты.

Іссапар барысында Керчь қаласының тарихи-мәдени қорығының директоры Татьяна Умрихина шайқас өткен қасиетті жерден  бір уыс топырақ пен арнайы куәлік тапсырған. Шара барысында бұл құнды ескерткіш Томарлы селосында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов атындағы орта мектеп директоры Тілектес Теміроваға табысталды.      

Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Ресей Федерациясы Қырым Республикасы Керчь қаласы әкімшілігінің басшысы міндетін атқарушы С.Писарев ұсынған «Қала басшысы алғысы» Құрмет белгісімен марапатталды.

Экспедиция сапарының ең басты жаңалығы – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Керчь қаласының Элтиген селосында жерлесіміз Қайырғали Смағұловқа көше атауы берілмек. Кешегі майдан жауынгерлеріне құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Бұл ретте Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш сөз сөйлеп, мұндай маңызды шараларға үн қосып, мұрындық болып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетоваға Алғыс хат табыс етті.                                         

Экспедицияға үлес қосқан оқу орны студенттерінің де өзіндік айтары бар. «Біз бұған дейін кітаптан оқығанымызды өз көзімізбен көріп, бабалар рухына тағзым етіп қайттық. Біз үшін Керчь қаласынан соғыстың иісі шығып тұрғандай сезілді. Майдан даласындағы жауынгерлердің өмірінен сыр шертер ескерткіштерді көргенде бізде Отанға деген патриоттық сезіміміз арта түсті. Бүгінгі бейбіт өмірге тағы да тәубе етіп, бұл құндылығымызды көздің қарашығындай сақтау қажеттігін шын жүрегімізбен сезіндік», – дейді біз тілдескен Атырау политехникалық колледжінің екінші курс студенті Нұрасыл Қадыр-ғалиев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз