ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ СИРЕП ҚАЛДЫ

Әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы 20 миллионнан астам кеңес азаматының өмірін қиды. Жыл санап тірі қалған соғыс ардагерлері де азайып келеді. Қазір ауданымызда үш соғыс ардагері ғана қалды.

Атап айтқанда, Зинетолла Бекбосынов 1923 жылы 24 сәуірде Теңіз ауданы, Өлеңді ауылдық кеңесінде кедей шаруаның жанұясында дүниеге келген. Соғыста Бірінші Украина майданында болған. Әскери атағы – сержант. Осы аталмыш майданның бір дивизиясының 71-інші полкінің құрамында шайқасқан.

«II дәрежелі Отан соғысы» ордені, «За боевые заслуги» медалі және мерекелік медалдарымен марапатталған. Майданнан оралған соң ұзақ жылдар Ганюшкиндегі Құрманғазы аудандық обаға қарсы күрес бөлімінде еңбек еткен.

Нариман Салаханов 1925 жылы 1 қаңтарда қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылында дүниеге келген. Гурьев (Атырау) қаласында ветеринарлық техникумда 2,5 жылдай оқып, мамандық алып, колхозда мал шаруашылығында қызмет атқарып жүргенде 1942 жылы желтоқсан айында Ұлы Отан соғысына аттанды.

Соғыста Сталинград, Балтық жерлерінде болған. Соғыс жылдарында қатардағы жауынгер ретінде 1943 жылы Батыс, 1944 жылы II Беларусь майдандарындағы ұрыстарға қатысқан. Содан 1946 жылдың қараша айында елге оралды. Елге келгеннен кейін теміржол мекемесінде жұмысшы, кейін ауданда пошта тасушы қызметін атқарып, 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.

Борис Козлов 1925 жылы қазіргі Кудряшов ауылында балықшылар отбасында дүниеге келген. 1943 жылы қыс айында Теңіз ауылдық комиссариатымен кеңес армиясы қатарына шақырылды. Култубан лагерінде әскери оқудан өтіп, 1943 жылы жаз айында Уфа қаласында оқып, қараша айында 3-Украин майданына аттанған. Соғыста аяғынан жараланып, госпитальға түскен. Госпитальдан шыққаннан кейін, 1944 жылы «Краснознаменный» артиллериялық полкына түскен.

Жеңісті Борисов қаласында қарсы алған. 1948 жылы әскер қатарынан қайтарылғаннан кейін, туған жері Кудряшов селосына оралып, колхозда балықшы болып жұмыс жасайды. Отбасын құрып, үш ұл тәрбиелеген.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз