МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ – ӘРҚАШАН ДА ҚҰРМЕТ

1945  жылдың   9-мамыры. Кеңес Одағының миллиондаған халқы үшін қасиетті де қастерлі күн. Өйткені, мамырдың осы күні төрт жылға созылған соғыс аяқталып, олардың көптен күткен армандары орындалды.  Гитлерлік Германия екінші дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілді. Жеңіс! Ұлы Жеңіс! Ол аға ұрпақтың өшпес ерлігі және қайсарлығымен келді.

Біздің әке-аталарымыз, ана-әжелеріміз Отанды қорғау үшін еш мүдірместен соғыс даласына аттанды. Ал, Ұлы Отан соғысы басталғанда олар әлі жиырмаға да толмаған еді. Әлемді фашизмнен құтқарып, Отанды жаудан азат ету үшін, енді аспанда қара бұлт төндірмеу үшін олар жастық шақтарын құрбан етті, Отан алдындағы жауапкершілікті жақсы сезініп, ерте есейді. Қолдарына қару алып, жауға қарсы аттанды. Жердің әр бөлігі үшін ажалмен бетпе-бет  кездесті. Олар сүрінді де, бірақ, кері бастарын көтере білді. Кейбірі жау қолында қаза тапса, кейбірі ес-түссіз жоғалды. Бірақ, олар алға қарай жүрді. Сөйтіп, Берлинге дейін жетті. Олар – Ұлы Отан соғысының батырлары. Олар – жеңімпаздар. Бұған олар 70 жыл бұрын қол жеткізді.

Ұлы майдангерлердің ерлігін есте сақтау, құрмет тұту – қазіргі ұрпақтың парызы. Өкінішке орай, сол сұрапыл соғыстың куәгерлері жыл санап азайып келеді. Бірақ, олардың қаһармандығы – ерліктің символына айналуы тиіс. Жеңіс күні қарсаңында балабақша, мектептерде, еңбек ұжымдарында көптеген кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай игі шараны «Норт Каспиан Оперейтинг»  Компани мекемесі де ұйымдастырып, соғыс ардагерлерін ерекше құрметке бөледі. Және бұл құрмет тек бір шарамен шектеліп қана қоймай, компания қызметкерлері Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бірнеше қамқорлық акцияларын ұйымдастырды.

НКОК компаниясы игі шаралар апталығын жасақтады. Жеңіс мерекесі қарсаңында сәуір айының 22-27 күндері аралығында аталған консорциум Атырау, Ақтау қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстарының Мақат пен Түпқараған аудандарында мерекелік қабылдаулар өткізді.

Атырау қаласындағы кеңседе өткен кездесу мағыналығымен, өнегелілігімен ерекшеленді. Бүгінгі күні тоқсанды алқымдаған сол зұлмат жылдардың куәгерлері мерекелік көңіл-күйлерін жасырмады. Дастархан басында олар ашық аспан, Отан туралы кеңінен әңгімеледі. Олардың әр сөзі – қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге.

НКОК компаниясының ішкі байланыс және мемлекеттік органдармен ара-қатынас жөніндегі менеджері Серік Идранов ардагерлерді Ұлы мерекемен құттықтай отырып, оның маңыздылығына ерекше тоқталды.

 – Бірнеше онжылдық бойына Жеңіс күні еліміздің тұрғындары үшін қасиетті мереке ретінде саналып келеді. Соғыс ардагерлерінің ерлігі – өлшеусіз. Өйткені, сіздер бізге жарқын өмір сыйладыңыздар. Болашағымызды қалыптастырып, еркін таңдау жасауға мүмкіндік бердіңіздер. Соңғы жылдары көрсетіп келген көмегіміз ел басына күн туған кезде сіздердің жасаған ерен ерлігіңізді еш өтей алмайды. Мұны жас ұрпақ үшін істеген істеріңізге алғыс ретінде қабыл алыңыздар, – деді ол.

Консорциумның басқарушы директоры Стефан де Майеның мемлекеттік тілде білдірген тілегі үшін де ардагерлер ерекше риза болып, үлкен қошемет білдірді

– Қош келдіңіздер, қымбатты ардагерлер! – деп құттықтау сөзін бастады Стефан де Майе мырза. – Екінші дүниежүзілік соғыстың мәні мен Ұлы Жеңіске сүбелі үлесін қосқан майдангерлердің ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл күн үлкен патриоттыққа толы және адамзат өміріндегі гуманистік идеалдың негізі болуда. Біз қымбатты ардагерлерге тағзым етеміз. Майдангерлердің өшпес ерлігі мен қайсарлығын, жеңісті жақындатуға қосқан зор үлестерін әрқашан есте сақтайтын боламыз, – деді ол.

Кейін ол қонақтармен бір әсерлі әңгімемен бөлісті. Сөйтсе, соғыс оның отбасын да айналып өтпеген екен. Стефан  де Майеның әкесі де соғысқа қатысқан. «Егер маған 30 жылдан соң сіздермен – Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгерлерімен кездесетінім туралы айтса, сенбес едім» – деп мойындады. Сондай-ақ, ол қазақ тілін үйрену үшін жұмыстанатынын жеткізді.

Қонақтар атынан сөз алған соғыс және еңбек ардагері Айдын Айбаров компания басшылығы мен ұжым мүшелеріне алғыс білдірді.

– Біз бұл кездесуді аға ұрпаққа құрмет ретінде бағалаймыз. Мұндай басқосулардың өскелең ұрпаққа берер пайдасы өте зор, – деді ардагер.

Аналық алғысын соғыс ардагері Анна Александровна Захарова да білдіріп, НКОК компаниясының кез келген, әсіресе, «Фронтовичка» ұлттық клубына қатысты мәселелерді шешу бағытында көрсетіп жатқан қолдауын жоғары бағалады.

Консорциум бұл кездесуді Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күнінен кейін ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Сайлауға компания қызметкерлері бірауыздан қатысып, өз таңдауларын жасады. Компания басшылығы «Қашаған» жұмысшылары өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, өздері таңдаған үміткеріне дауыс беруге барлық жағдай жасады. Осыған орай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов жиналған жұртшылықты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық таңдауына ие болып, Президенттікке тағы да сайлануымен құттықтады және тәуелсіз Қазақстанға алғашқы шетелдік инвестициялар еліміздің тұңғыш Президентіміздің бастамасымен келіп түскенін ерекше айтты.

Кездесу барысында Стефан де Майе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасына әрқайсысы 70 мың теңге көлеміндегі 54 өндірістік купондарды және медициналық қызмет көрсету үшін «Атырау» шипажайына 60 жолдама тарту етті.

Сонымен қатар, НКОК өкілдері Мақат және Доссор поселкелерінде болып, мерекеге орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сыйлықтар тарту етті. Олардың қатарында Харьковте жауға қарсы соғысқан Есбол Оңайбаев пен Украинаны азат етуге қатысып, қаза болған Мұхтар Ерғазиевтың жесірі де болды. Айта кетсек, Есбол Рысқалиұлы – Мақат ауданында қалған көзі тірі жалғыз соғыc ардагері.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, НКОК компаниясы Ақтау қаласында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды. Мұнда компания басшылығы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 45 өндірістік купондар мен жергілікті «Шағала» шипажайына 50 жолдама сыйға берді.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Солтүстік Каспий консорциумы ұйымдастырған салтанатты қабылдаулар мен мерекелік кездесулер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясында көрсетілетін ауқымды қамқорлық көмектің бірі екендігін айта кеткен жөн. Соңғы 16 жылда Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларға құйылған инвестиция көлемі 500 миллионға жуық долларды құрайды. Осы орайда  НКОК компаниясының негізгі міндетінің бірі – экономикалық тұрақтылық пен жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт салаларын дамытуға атсалысу және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмектесу болып табылады.

Нәсіп ШАЛАБАЕВА, Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз