ОЛАР ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЕДІ…

Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың «Жауынгер монологы» кітабының кейіпкері болған жанның бірі – менің майдангер әкем Құспан Нұрпейісов.

1916 жылы Гурьев облысының Бақсай ауданы, Топайлы ауылында дүниеге келген ол білімді, мектеп директоры лауазымдарын атқарған. Әкесі Нұрпейіс Тұрдығұловтың ықпалымен мектепті бітірген соң Гурьевтегі екі жылдық мұнай-жұмысшы факультетін аяқтап, 1936-1938 жылдары Оралдағы екі жылдық орыс-қазақ педагогикалық училищесінің қазақ-орыс тілі-әдебиеті бөлімін оқып бітіреді.

Ол ұстаздық еңбек жолын Сорочинкодағы жеті жылдық мектептен бастайды. Орысша-қазақша өте сауатты болған әкем 1939 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Белоруссияның Бобруйск қаласында әскери дайындықтан өтеді. Әскери дайындықта шыңдалған жауынгер Ұлы Отан соғысы басталмастан бұрын-ақ 675-артиллерия полкінде зеңбірек командирі болады.

Ұлы Отан соғысында I Белоруссия және III Украина майдандарында, Сталинградтан Берлинге дейін жаяу әскерлер полкінде болып, Еуропаның көптеген қалалары мен елді мекендерін фашистерден азат етуде небір қиын ұрыстарды бастан кешірді.

«1944 жылы 6 ақпанда жүз қырық төрт сағат ішінде ІІІ Украина майданының жауынгерлері дұшпанның үш жаяу әскер, төрт танк дивизиясын түгел жойып, 170 шақырым ілгеріледі. Жаудың үлкен қорғаныс тірегі Апостолово қаласы мен Марганец темір жол торабын, 250-ден аса ірі елді пункттерді азат етіп, дұшпанның 130 танк, 160 зеңбірек, 205 пулеметін құртты. Сондай-ақ, жаудың 165 танк, 435 зеңбірек, 156 миномет, 390 пулемет,  5300 автомашина, 50 трактор, паровоздары мен азық қоймаларын алып олжалады». Бұл – мұрағат қорларында сақталған мәліметтер. ІІІ Украина майданындағы жауынгерлердің бұл ерлігіне Жоғарғы Бас қолбасшының «…Неміс қорғанысын бұзып өткен айбынды әскерлерімізге екі жүз жиырма төрт зеңбіректен жиырма дүркін артиллерия оғымен Отан атынан салют беріліп, алғыс жариялансын» деген бұйрығы жүзеге асады. Бұл топтың ішінде менің  де  әкем  бар-ды.

1943 жылы 26 маусымда «Ерен ерлігі үшін» медалімен, Никополь қаласын азат етуде жаудың екі танкісін және немістің 50 офицері мен солдатын жоюдағы батылдығы мен ержүректігі үшін 1944 жылы 26 ақпанда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Сол секілді 1943-1945 жылдар аралығында Бас Қолбасшы И.Сталиннің бұйрығымен алты рет алғыс жарияланған.

1945 жылы 15 сәуір күні. Бронденбург қаласы қантөгіспен Кеңес әскерлерінің қолына көшті. Бұдан соңғы қиян-кескі ұрыс Берлин үшін болды. Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алып, немістерді тізе бүктірген жеңісі үшін әкеміз «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін 1946 жылдың көктеміне дейін Болгарияның  Пловдиве қаласында  Қарулы Күштер қатарында әскери қызметте болған әкеміз туған жерге оралған соң, Сорочинко мектебінде ұстаздық жұмысын жалғастырған.

Әкем Құспан Нұрпейісұлы – жерлес, жауынгер-жазушы Әбу Сәрсенбаевтың  «Жауынгер монологы» кітабында суретімен берілген кейіпкерлердің бірі.

Жазушы 1973 жылы Гурьевке келгенінде  ауылға іздеп келді. Ол кезде әкем облыстық ауруханада емделіп жатқан-ды. Кездесіп, үнемі хат алысып тұрды. Ал, 1980 жылы 20 наурызда әкем ойламаған жерден қан қысымы ауруынан қайтыс болды. Ақынмен арадағы байланыс үзіліп қалды.

Бұл күнде Әбу атамыздың әкеме жазған құттықтауы мен орден-медальдары, соғыста түскен фотосуреттері өзім еңбек етіп жатқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залында және қорында сақтаулы.

Әкеміз аса салмақты, парасат-пайымы терең, еңбекті жоғары бағалайтын жан-ды. Ғұмыр бойы ұстаздықты жанына серік еткен асыл анамыз Күміс Есқалиевамен бірге өмірге әкелген екі қыз бен алты ұлдан тараған ұрпақтары бұл күнде әке шаңырағының шаттығын арттыруда. 

ІІ

Үлкен қара шаңырақтың иесі Сақитан ата мен Мұқлиса әженің Сағима, Ағия, Ағиба деген қыздары, Мырзағали және Есқали деген ұлдары болған. Нағашы атам Есқали Сақитанұлы 1806 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Сорочинко ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргесін еңбекке араласып, Жайық өзенінен балық аулап, отбасын асырайды. 1927 жылы Жәми нағашы әжеммен отбасын  құрып, өмірге Күміс, Нағима, Бәтима,  Әзірбай, Қуантай  атты ұрпақтар келеді.

Атам соғыс басталмастан бұрын «Путь к коммунизму» колхозында төраға болып жұмыс жасайды. Соғыс басталған кезде елде ер адамдардың жетіспеуіне байланысты осы колхозда төрағалық жұмысында қалдырылып, кейіннен 1942 жылы майданға жіберіледі.

Ол Қызыл армияның 357-атқыштар дивизиясының 1192-полкінің құрамындағы 9-атқыштар ротасында пулеметші болған. Латвияның Бауске қаласын фашистердің жойқын шабуылынан қорғауға қатысады. Жауынгер Е.Сахитанов қол пулеметі орналасқан кірпіш зауытына бірінші болып кіріп, неміс басқыншыларына қарсы оқ жаудырады. Пулеметімен  екі отты нүктені жойып, он екі неміс офицері мен солдаттарының көзін құртып, өз бөлімшесінің алға жылжуына мүмкіндік туғызады. Бауске қаласын қорғауда көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін 1944 жылы 23 қыркүйекте «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

Кейін кезекті бір шайқас кезінде жауынгерлермен немістер қоршауында қалған Есқали Сақитанұлы жау қолына түсіп, тұтқындалады. Бірнеше жауынгер қашуға екі рет әрекеттенгенмен сәті түспей, ұсталып қалады. Фашистер қашқан солдаттарды итке талатып қорлайды. Жауынгерлер тұтқында қиындықпен ауыр жылдарды бастан өткізеді. Үшінші рет қашуға әрекет жасап, тұтқыннан босап шығады да Белоруссияның партизандарына қосылып, майдан шебінде жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосады.

1945 жылы соғыс біткеннен кейін атам елге жіберілмей, Подольск қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қалдырылып, сол жердегі тігін зауытында жұмыс жасайды. 1947 жылы елге аман-есен оралып, отбасымен қауышады.

Әйтсе де, соғыс салған жара ізсіз қалмады. Себебі, елге оралғаннан кейін  тұтқында болғандығы оған біраз кедергі келтірді. Қызы Нағима: «Кеңес өкіметі әкемнің тұтқында болғанын бетіне салық қылып  тергеудің астына алып, тыныштық бермеді. Ауылдан 45 шақырым жердегі аудан орталығындағы әскери комиссариатқа қысы-жазы жаяу қатынап тұруға мәжбүрледі. Кейде военком ауылда болмай қалса, әскери комиссариаттың есігі алдында екі-үш күндеп күтіп жатуға тиіс болды. Сергелдеңге салған бұл азап ақыры әкемді көкірек ауруына ұшыратты. Осы ауруы асқынып,  1972 жылы дүниеден озды. Оны ақтап алған мемлекет тарапынан алған «Қызыл жұлдыз» ордені еді» – деп еске алып отырады.

Бүгінде Есқали әулетінен тараған жеті ұрпақтан 10 немере, 22 жиен дүниеге келіп, ер жетті. Ұрпақтардан тараған 41 шөбере, 28 шөпшек, 80 жиеншар алаңсыз бақытты өмір сүріп, атамыздың алтын босағасын одан әрі көркейте түсуде. Олардың әрқайсысы әртүрлі салада Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында және Ресейдің Астрахань, Екатеринбург, Әзірбайжанның Баку қалаларында  еңбек етіп жатыр. Ұрпақтары оны ешқашанда ұмытпайды.

Светлана НҰРПЕЙІСОВА, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім  меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз