МАРШАЛ МАҚТАҒАН

атыраулық сардар Кенжебай Мәденов туралы оқырман сауалына жауап

Ұялы телефоным шыр еткенге көтерсем, ар жағынан таныс дауыс естілді:

– Кешірерсіз, Миялыдан едім. Біз, бір-екі жігіт  бір мәселе бойынша өзара келіспей қалып едік. Соны өзіңізден сұрасақ па деп едім. Бір жолдасымыз «маршал Жуковтың кітабында біздің жерлесіміз Кенжебай Мәденов туралы жазылған жоқ» деп жеңістік бермейді. Оған не дейсіз?- деп ентіге сұрақтың астына алды.

– Кітапты тауып алып, ішінен көрсетпедіңіз бе? – деген қарсы сауал қойдым.

– Сол кітаптың қапелімде таптырмай тұрғаны… Әрі кітапты көріп, ішінен іздеген әлгі жолдасымыз таба алмапты.

-Дұрыс көңіл қойып іздемеген. Жуковтың мемуарында бар. Сұрағыңызға толық түсінік  беріледі. Күтіңіз!

Ұялы телефонымды өшіре сала үй кітапханама бет бұрдым. Қолыма  төрт дүркін Кеңес Одағының Батыры, Кеңес Одағының Маршалы, даңқты қолбасшы  Георгий Константинович Жуковтың «Воспоминания и размышления» (Москва, Издательства Агентства печати Новости (АПН), 1987) атты үш томдық мемуарын алдым. Сегізінші басылымның 3-томындағы 248-беттен қойылған сұраққа толымды жауап бірден табылды. Ешқандай күдік болмау үшін Г.К.Жуковтың сол мемуарының бетінен алынған цитатаны бұзбай-жармай орыс тілінде  жазылған күйінде беруді жөн деп таптым. Онда:

«29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения.

На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк (командир полковник В.Н.Борисов) и 1010-й полк (командир полковник М.Ф.Загородский) 266-й стрелковой дивизии.

Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крютченко, И.Ф.Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою…» деп тайға таңба басылғандай ап-айқын жазылған. Мұнда Берлиннің Рейхстагтан кейінгі бір жүрегі – Империя кеңсесі орналасқан ратушаға бірінші болып басып кірген лейтенант К.Мәденов жетекшілік еткен взвод екендігі және ержүрек командирмен бірге аса батылдық көрсеткен жауынгерлердің де аты-жөндері  нақты баян етілген емес пе?! Оған ешқандай дау айтуға болмас.

Москвадағы «Воениздат» баспасынан жарық көрген «Берлинге шабуыл» атты кітапқа Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы тегіннен-тегін кіргізілмегені бесенеден белгілі. Сондай-ақ, басқа-басқа емес, неміс жазушылары Клаус Похе мен Ганс Олигалардың өздері «Түн көрпесі түрілгенде» деген кітабында да Мәденов деген қазақтың нар ұлына ерекше мадақтау сөз айтқанын қалай жоққа шығаруға болады?! Ф.Е.Боковтың, П.С.Беланның, М.Мержановтың, М.Қозыбаевтың және тағы басқалардың өз кітаптары мен мақалаларында, очерктері мен эсселерінде Кенжебай Мәденовтің ерен ерліктерін мақтан етіп, баршаға әйгілеп,  мәңгілікке ұмытылмастай мұра етіп хаттап тастағандарын кім ұмытар?! Атыраулық белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Құмарғали Ғабдешев «Маршал мақтаған майдангер» деген тақырыппен  көлемді очерк жазып, «Атырау» газетінің 1995 жылғы ақпанның 23-індегі санында да, кітабында да сардар Кенжебай Мәденовтің өмірінің бел-белестері мен батылдығы, батырлығы хақында кең ауқымда өрнектеп, шынайы бейнесін сомдап шығарды. Одан да бұрын қазақтың майталман жазушысы Ғабдол Сланов «Тайсойған түлектері» атты очеркінде (Замана шежіресі. Алматы, «Қазақстан», 1970 ж; 156-176-беттер) батыр сардармен бетпе-бет кездесу арқылы мақтануға жоқ Кенжебай Мәденұлының көңіл көмбесінде тығулы жатқан небір құпияларын шым-шымдап сұрап біліп, ақтару арқылы оқырман үшін таңсық талай сырларды жайып салады. Екеуі де – Тайсойған өңірінде туған, бірін-бірі, тіпті арғы-бергі ататектерін жақсы білісетін жерлестер. Жазушы оның есімімен маршал Г.К.Жуковтың 1969 жылы жарық көрген алғашқы естелік кітабынан да бұрын Москваның «Воениздат» баспасынан шыққан «Берлинге шабуыл» кітабынан, неміс жазушыларының шығармаларынан оқып біліп, іздестірсе өзінің жерлесі, әуелден таныс Кенжебай Мәденов болып шығады. Ол жөнінде очеркте:

– «Анау бір-екі кітапта айтылатын Мәденов кім? Сен бе, басқа ма?

– Мен едім.

– Анық па?

– Анық.

– Осы күнге дейін ол жайыңды неге айтпай жүрсің?

– «Мен пәлен еттім, түген еттім» деп несіне мақтанайын…- деп тынды Кенжебай» деген  диалог бар.

Сәуір айының аяқталуына бір күн қалғанда взвод командирі Кенжебай Мәденұлы батальон командирі Н.В.Бобылевтан аса жауапты да күрделі тапсырма алады. Ол тапсырма – неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі бар күштерін сала қорғайтын жері, яғни Берлиннің басқару ордасы Ратушаға алғашқы болып шабуылды бастап, оған басып кіріп, жеңіс туын желбірету.

Небір қырғын шайқастарды бастан өткерген взвод командирлерінің әлгі қысқа да нұсқа нұсқауының, ілгері бастап, жеңіске жігерлендірген шақыруының салмағын қапысыз ұғынды олар. Кенжебайдың өзі болса қиян-кескі қанды ұрыстарда шыңдалған тәжірибелі, көргені көл-көсір сардар. 1943 жылы Красный Холм, Сахмар, Уфа әскери даярлық алаңдарында соғыс тәсілдерін үйрену мектебінен өтіп, 3-Украин майданында бөлімше командирі болып Днепр өзенінің оң жағалауын жаудан тазартуға қатысқан. Украинаны, Молдавияны, Польшаны, Румынияны неміс басқыншыларынан тазартуға атсалысқан. Арасында жаралы болып госпитальдың да дәмін татқан. Енді, міне, 1-Беларусь майданының құрамында «Берлинге шабуыл» операциясының бел ортасында жүр.

Ратушаға жету тіпті де оңай емес еді. Қолма-қол айқас. Шаппа-шап алыс. Атыс. Шабыс. Қым-қиғаш ұрыс. Шағын денелі Кенжебайдың өзі талайды тәйкесінен түсірді. Бетпе-бет келіп тірескенде алып денелі құзғынның да жанын жаһаннамға жіберді. Қарға адым жер үшін қанды қырғын. Бірінші, екінші, үшінші қабат… Бәрі кезекпе-кезек кеңес әскерлерінің қолдарына өтті. Ратушада жеңіс туы желбіреді. Оны алғашқы болып тіккен лейтенант Кенжебай Мәденов басқарған взвод, қазақтың қаһарман ұлы Кенжебай еді. Арғы аталары Құлмәлі, Өтеміс, Махамбеттердің ерлігін, өрлігін жалғаған, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы  ордендерімен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған, сегіз рет Жоғарғы Бас Қолбасшыдан алғыс алған ер. Қазақ домбырасын майдан даласында өзімен бірге ала жүріп Берлиннің төрінде шерткен, кейін өзі «Жеңіс күйін» жанынан шығарған майталман домбырашы. Соғыстан соң заңгерлік білім алып, мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. Бұл өшпестей етіліп жазылған, мәңгілікке хатталған тарих. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Даңқы жер жарған маршал Г.К.Жуковтың өз мемуарында қазақ сардары Кенжебай Мәденовтің ерлігін дәріптеген жерін белгілі журналист, драматург Берік Қорқытов орыс тілінен қазақшаға шағындап аударып, Кенжебайға қатысты мақаласына қосты. Оны Берік Ыбыраш-ұлының  «Атырау арыстары» деген атпен 2008 жылы «Ағатай» баспасынан жарық көрген екі кітабының соңғысының 127-бетінен табуға болады. Автор Кенжебай Мәденұлымен көзбе-көз сөйлескен қаламгерлердің тағы бірі. Алғашқы болып оны «Халық қаһарманы» деген жоғары атаққа лайық деп пікір білдірген де осы Берік Ыбырашұлы.

Орайы келіп жақында Кенжебай Мәденұлының үлкен ұлы Махамбетпен сөйлесіп, әңгімеге тарттым. Кісіні жатырқамай өзіне жақын тарта пікір тоғыстыратын азамат екен. Ол үйдегі келін көптен бері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өзіммен бірге қызмет істеп жүрген педагогика ғылымдарының докторы Шолпан Исағалиқызы Жанұзақова болып шықты. Кішіпейіл, ақжарқын, білімді ғалым, ұстаз. Кенжебай Мәденұлы жары Қазиза Уәлиева екеуі – жеті ұл-қыздың ата-анасы. Ұрпақ қанатын кеңге жайған. Ұлдары Махамбет, Исатай, Серік, қыздары Роза, Сәуле, Майра – бәрі де өмірден өз орындарын тапқандар. Немерелер, шөберелер, жиендер өсіп келеді. Тек Тарас қана бұл фәнимен ерте қоштасыпты. Махамбет Кенжебайұлынан әкесі туралы сұрастырғанымда:

– Белгілі журналист Жүсіп Хисымов республикалық «Айқын» газетінің 3-ші желтоқсандағы санында әкем жөнінде көлемді мақала жазды. Онда көкейге қонымды ұсыныс, пікір айтылды…- деген көңіл толқынысынан марқайып отырғанын аңғардым.

Ер есімі ешқашан ел жадынан шықпайды. Бәрінен бұрын аты аңызға айналған, бүгінде туғанына 90 жыл толған, маршал мақтаған батыр ұмытылар ма, сірә?!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз