ҚАМАЛ БҰЗҒАН ҚАЙСАР ЖІГІТТЕР

Сәндібек Қожиевты атыраулықтар жақсы біледі. Әсіресе, оны өзі отыз жылға жуық еңбек еткен ішкі істер органы ұмытпаған. Майдангердің ерлігін де жадында сақтаған. Соның бірі Карпат тауларының баурайында болғанды.

 

Сол ұрыста миномет взводының командирі лейтенант Қожиевқа жаудың атыс ұяларын құрту тапсырылады. Әйтпесе, кеңестік тұтас полктің шабуылға шығуы мүмкін емес-ті. Алдыңғы шепті қырағы шолып шыққан қазақ жігіті іске кіріседі. Взводтың асқан мергендік танытқаны соншалық, оқ боратып жатқан дұшпан нүктелері қысқа уақытта бәрі жойылады.

Енді сәл дем алса да болар еді. Кенет бұлардан отыз қадамдай жердегі тоғай арасынан немістер шыға келеді. Сонда қайсар қазақ жігіті «Алға!» деп команда беріп, қоластындағыларды қарсы шабуылға бастайды. Граната лақтырып, оқ боратып, өздеріне қарсы ұмтылған кеңес жауынгерлерін көргенде фашистер сасып қалады. Өздерінің көптігіне қарамастан тұра қашады. Міне, осы ерлігі үшін миномет взводының командирі С.Қожиев «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

Соғыс басталғанда Сәндібек Қожиев Мақат аудандық атқару комитетінде спорт және дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастырушы еді. Әскерге шақырылып, алдымен Гурьев және Уфа қалаларындағы әскери училищелерде білім алды. Кейін І және ІІ Украина, Воронеж майдандарының құрамында болды. Соңынан Шығыс-Сібір әскери округінде қызмет етті. Өйткені, батыстағы соғыс біткенімен, шығыстағы жапон милитаристерінің қаупі сейілмеген-ді.

Он тоғыз жасында майданға аттанған жасөспірім елге әбден шынығып, кеудесіне «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін, «Германияны жеңгені үшін», «Будапештті азат еткені үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», т.б. медальдарды тағып оралды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, бауырлары Әбженғали мен Мақтабай да аман келеді.

Жеңістен соң отыз жылға жуық ішкі істер органдарында қажырлы еңбек етті. Мұнда да бірнеше марапатқа ие болды. Жұбайы Рауфа Ахметқызымен Лариса, Дина және Гүлнара есімді үш қыз бен Руслан атты бір ұл тәрбиеледі. Майдангер туралы «Қазақ жерінің зиялы азаматтары», «Атырау облысы ішкі істер органдарының энциклопедиясы» кітаптарында жазылды. Бүгінде оның ұрпақтары әке есімін лайықты қастерлейді.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз