ШПРЕЕ ШАБУЫЛЫ

Соғыстың 1402-ші күні

1945 жылдың 23 сәуірі.

Алды-артына қарамастан қашқан жауды өз ордасында талқандауды мақсат еткен кеңес жауынгерлері шабуылдарын үдете түсті. 1-Беларусь майданының 3-екпінді армиясы әскерлері Берлиннің солтүстік-шығысы мен солтүстік бөлігінде, 2-гвардиялық танк армиясы оңтүстік-батыс шептегі қала маңында ұрыстар жүргізді. Бұл күні армия Берлин-Шпандауэр-Шиффартс каналына жетті. 5-екпінді армия Шпрее өзенінен өтуді бастады. 1-гвардиялық танк армиясы мен 8-гвардиялық армияның жауынгерлері де Берлинді оңтүстік жағынан шабуылдады. 33-армия Одер-Шпрее каналына таяу келіп, өзеннен өтуді бастады.

1-Украин майданына қарасты 4-танк армиясы Потсдам бағытындағы шабуылға көшті. Олардың 1-Беларусь майданының 47-армиясымен арақашықтығы 25 шақырымдай болатын. 3-гвардиялық танк армиясы Тельтов каналынан өтудің қамын жасады.

Сөйтіп, кеңес әскерлері  бүкіл майдан шебін өз бақылауында ұстап, жау жағының франкфурт-губен тобын шегінуге мәжбүрледі.

Дрезден бағытындағы жау әскерлері Шпрее өзенін бойлай жылжи отырып, 52-армия мен Польшаның 2-армиясының тоғысқан жеріне жойқын шабуылдаумен солтүстік бағытқа қарай 20 шақырымдай алға жылжыды, сөйтіп, 2-Поляк армиясының тыл жағынан шығу мүмкіндігіне ие болды. Неміс-фашист басқыншылары Баутцена мен Вейсенберг аймағында 294-атқыштар дивизиясы мен 7-гвардиялық механикаландырылған корпусын қоршауға алды.

Совинформбюроның таратқан хабары бойынша, 1-Беларусь майданы жауынгерлері Одердің батыс жағалауында шабуылды өрістете отырып, 60-тан 100 шақырымға дейін  алға жылжыды.

Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз