РАТУШАҒА ТУ ТІККЕН ҚАЗАҚ

Кенжебай Мәденов туралы сыр

Үстіміздегі жылы Кенжебай Мәденовтың туғанына 90 жыл толды. Осыған орай, ұлы Махамбет пен келіні Шолпанның бастамасымен «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» атты жинақ жарық көрді. Ерлік даңқы өшпейді дегеніміз осы болса керек.

 От кешу

Ратушаға ту тіккен қаһарман Кенжебай Мәденов – батырлардан қалған асыл тұяқ. Қазақы шежірені тарқатсақ, Құлмәліден Өтеміс, Шыбынтай, Жақсылық, Қабылай, Шыбынтайдан Мәден, Кенжебай өрбиді. Өтемістен қас батыр, дауылпаз ақын Махамбет тарайтындығы барша қазаққа белгілі.

18 жасқа толмаған Кенжебай өз еркімен Қызыл Армия қатарына аттанды. Кіші командирлер даярлайтын Краснохомск жаяу әскер училищесін ойдағыдай аяқтаған соң, сол жылдың қараша айында 170-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында станокты-пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып Украина жерінде қанды шайқасқа түсті.

Кіші командир К.Мәденов 5-ші Екпінді армияның офицерлік жаяу әскер курсын тәмамдаған соң, кіші лейтенант атағын алып, Суворов орденді 1008-атқыштар полкі, 2-ші батальон ротасының 5-атқыштар взводына командир болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл шайқастары Днепрден өту, Яссы-Кишинев операциясына, Варшаваны азат ету, Висла-Одер операциясына, Берлинді алу шабуылына қатынасты. 

Ұлт рухы асқақтаған сәт

1945 жылдың 16 сәуіріндегі «Берлин шабуылы» операциясы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең ірі әрі сұрапыл шайқас болғаны тарихтан белгілі. «Берлин операциясы» кезінде 29 сәуір күні лейтенант К.Мәденовтің взводы бірінші болып фашистердің атышулы Рейхстагтан кейінгі негізгі ұясы – Ратуша үйіне басып кіріп, Жеңіс туын тіккен еді.

Берлин қаласының әр үйін бекініске айналдырып алған фашистер, кеңес әскерлеріне қарға адым жылжуға мұрша бермей, Берлин даласын қасапханаға айналдырды. Әрбір қадам үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқас жүріп жатқан кезде К.Мәденов батальон командирі И.Бобылевтан шақырту алады. Командир жоғары командованиенің бұйрығы бойынша Ратушаға Жеңіс туын тігу міндетінің оның взводына жүктелгенін айтады. Бұл бұйрықтың қалай орындалғаны жөнінде гвардия капитаны К.Мәденов былай деп жазып қалдырған екен.

«…Бұйрықты алғаннан кейін взводыма келіп, жауынгерлерге алдағы міндеттерді түсіндірдім, тапсырманы орындаудың жайын, шабуыл жасаудың жобасын айттым. Бізге бір бөлімше көмекке келеді. Ратуша – көп қабатты қара қоңыр зәулім үй. Взвод шабуыл жасауға әзір. Ратушаның қақпасына дейін 40-50 метрдей. Оқ нөсерінің күштілігі сондай, ол асфальтты тесіп өте алмай, жоғары шоршып бұршақ жауғандай сатырлап жатыр. Бірнеше снаряд Ратушаның ауыр қақпаларын бұзып, қабырғаларын опырып жіберді. Осы кезде «алға!» деп есіктен ытқи жөнелдім. Менің ізімше взводтағы жауынгерлер де бір-бірден лап берді. Ұрыстың жойқыны Ратушаның ішінде болды.

…Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылды да, Ратушанның төбесіне біз тіккен Қызыл Ту желбіреп тұрды…» ( // Қазақстан коммунисі, 6 маусым, 1970 жыл).

Ұрпақтар сабақтастығы

Кенжебай ағамыз соғыстан оралған соң шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болды. Қазиза Уәлиқызымен отасып, төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда ағамыздан тараған ұрпақтар Атырау, Орал, Астрахан қалаларында абыройлы ғұмыр кешуде.

1981 жыл. Махамбет Кенжебайұлы Отан алдындағы әскери борышын Қызыл Тулы Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты Еврей автономиялы облысы, Бабстово селосында орналасқан бөлімде өтеп жүрген еді.

Қаңтардың бір кешінде жаяу әскер бөлімінің плацынан өтіп бара жатып, жаңадан ілінген плакатқа көзі түседі. Плакатта әскери бөлімнің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік жорық жолдарының картасы көрсетілген екен. Зерек те аңғарғыш сержант картадағы әскери бөлімнің Днепр, Украина, Яссы-Кишинев операциясы, Польшаны және астанасы Варшаваны азат ету, Германия, Берлин операциясына қатысқандығын көңілге тоқып бөліміне оралады.

Әскери бөлімнің жорық жолдары тура әкесінің жүріп өткен жолымен сәйкес келуі де көңілге қобалжу енгізді. Әкесінің жорық жолдарын еске түсіріп, өзіне сенімді болу үшін көрші әскери бөлімге барып, барлығына көз жеткізгісі келді.

Жексенбі күні көрші әскери бөлімнің казармасын бетке алады. Ленин бөлмесінде қабырғаға ілінген әскери бөлімнің тарихымен енді таныса бастаған кезде бір топ офицер бөлмеге кіріп келеді. Подполковник әскерилерді жасақталып жатқан бөлмемен таныстырып жүр екен. Топ бөлмеден шығуға бет алған тұста сержант подполковниктен атқыштар полкі туралы анықтап сұрай бастайды. Егер бұл 1008-ші атқыштар полкі болса, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы орденімен», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған әкесі Кенжебай Мәденовтің осы полк құрамында болғандығын жеткізеді.

Тосын жағдайға аңтарылып қалған подполковник сәл күте тұруын өтінеді. Біраздан соң қайта келіп, өзін таныстырады. Осы әскери бөлімнің штаб бастығы Малых екен. Ол сержантты өзімен бірге штабқа алып келеді. Штабта жинақталған құжаттар ішінен әкесі туралы құжаттарды көрсетіп, соғысқа қайдан шақырылғандығы, қай ротада қызмет еткендігі, ұрыста қандай ерліктер көрсеткендігі, қандай наградалар алғандығы туралы оқып береді.

Кездейсоқ кездесуге ерекше толқыған подполковник әскери бөлімнің жауынгерлік даңқ мұражайын ашу мақсатында дайындық жұмыстарының қызу жүріп жатқандығын айта келіп, Махамбет Кенжебайұлын өз бөліміне шақырады. Тосын ұсынысқа ризашылығын білдірген Махамбет әскери борышының аяқталу мерзімі жақын екендігін айта келіп, штаб бастығымен жылы қоштасады. Мақтаныш сезімі кеудесін кернеген солдат әке рухымен сонау Қиыр Шығыста осылайша кездесіп еді.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз