ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІ ҚУАТ БЕРДІ

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің еңбегі қашан да өлшеусіз. Бейбіт күнде оларды қалай құрметтесе де жарасады. Міне, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан арамызда жүрген кешегі майдангерлер, бүгінгі ардагер қариялар Бағыт Қуанышев пен Өтәлі Балғымбаевтарды үйлеріне арнайы барып, Елбасы құттықтауын жеткізді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жеке-жеке үйлеріне барып құттықтауды тапсырған болатын. Біз де сол аманатты арқалап, алдарыңызға келіп қалдық. Енді Елбасы құттықтауын өзім оқып берейін. «Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері! Сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын. Жеңіс сағатын жақындатуға сіңірген еңбектеріңіз бен ел тәуелсіздігіне қосқан үлестеріңіз баршаға үлгі, ұрпаққа өнеге. Бұл үшін қазақстандықтар өздеріңізді айрықша қастерлейді, қамқорлаудан аянбайды. Алдағы мерейтойды да аман-саулықта атап өтуді жазсын. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін!» Біз де шаңырақтарыңызда береке-бірлік, қуаныш пен шаттық болсын дейміз. Табалдырығымызды аттағалы тұрған Жаңа жыл жаңа бақыт пен көп жақсылықтар әкелгей, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы ардагерлерге мерекелік сый-сияпат ұсынды.

«Он жеті жасымда Уфа жаяу әскерлер училищесінде оқып, Мәскеу түбіндегі әуе-десанттық әскеріне қабылданған едім. Біздің 98-ші гвардиялық дивизия Жоғарғы Бас қолбасшылықтың тікелей қарауында болды. Соғыстан кейін елге оралып, «ҚазМұнайҚұрылыс» тресінде бас инженер болып жұмыс жасап, сол қызметтен зейнеткерлікке шықтым. Қызылқоға аудандық компартиясының хатшысы қызметін атқарғаным үшін «Қызылқоға ауданының Құр-метті азаматы» атандым» деді Бағыт Қуанышев. 

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына, оның құттықтауын жеткізу үшін алтындай қымбат уақыттарыңызды бөліп келген жергілікті билік өкілдеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралған 350 атыраулық ардагердің қазірде 52-сі ғана қалды. Әр ай сайын басымыз қосылып, еңбегіміз ескерілуде. Біздер көріп жатқан осынау құрметті көп жолдастарымыз, қатарластарымыз, қаруластарымыз көре алмай кетті, – деді Өтәлі Балғымбаев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз